ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ: ҚАЗАҚСТАНДЫ ДАМЫТУДЫҢ ЖАҢА БАҒЫТЫ БЕЛГІЛЕНДІ

Уақыты: 13.10.2022
Оқылды: 3024
Бөлім: САЯСАТ

Биылғы жыл еліміз үшін айтулы оқиғаларға толы болды. Жыл басындағы қаралы күндерден кейін Қазақстан жаңа бағытқа бет бұрды. Әр қиындықтың артынан жеңілдік ілесе жүретінін ескерсек, жылдың соңы табысқа, түсімге толы болары анық.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы ұсынысы уақыт тамырын дөп басып, еліміздің саяси өміріне қан  жүгірткендей. Сол арқылы өзін саясатта сынап көргісі келетін жандар өз кандидатураларын ұсынып, күллі әлемнің назарын Қазақстанға бұрып отыр. Жалпы, әлемдік аренада өзіндік сара жолы қалыптасқан еліміз үшін кезектен тыс сайлау өткізу жат емес. Бұған дейін 1991, 1999, 2005, 2015 және 2019 жылдары алты рет өткен жалпыхалықтық Президент сайлауының басым бөлігі кезектен тыс өткені белгілі.

Биыл 1 қыркүйекте жариялаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мен биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынамын. Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет. Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын», – деп мәселенің мәнісін ұғындырды. Оның сырын әркім әрқалай түсінгені тағы шындық.

Расында «Қаралы қаңтардан» кейінгі жаңа дәуірге қадам басқан еліміз үшін биылғы Президент сайлауы серпілудің, сергудің бір тетігіндей әсер етері анық. Себебі, саяси өмірдің жанды ауыртар кейбір қадамдарын өзінше болжап, басқаша ұғынатын халқымыз саясаттағы белсенділіктің қажеттілігін сезінуде. Оған Мемлекет басшысы ұсынған Президент мандатын 7 жылдық бір мерзіммен шектеудің ықпал еткенін мойындауымыз керек. Яғни, кім болса да бір мерзімнен артық сайланбауы тиіс екенін түсінген жұрт бірауыздан қолдау білдіріп, Конституцияға енгізілер өзгерістің маңыздылығын терең түйсінді.

Президент сайлауы 20 қараша күні өтетін болып бекітілді. Үміткерлер өз кандидатурасын ұсынып жатыр. Қазірдің өзінде 12 адам алдағы Президент сайлауына түсетінін мәлімдеп, Орталық сайлау комиссиясының іріктеуінен өтуде. Олардың бірі еліміздегі партиялардың атынан түсіп жатса, енді бірі жеке мандатпен өз кандидатурасын ұсынуда. Қалай болғанда да биылғы қарашада әлем жұртшылығының назары елімізге ауып, тілеулестер мен қарау ниеттілерді анықтауға септігін тигізеді.

Қазіргідей геосаяси ұстанымдар ұшқындап, үшінші дүниежүзілік соғыстың өрті тұтануы ықтимал тұста Қазақстанның  жаңа сайлауға дайындалуы мемлекеттің өз жолының қалыптаса бастағанынан хабар берсе керек. Бәле-жаладан, дау-дамайдан, бүліншіліктен сақтауын тілей отырып, кең-байтақ жеріміздегі тыныштық, тұрақтылық, бейбітшілік, береке-бірлік баянды болуын жақтаймыз. Төтеден келген тоқырауға жауап таппай абдыраудан сақтасын!

Мәди ӘСЕТҰЛЫ

Жетісу облысы