ҚАУІП-ҚАТЕРГЕ БАС ТІККЕН ПОЛИЦЕЙЛЕР МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 23.06.2021
Оқылды: 1099
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев адамдарды өрт кезінде құтқарғаны үшін жетісулық полицейлерге «Ерлігі үшін» медалін тапсырды.

Қасым-Жомарт Кемелұлы халқымыздың батырлық дәстүрлерін бейнелейтін шараның Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында атап өтіліп отырғанын еске салып, әскери қызметшілер мен құқыққорғау органдарының қызметкерлеріне адал қызметі үшін алғысын білдірді. Рәсім барысында ол Талдықорған қалалық ПБ патрульдік полиция ротасының инспекторлары, полиция аға лейтенанты Фархад Тұрдиев пен полиция лейтенанты Дәурен Нәрікбаевқа «Ерлігі үшін» медалін табыс етті.

2020 жылдың 16 қарашасында қызмет атқару барысында полицейлер Талдықорған қаласының «Болашақ» шағынауданындағы көпқабатты үйлердің бірінде шыққан өртті байқаған. Қалың түтінге қарамастан қызметкерлер подъезден барлық тұрғындарды, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі балалар мен қарт адамдарды дереу эвакуациялады. Уақытында келген өрт сөндірушілер өртті сөндірді, содан кейін тұрғындар пәтерлеріне оралды. Полицейлер іс жүзінде қауіп-қатерге бас тігіп, қызметтік борыштарын адал атқара білді.

– Үйдің бесінші қабатындағы кабельдер өртеніп жатқандықтан кіреберісті түтін басып кетті. Бірден тұрғындардың есіктерін қағып, дереу далаға шығуларын өтіндік. Пәтерлердің бірінен жүре алмайтын, мүмкіндігі шектеулі қария мен балаларды көтеріп, аулаға шығардық. Өрт сөндіру, «Жедел жәрдем» көліктері дер кезінде келіп, қызметтерін көрсетті, – деген Талдықорған қаласының полиция басқармасы патрульдік полиция ротасының инспекторы Дәурен Нәрікбаев бұдан кейін де халыққа адал қызмет ете беретінін айтты.

Мәулен Даниярұлы