ПРЕЗИДЕНТ ЖҮЗГЕ ТОЛҒАН ЖУРНАЛИСТ АПАҒА АЛҒЫС ХАТ ЖОЛДАДЫ

Уақыты: 26.07.2021
Оқылды: 1597
Бөлім: САЯСАТ

Алматы қаласындағы Достық үйінде ардагер журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Ханымбүбі Ақжолованың 100 жасқа толуына байланысты өзгеше салтанат ұйымдастырылды. Жиын беташарында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың мерейтой иесіне Алғыс хатын Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева табыстады.

«Сіз ғибратты ғұмыр жолыңыздың бүгінгі бір ғасырлық белесіне үлкенге де, жасқа да үлгі болатын адами биік болмысыңызбен жетіп отырсыз. Отандық баспасөз саласында көп жыл қажырлы қызмет етіп, еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарын дамытуға орасан зор еңбек сіңірдіңіз. Ел игілігі үшін атқарған жемісті жұмысыңыз үшін Сізге алғысымды білдіріп, 100 жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Деніңізге саулық, әулетіңізге амандық тілеймін», – делінген Алғыс хатта. 

Баспасөз ардагеріне ақ тілегін ақтарған Аида Ғалымқызы өз сөзінде: «Сіз бүкіл саналы ғұмырыңызды қазақ журналистикасының дамуына арнадыңыз. Сондықтан өзіңіздің төл салаңыз – баспасөз заманымен бірге өсіп-өркендеп, өз орнын жоғалтпай келеді. Мұның өзі, ең алдымен, өзіңіздей ардагер журналистер салған сара жолдың жемісті жалғасы екені даусыз. Сондықтан бүгінгі мерейтойыңыз әулетіңіздің ғана емес, біздің ұлттық журналистиканың да ортақ қуанышы», – ­деп атап өтті. 

Мемлекет басшысының 100 жасты еңсерген анаға деген құрметіне ризашылығын білдірген Х. Ақжолова сол күні тұсауы кесілген «Бір ғасыр биігінде» атты жаңа кітабының бір данасын Президентке жолдады. 

Ханымбүбі апамыз жер­ұйық Жетісу жеріндегі Жамбыл ауданының Үмбетәлі ауылында дүниеге келген. Жалынды жастығы соғыс жылдарына тап келіп, ерен еңбегімен Жеңісті жақындатуға да өзіндік үлесін қосады.  1944 жылы ҚазМУ-дің филология факультетінің журналистика бөліміне оқуға түсіп, оны бітірген соң сол кездегі «Социалистік Қазақстан» газетінде журналистік еңбек жолын бастайды. Арада көп уақыт өтпей отбасы жағдайына байланысты туған жеріне оралып, Жамбыл аудандық «Большевиктік жол» (кейін «Екпінді еңбек») газетіне редактор қызметіне тағайындалады. Осы басылымда ұзақ жылдар жемісті еңбек етіп, құрметті еңбек демалысына шықты.

Жан толқытарлық шарада облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов Ханымбүбі апамызға «Алматы облысының Құрметті азаматы» атағы берілгендігін жариялап, халқымыздың дәстүрімен ат мінгізді. Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев пен Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас та игі дәстүрді жаңғыртып, осындай сыйлық жасады. Жамбыл аудандық кәсіподағының төрағасы Әскербек Абаевтың жүз жасаған журналиске деген ақ тілегі де көпшілік көңілінен шықты.

Мерейтой иесін ақын Олжас Сүлейменов құттықтап, «Семей – Невада» қозғалысының 30 жылдығына орай шығарылған мерекелік медалін тапсырды.

Белгілі жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Нағашыбек Қапалбекұлы ұйтқы болған игі шара барысында ардагер журналистің шәкірттері сөз алып, журналистиканың әліппесін үйреткен тәлімгер апайларына деген ризашылықтарын білдірді.

Анасының ғасыр жасына толуымен құттықтап келген қонақтарға журналистің қызы, биология ғылымдарының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Светлана Айткелдиева шын көңілден шыққан алғысын айтты.

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ