ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫНДА БЕЛСЕНДІЛІК ТАНЫТҚАНДАР МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 09.12.2022
Оқылды: 3106
Бөлім: МІНБЕР

Қонаев қаласындағы Мәдениет үйінде кезектен тыс Президент сайлауына белсене қатысқан облыстық қоғамдық штаб мүшелері, депутаттар марапатталды.

Шарада сөз алған «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының атқарушы хатшысы, облыстық қоғамдық штаб төрағасы Қуат Байғожаев штаб жұмысын қорытындылады.

- Көптеген азаматтар үлкен саяси доданың басы-қасында жүріп, оның ойдағыдай ұйымдастырылып, өтуіне атсалысты. Оған осы облыстық қоғамдық штаб ұйытқы болды. Бұл штабтың ерекшелігі, Парламент Мәжілісіндегі 3 партия, 20-дан астам қоғамдық ірі ұйымның басын біріктірді. Ол арқылы мемлекеттің мүддесі үшін нәтижелі жұмыс атқара алатынымызды көрсеттік. Бұл – Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы алғашқы бастама. Алдымызда тағы үлкен саяси науқан келе жатыр. Ол – Парламент сайлауы. Бұл сайлауда әр партия өз үміткері үшін қызмет етеді. Бірақ басты мақсатымыз – елдің бірлігі мен ынтымағы, мемлекетіміздің жарқын болашағы. «AMANAT» партиясы аманатқа қиянат жасамай, алдағы сайлауда да нәтижелі жұмыс істейді деп сенемін, – деді.

«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын және мақсат-міндеттерін жүзеге асыруға қосқан үлесі үшін Алматы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Манасбаева «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталды. ҚР Президентінің Алғыс хатына бірқатар азаматтар қол жеткізді. Бұл қатарда облыстық қоғамдық штаб төрағасының орынбасары Ерболат Тұрымбетов, Алматы облыстық мәслихатының депутаты Елдос Үшкемпіров, Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел бар. Үш адамды өрттен арашалап қалған Шеңгелді ауылының әкімі Мақсат Жазиев та Алғыс хатпен марапатталып, көпшіліктің ықыласына бөленді.

Алма ЕСЕНБАЙ

Қонаев қаласы,

Алматы облысы