ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ ЖОЛЫН КЕСУ ҮШІН ЕКІ МЕКЕМЕ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ

Уақыты: 02.05.2021
Оқылды: 1467
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облыстық мәслихатының ұйытқы болуымен алқалы жиын өтті. Басқосудың негізгі мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оны болдырмау. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Талқыланған тақырып – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша ынтымақтастық пен өзара әрекет ету туралы облыстық мәслихат пен Алматы облысы бойынша тексеру комиссиясы арасындағы меморандумға және оның жүзеге асырылуын көздейтін іс-шаралар жоспарына қол қою рәсімі өтті. Шараға облыстық мәслихаттың хатшысы Ж.Жөргенбаев пен облыстық тексеру комиссиясының төрағасы М.Мұсаев және аталған екі мекеменің аппарат басшылары Е.Құрманбаев пен А.Жаншабай қатысты.

Екіжақты әңгімеде бірқатар мәселе көтеріліп, сыбайластықтың жолын кесу жайлы әңгіме қозғалды. Ортақ пікір, келелі ойды ортаға салып, толғақты шешім шығарған жауапты тұлғалар құжатқа қол қойып, жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге уағдаласты.

Аталған құжатта көрсетілген бес бап бойынша екі тарап жүйелі жұмыс атқаратын болады. Аталған құжаттар облыстық мәслихаттың 2021 жылғы 20 сәуірдегі «Алматы облысы бойынша тексеру комиссиясының жұмысы туралы» №4- 27 шешіміне сәйкес әзірленді. Аталған құжат халық қалаулыларының қатысуымен өңір бойынша тексеру комиссиясының аудиторлары тарапынан ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Заңнамасымен қаралған заңбұзушылықтардың алдын алу жұмыстарының жүргізілуін көздейді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды