ЖЕТІМДЕРГЕ ҚАМҚОРЛЫҚ ЖАЙЫ ҚАРАЛДЫ

Уақыты: 14.11.2018
Оқылды: 1387
Бөлім: МІНБЕР

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Қоғамдық кеңес отырысы өтіп, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Жиынды ашып, жүргізіп отырған Қоғамдық кеңестің төрағасы Серік МҰҚАНОВ баяндама жасаушыларды мінберге шақырды.

Алғашқы болып облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Жаңыл Сүлейменова жетім балалардың тұрғын үймен қамтамасыз етілуі заңмен бекітілгенін атап өтті.
– Бүгінгі күні облыс аумағында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың жалпы саны 2912. Оның ішінде қорғаншылық және қамқоршылықта – 2385 бала, патронаттық тәрбиеде – 81 бала, отбасы үлгісіндегі балалар үйлерінде – 45 бала, қабылдаушы отбасында – 9 бала. Сонымен қатар, 392 бала білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау саласындағы интернаттық мекемелерде тәрбиеленуде. Облыс аумағында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша тұрғын үй алу кезегінде 6 544 адам тұрады, оның 2912-сі кәмелетке толмаған балалар. Бұл балалардың 263-інде ғана баспанасы бар болса, 53 балада меншік құқығы, 210 балада дербестік меншік құқығы бар. Ал тұрғын үйге мұқтаждар саны – 2822. Оның 2749-і тұрғын үйге мұқтаждар есебіне баспана алу кезегіне қойылса, 73 балаға қатысты құжаттар жинақталуда, – деген баяндамашы баспанаға мұқтаж жеткіншектерді баспанамен қамту жыл сайын жүргізілетінін, соған сай жұмыстар тұрақты жүріп тұратынын жеткізді. Оның айтуынша, облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен 2015 жылдан бастап облыс көлемінде «Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау жөніндегі 2015–2017 жылдарға арналған Кешенді жоспар» бекітілген. Осы жоспар аясында соңғы үш жылда аталған санаттағы балаларға 308 пәтер берілсе, биылғы 9 айдың ішінде 26 пәтерге жетім балалар қоныстанған. Одан бөлек, аудандарда осы бағыттар бойынша жұмыс жүргізіліп отыр. Былтыр жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың өмір сүру сапасын жақсарту және оларды баспанамен қамту мақсатында облыста «Мейірім» қайырымдылық акциясы басталған. Соған орай балалар үйлерінің 17 тәрбиеленушісіне жеке есепшот ашылып отыр. Яғни, жетімдерге мемлекет тарапынан нақты көмектер мен қолдаулар көрсетілуде. Одан бөлек, 2016 жылы Талдықорған қаласында жетім балалардың әлеуметтік бейімделуіне көмек көрсету мақсатында 36 балаға арналған «Жасөспірімдер үйі» ашылған. Онда 27 азамат тұрады. Олардың төртеуі ғана 23 жасқа дейінгі балалар үйінің түлектері. Қалғаны заң бойынша рұқсат етілген жастан өтіп кеткен. Өйткені, өз басында баспанасы болмағандықтан «Жасөспірімдер үйін» мекендеуге мұқтаж. Дегенмен, коммуналдық шығынның өзін төлемейтін жастар өз бетінше өмір сүру қажеттігін тіптен ескермейді. Соның кесірінен мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау мен көмекке иек артып алған жетім балалар масылдың күйіне түскен.
Осыған орай «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Қоғамдық кеңес мүшелері өз ойларын айтып, мәселенің өзектілігін талқылады. Осыған орай сөз алған кеңес мүшесі, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, тағдырдың тауқыметін тартқан жастардың өмірге бейімделуін қамтамасыз ету керектігін алға тартты. Ол үшін қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, қала тұрғындары белсенділігін арттырып, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосуы керек. Айтылған пікірдің өзектілігін қолдаған кеңес мүшелері осы бағыттағы жұмыстарды күшейту керектігіне тоқталды. 
Одан соң «Айналайын» балалар үйінің директоры Жадыра Сейсенбаева мен Алматы облысының энергетика жә-     не тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Айдар Беркімбаев баяндама жасап, жетім балаларды баспанамен қамтамасыз ету жұмысының қарқынды жүріп жатқанын нақты мәліметтермен дәлелді.
Жиын соңында Қоғамдық кеңес мүшелері жетім, ата-аналар қамқорлығынсыз қалған балаларға мемлекет тарапынан қолдауды алдағы уақытта нақты іс-шаралармен жалғастыруды ұсынып, арнайы Қаулы қабылдады.

 

Мәди АЛЖАНБАЙ