Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ АССАМБЛЕЯНЫҢ КЕЗЕКТІ СЕССИЯСЫН ӨТКІЗДІ

Уақыты: 28.04.2021
Оқылды: 820
Бөлім: САЯСАТ

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІХ сессиясы өтті. Бұл туралы "Жетісу" газеті Елбасының ресми сайтына сілтеме жасап хабарлады.

Сессияда сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев 30 жыл бұрын көпұлтты әрі көпконфессиялы Қазақстан халқы маңызды таңдау жасап, болашаққа бірлікпен, татулық және келісіммен бет бұрғанын атап өтті.

– Бұл бізге мемлекеттілігімізді құруға қолайлы жағдай жасап, Қазақстанның қазіргі келбетін қалыптастыруға қажетті мол ресурспен қамтамасыз етті. «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы» деп басталатын еліміздің Конституциясы оған негіз болды, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықтың тұрмысын жақсартудағы жетістіктерін айтты.

– Қазіргі нарықтық экономиканы жаңадан құрдық, іргелі реформалар табысты жүзеге асты. Соның арқасында Қазақстан әлемдегі дамыған 50 мемлекеттің және табыс деңгейі орташадан жоғары елдердің қатарына қосылды. Еліміз жаһандық ұлттар қоғамдастығының беделді әрі сенімді мүшесіне айналды – Көк Туымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде желбіреп тұр. Біз халықаралық аренада өзіміздің ұлттық мүдделеріміз бен басымдықтарымызды жүйелі түрде қорғап келеміз. Қазақстанның мемлекеттік шекарасы заң жүзінде бекітіліп, оны әлемнің барлық елдері мойындады, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Елбасы Қазақстанның ядролық қарусыздану және оны таратпау саласындағы көшбасшылығы әлемдік қоғамдастыққа адамгершіліктің жаңа стандартын әкелгенін атап өтті. Сонымен қатар, еліміз бастамашы болған Еуразия экономикалық одағы, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесі, Түркі кеңесі, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі сияқты интеграциялық жобаларға ерекше назар аударылды.

– Көпвекторлы саясаттың арқасында біз ынтымақтастық пен татулықты қамтамасыз етуге бет бұрған бейбітсүйгіш ұлт ретінде танылдық. Тәуелсіздік Қазақстан үшін әділдік орнаған айтулы кезеңге айналды. Өз тағдырын өз қолына алған қазақ халқы ұлттық рухы мен төл тарихын қайта түлетті. Біз Ұлы дала мәдени мұрасының баға жетпес қазынасын жандандырып, әлем жұртшылығына ұсындық. Ол барша адамзат игілігінің ажырамас бөлігіне айналды. Мұның бәрі тарихи мәні зор оқиға екені анық. Екі жылдан астам уақыт ішінде бой көтерген Түркістан қаласы еліміздің зор мүмкіндіктерінің тағы бір айғағы болды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті бүгінде Қазақстан жауапты жаңа кезеңге аяқ басқанын атап өтті. Бұл пандемия мен жаһандық экономикадағы дағдарыс құбылыстары күшейген, сондай-ақ әлемдік көшбасшы елдердің геосаяси бәсекеcі шиеленіскен кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. 

– Осы және басқа да қолайсыз жағдайлар мемлекетіміздің дамуына теріс әсерін тигізбей қоймайды. Бұл орайда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жан-жақты ойластырылған сындарлы саясат жүргізіп жатқанына сенімдімін. Мұны бәріміз қолдауға тиіспіз. Ол барлық қазақстандықтардың мүддесіне және ұлтымызды одан әрі дамыту мақсаттарына қызмет етеді, – деді Елбасы.

ДАМУ ЖОЛЫНДА

Еңселі елдің алтын бесігі Елорда төрінде Қазақстан халқы Ассамблеясы ХХІХ сессиясының өтуі қазақ еліндегі береке мен бірліктің тамыры тереңдей түскенін тағы бір көрсетті.

Сессия тақырыбы: «Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылы» деп аталуының өзінде үлкен мән жатыр. Себебі, көп ұлтты мемлекет ретінде дамудың даңғыл жолына түскен ел үшін бір атаның баласындай күн кешу негізгі міндеттің біріне айналды. «Бірлік бар жерде тірлік бар» демекші 30 жылда жеткен барлық жетістігіміз татулық пен келісімнің айнымас көрінісі.

Әсіресе, тілге қатысты Тұңғыш Президент, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқан сөзі көпшіктің көңілінде жүрген жайтты дөп басты. "Қазақ халқы полиэтникалық қоғамды шоғырландыратын интеграциялық процесстердің арқауын қалыптастырды. Бүкіл әлемде солай жасалады, тіл барлығын біріктіреді. Мәселен, америкалықтар мыңдаған халықтан құралған. Бірақ, оларды ағылшын тілі біріктіріп отыр, – деген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы елдегі этностардың мәдениетін, тілін дамыту үшін барлық жағдай қарастырылғанына назар аударды. – Соның аясында қазақстандықтар ортақ мақсатымыздың және ортақ ұмтылысымыздың төңірегіне топтасты. Әрқайсысы біздің бірлігімізді, өзара құрметімізді, отаншылдық пен жауапкершілігімізді нығайтуға үлес қосты".

Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Байқағанымыздай, қазір мемлекеттік тілге үлкен мән берілуде. Өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне, салт-дәстүріне деген қызығушылығы күн санап артып келеді. Яғни, бізді біріктіретіні – мемлекеттік тіл. Осындай маңызды жұмыстарды іске асыруда Қазақстан халқы Ассамблеясынның алатын орны ерекше. Қазақстан халқы Ассамблеясын құрудағы басты мақсаттың бірі – қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету болса, барлық ұлт өкілдерінің бірлігін нығайту. Осы мақсатта жұмыла жұмыс істеу – бәрімізге жүктелген асыл міндет.

Владимир МОЛОДЦОВ,

«Видергебурт»  Талдықорған немістер қоғамының төрағасы

 

ТІЛ БӘРІМІЗДІ БІРІКТІРЕДІ

Елбасының төрағалығымен «Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылы» тақырыбында  Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясы өтті.

Тәуелсіздіктің отыз жылдық мерекесімен тұспа-тұс өтіп отырған сессияның тарихи маңызы жоғары деп есептеймін. Отыз жыл деген көп уақыт емес. Дегенмен дәл осы жылдар ішінде еліміз үшін үлкен тарихи кезеңдер өтті. Оның барлығы Қазақстан Республикасының даму деңгейімен байланысты десем артық айтпағаным. Жүз отыз ұлттың өкілі бір шаңырақ астында бірлігі жарасып, қазақ елінің өркендеуіне үлес қосып келеді.

Бұл үрдіс әлі де жалғасын таба бермек. Олай дейтінім, бүгінгі өткен сессияда айтылған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «30 жыл бұрын көпұлтты, көпконфессиялы халқымыз еліміздегі бірлікке, бейбітшілік пен келісімге қарай жылжу үшін тағы бір іргелі таңдау жасады» деген сөзін береке мен бірліктің жоспары, даму стратегиясының формуласы деп атауға болады. Сонымен қатар «Қазақ халқы полиэтникалық қоғамды шоғырландыратын интеграциялық процесстердің арқауын қалыптастырды. Бүкіл әлемде солай жасалады, тіл барлығын біріктіреді», – деп атап өтті. Көп ұлттың басын қосқан тарихи жиында айтылған сөз барлығымыздың еңсемізді көтеріп, болашаққа деген сенімімізді нығайтты. Ашығын айтқанда, барлығымызды тіл біріктіреді. «Бұған қоса, біз еліміздегі этностардың мәдениетін, тілін дамыту үшін қажетті барлық жағдайды қамтамасыз еттік. Соның аясында қазақстандықтар ортақ мақсатымыздың және ортақ ұмтылысымыздың төңірегіне топтасты. Әрқайсысы біздің бірлігімізді, өзара құрметімізді, отаншылдық пен жауапкершілігімізді нығайтуға үлес қосты», – дегені саяси сананың жаңғыруы екені анық. Олай дейтініміз, Елбасының негізгі мақсаты – бір ғана тілді емес, көп ұлттың тілін, дінін, әдеп-ғұрпын, салт-дәстүрін сақтай отырып, бірлікке шақыру. Бұл мемлекеттің негізгі ұстанымы және Мәңгілік елдің жоспары.

Шахисмаил АСИЕВ,

«Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы

Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде алдағы уақытта мемлекеттік саясат пен ұлттық тұтастықтың берік арқауы болуға тиіс бес қағидатқа ерекше назар аударды. Ол: мемлекет пен халық арасындағы сенімге және өзара іс-әрекетке негізделген қазақстандық патриотизм қағидаты; азаматтардың құқықтарының теңдігі қағидаты; мемлекеттік тіл – қазақ тілінің біріктіруші рөлі қағидаты; мәдениеттер алуандығымен сабақтасатын «Алуан түрліліктің бірлігі» қағидаты; ұлттың үздіксіз жаңғыруы қағидаты.

– Ассамблея алдағы жұмыс стратегиясын айқындағанда осы қағидаттарды негізге алуы керек. Сондай-ақ қоғамдық дамудың пәрменді институты ретінде жаңа жағдайға орай ұйым қызметінің тиімділігін арттыру шараларын қабылдау қажет. Ассамблея институттары еліміздегі этносаралық келісімге нұқсан келтіруі ықтимал кез келген сын-қатерге тойтарыс беруге әрдайым әзір болуға тиіс, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Елбасы, сондай-ақ, барлық этноәлеуметтік топтардың біртұтас Қазақстан қоғамы болып жүйелі бірігуін жалғастыру қажеттігіне тоқталды.

– Осы жылдар ішінде мен әрдайым халықтың татулығын, бақуат әрі үйлесімді өмірін, еліміздің қауіпсіздігін, тұрақтылық пен тыныштықты басты орынға қойдым. Соғыс, діни және этносаралық қақтығыстар халқымыздың тыныш өміріне қауіп төндірмеуін, біздің байтақ Отанымыз бейбітшіліктің құтты мекені болғанын қаладым. Бүгінде сол арманым орындалды. Оған 1995 жылы менің бастамаммен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының да қосқан үлесі қомақты, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті халқымыздың бақуат өмір сүріп, еңбек етіп, болашағын құрып жатқаны татулық пен келісімнің арқасы екенін атап өтті.

– Ең бастысы – жеткен жетістіктерімізді көздің қарашығындай қорғай білуіміз керек. Баршамыз бүкіл қоғамның мүддесі жолында жұмыла білсек қана еліміздегі тұрақтылық пен бірлікті сақтап қаламыз. Біз Қазақстан қоғамының сыртқы күштердің әсерінен шайқалуына жол бермеуіміз керек, – деді Елбасы.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблеяның барша мүшелеріне ұйымның елді дамыту бағытына ұдайы қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.

– «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» конституциялық заңға және «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңға сәйкес менің Қазақстан халқы Ассамблеясын өмір бойы басқаруға құқығым бар екенін білесіздер. Бұл ретте Ассамблеяны басқарудың бірқатар өкілеттіктері ел Президентінің құзырында. Қазақстан халқы Ассамблеясы Мемлекет басшысының маңына топтасып, оған тірек болуы керек. Сондықтан, мен Қазақстан халқы Ассамблеясын басқару құқығын Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа беруді ұйғардым. Бұл шешім Ассамблеяның мүддесіне сай келіп, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа барлық жұмысты, сондай-ақ, халқымыздың, қоғамымыз бен мемлекетіміздің болашағына қатысты барлық жоспарларды жүйелі құруға көмектеседі деп кәміл сенемін, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Өз кезегінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевқа «Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрметті Төрағасы» мәртебесін беруді ұсынды.

– Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Ассамблеяның Құрметті Төрағасы болу жөніндегі біздің ортақ ұсынысымызды қабыл алуыңызды сұраймыз. Бұл мәртебе халқымыз бен мемлекетіміздің алдындағы тарихи еңбегіңіз үшін сізге лайық. Ассамблеяның барлық мүшелері бұл ұсынысты қолдайтынына сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.

***

Онлайн режимде өткен сессия жұмысынан кейін өз саласы бойынша жетістіктерге жетіп, елдің даңқын шығарып жүргендер, тағдырдың қиын сынынан тұрып, биікті бағындырған жігерлі, дарынды азаматтар, кәсікерлер, спорт саңлақтары, дәрігерлер сөз алып, егемен елді еркіндік бесігінде табиғат тербетсе, оны биік белестерге шығарған Елбасына деген жүрекжарды лебіздерін жеткізді.

Өз кезігінде Алматы облысы атынан сөз алған «Барбанг» күрдтер қауымдастығының төрағасы Аладин Мұстафаев:

– Құрметті сессия қатысушылары, біз, қазақстандық күрдтер туған еліміздің Тәуелсіздік мерейтойын ерекше сезіммен қарсы аламыз! Менің атам өткен ғасырдың 40-жылдары Қазақстанға жер аударылған шақта қамқорлық танытқан қазақ отбасының құрметіне қызының есімін Қаймаш атапты. Ол – менің анам. Ол бізге әрдайым мейірімділікті, қазақ халқына ризашылық білдіруді және оны ұрпақтан-ұрпаққа өсиет етуді аманаттаған. Менің отаным біреу, ол – Қазақстан! – деп тебірене толғанды.

Айта кетерлігі, онлайн режимде өрбіген сессиядан кейін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жиын өткізді. Ол 100-ден астам этнос өкілі бір атаның балаларындай тату тірлік кешкен аймақтың ахуалына тоқталып, бірлігі бекем облыстың жетістікерін атап өтті.

Өз кезегінде Алматы облыстық ҚХА жанындағы жетекші журналистер клубының төрағасы Атсалим Идигов, «Жаңғыру жолы» өңірлік жастар қозғалысы штабының төрайымы Руфина Усанова, Еңбекшіқазақ аудандық күрд этномәдени бірлестігінің төрағасы Надо Надыров сөз алып, тамыры мен тарихы бір қазақстандықтарды ел тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтады.

Жиын соңында аймақ басшысы этномәдени бірлестіктердің төрағаларын, мүшелерін, белсенділерін Құрмет грамотасы және Алғыс хаттармен марапаттады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"