Бейбіт Исабаев: "Кәсіби түрде тексеру жүргізуді тапсырдым"

Уақыты: 13.06.2023
Оқылды: 1904
Бөлім: САЯСАТ

Бүгінде Жетісу облысы әкімі Бейбіт Исабаевтың алдынан шығатын екі сұрақ болса, соның бірі  – Талдықорғандағы білім бөлімі төңірегіндегі "былыққа" тіреліп тоқтайтыны рас. Тіпті, Орталық  коммуникациялар қызметі өткізген брифинг те бұл тақырыптан айналып өте алмады. 

Дәлірек айтқанда, бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілініп, «Бухгалтерлер ісі» аталып кеткен қалалық білім бөлімі басшыларының ісі журналистердің сауалына тағы айналды. 

Өз кезегінде Бейбіт Исабаев бұл істің тамыры тереңде болғанын, ерте білсе де оны анықтау үшін құқық қорғау органдарына арнайы тапсырма бергенін жеткізді. 

"Шынымды айтсам, мен қалалық білім беру саласындағы жемқорлық қылмысымен байланысты әрекеттердің бар екені туралы ақпаратты былтыр желтоқсанның соңына дейін естідім. Мен құқық қорғау органдарына оларға қатысты күдіктің бар екенін білдірмей, кәсіби түрде тексеру жүргізуді тапсырдым. Нәтижесінде осындай қылмыстарға байланысы бар ірі топ анықталды. Сот шешімі шыққанға дейін бұл адамдарды қалай атау керектігін білмеймін. Бірақ олар заңды бұзды, 2 млрд теңге шығын келді. Басшы, бас бухгалтер, бас экономист және Талдықорған қаласындағы 6 мектептің бухгалтері ұсталды. Олардың барлығы кінәсін мойындап жатыр», - деді облыс әкімі. 

Бұдан бөлек, аталған мәселеге орай салаға жауапты адамдарды қызметінен неге босатпай отырғанын сұраған журналистке бұл "шулы" мәселенің өзі өңірге басшы болып келерден 4-5 жыл бұрын болған дүние екенін ескертті. 

 

«Біріншіден, Рүстем Әлидің жұмысқа келгенінен 1 жыл да толған жоқ. Білім саласындағы қылмыстарды біз тексеріп, зерттеп келсек кемінде 4-5 жыл бұрын басталған. Қазіргі тергеу амалдарының құпиялығына байланысты айтуға хақым жоқ, бірақ бәрін білемін. Дегенмен, 4-5 жыл бұрын жан басына шаққандағы қаржыландыру басталғаннан бері​ осындай қылмыстық топ ұйымдаса бастаған. Екіншіден, менің орынбасарым әлеуметтік салаға, оның ішінде білім-ғылым саласын басқарады. Сол салаға жауапты куратор. Бұл – Талдықорған қаласында болған оқиға. Егер тергеу амалдарының нәтижесінде менің орынбасарымның ғана емес, Талдықорған қаласы әкімінің оқу-білім саласы бойынша орынбасарының, болмаса тағы басқа облыстық басқарма басшысының және оның орынбасарларының қатыстылығы тікелей немесе жанама дәлелденсе, бұл мәселені заң шеңберінде қараймыз. Дәл қазір қызметінен алып тастауға қатысты нақты дәлел көріп тұрған жоқпын. Сондықтан 8-9 ай жұмысына жаңадан кіріскен облыс әкімінің орынбасарын қолымда айғақтарым болмай, жұмыстан шығару туралы шешім қабылдауға әлі ерте. Бірақ айғақ шығуы мүмкін. Бұл жерде қалалық білім басқармасының есепшісі, болмаса мектеп есепшісі емес оның ар жағында басқа да адамдардың фамилиялары аталуы мүмкін», – деді әкім.

 

Қозыбай ҚҰРМАН

Фото: Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.