РЕФЕРЕНДУМ: "AMANAT" ПАРТИЯСЫНЫҢ ОБЛЫСТАҒЫ ЖЕТЕКШІСІ ҮНДЕУ ТАСТАДЫ

Уақыты: 20.05.2022
Оқылды: 1512
Бөлім: МІНБЕР

2022 жылдың 5 маусымы - жалпыхалықтық референдум күні. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға түзетулер енгізу бойынша республикалық референдум өткізуді ұсынды. Референдум  қоғам арасында қызу талқыланып, қолдау тауып отыр. Бұл Конституцияны бүкілхалықтық дауыс беру арқылы өзгерту – халықтың еркін білдіруінің айқын көрінісі.

Соңғы Жолдауда Президенттің саяси реформаларды жариялап, билік институттары арасындағы конституциялық құрылымды жетілдіруге мүдделі екенін танытты. Референдумның мақсаты – саяси, құқықтық жүйемізді жетілдіру, конституциялық реформа жасау. Конституциялық реформа ел дамуының жаңа кезеңі басталғанын көрсетеді. Конституциядағы 98 баптың 33-і өзгертілмек. Алдағы уақытта орын алар өзгерістер аз емес. Соның бірі – Парламент палаталарының рөлі күшейіп, мәртебесі артады.

Мәжілісті қалыптастырудың аралас моделі енеді, Парламенттің бақылау функциялары кеңейеді, заңнамалық рәсімдер оңтайланады. Яғни, азаматтардың мүддесін қорғау механизмі күшейеді. Конституцияның жаңарған нұсқасында Мемлекет басшысының жақын туыстарына саяси лауазым иеленуге және квазимемлекеттік секторда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынады. Сондай-ақ, құқық қорғау саласы бойынша маңызды өзгерістер енгізілетін болады.

Атап айтсақ, конституциялық сот құрылады. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, яғни, омбудсменнің мәртебесі Ата Заңмен айқындалады. Мұның бәрі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін жасалып жатыр.

Құрметті қазақстандықтар, қадірлі жерлестер! Осынша өзгеріс елде демократиялық процестерді жетілдіріп, «биліктің бірден-бір қайнар көзі – халық» деген принцип жүзеге асады. Яғни, қоғам өз өкілдері арқылы маңызды шешімдерге араласады. Егер референдумда дауыс берушілер аталған өзгерістерді қолдаса, онда біз Президент айтқан Жаңа Қазақстанды, Әділетті Қазақстанды құруға мүмкіндік аламыз. Бұл ел дамуы үшін маңызды қадам. Осындай тарихи өзгеріс жасауға әр қазақстандықтың қатысуы маңызды.

Алдағы референдум жекелеген топтарды күшейтуді емес, мемлекетімізді жетілдіру, жаңғырту және нығайтуды көздейді. Сондықтан баршаңызды 5 маусым күні дауыс беруге шақырамын!

Әділетті, Жаңа Қазақстанның іргетасын бірге қалайық!

Гүлнар ТОЙЛЫБАЕВА,

«AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы, депутаттық фракция жетекшісі,

Алматы облыстық мәслихат депутаты