МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР ДАЯРЛАУ ЖҮЙЕСІ

Уақыты: 24.06.2021
Оқылды: 924
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығындағы маңызды жетістіктің бірі – мемлекеттік қызметшілер даярлау жүйесінің құрылуы. 1994 жылы ҚР Президентінің жанынан ұлттық жоғары мемлекеттік басқару мектебі ашылып, саяси кадрларды даярлаудың ұлттық моделін қалыптастыруға негіз қаланды.


Мемлекеттік қызмет институты күрделі реформалау жолынан кезең-кезеңімен өтіп келеді. Мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа трендтері арасында бірқатар өзекті бағыттарды атап өтуге болады. Бұл, ең алдымен, меритократия қағидаттарына сәйкес мемлекеттік қызметке үздік және талантты адамдарды алу үрдістерін күшейту. АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Сингапур сынды дамыған елдердің мемлекеттік қызмет жүйесінде кеңінен қолданылғанын зерделей келе бұл әдіс біздің елде де енгізілді.

Мемлекеттік басқарудың тың технологиясы қатарында краудсорсинг феноменімен тығыз байланысты – әртүрлі деңгейде шешім қабылдауға азаматтарды кеңінен тарту әдісі қарастырылды. Ол басқарушылық шешімді қабылдауға миллиондаған азаматтың интеллектуалдық қабілеті мен білімін қосуға негізделеді. Соған сай кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру үдерісі үздіксіз жалғасып, мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету, мөлдірлігін арттыру көзделген.

Мемлекеттік қызмет жүйесі жұмыс істей бастаған кезден бастап елімізде мемлекеттік қызметшілердің этикасы мәселесі күн тәртібінде көп қаралды. Себебі, әдептілік мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттарының бірі. Сондай қағидаттар жиынтығы мемлекеттік қызметшінің біртұтас бейнесін қалыптастырады. Сондықтан жоғары кәсібилікке қол жеткізу үшін мемлекеттік қызметте іскерлік этикет пен ресми мінез-құлық ережелерін қатаң сақтау қажет. Әрбір мемлекеттік қызметші дәрежесіне қарамастан бұл ережелерді білуге міндетті.

Мемлекеттік қызметші өз іс-әрекеттерімен және мінез-құлқымен қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болмауы, сондай-ақ адал, әділ, қарапайымдылықты ұстануы, жалпы моральдық-әдептілік нормаларын сақтауы, азаматтармен және әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік танытуы тиіс. Әдеп кодексі бойынша мемлекеттік қызметшінің келбеті міндетті орындау кезінде мемлекеттік аппараттың беделін нығайтуға ықпал етіп, іскерлікпен, ұстамдылықпен және ұқыптылықпен ерекшеленетін іскерлік талаптарына сай болуы керек.

Әдеп жөніндегі уәкілдер осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Мемлекеттік қызметшілердің этикалық мінез-құлық нормаларын қамтитын оқыту семинарлары, кездесулер, құқықтық жалпы оқытулар және дәрістер белгіленген кесте бойынша жүргізіледі.

Қызметтік әдеп нормаларының сақталуы және ұжымдағы моральдық- психологиялық ахуалдың жай-күйін мониторингтеу мақсатында анонимді сауалнама тұрақты түрде жүргізіледі. Сауалнама нәтижесі ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалдың негізгі көрсеткіші саналады. Төмен бағалаудың себептері анықталғаннан кейін кемшілікті жоюға арналған шара қабылданады. Ұжым басшысы мен бағынышты қызметкерлер арасында ашықтық пен әдептілік, сондай-ақ әділеттілік, риясыздық және бейтараптық қағидаттарын енгізе отырып, жұмысты одан әрі жақсарту қажеттігі бойынша ұсыныс енгізіледі. Осылайша, мемлекеттік қызметшінің моральдық-этикалық келбетіне жоғары талап қойылады. Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру екені белгілі. Әрбір мемлекеттік қызметші қызмет көрсетудің ең жоғары стандартына сәйкес келуі, кәсіби түрде қызмет көрсетуі, әрбір қызметті алушының көңілінен шығатын тәсілді қолдануы тиіс. Өйткені іскерлік этикет қағидасын сақтау мемлекеттік институттарға деген сенім деңгейін арттыруға ықпал етеді.

Қоғам «мемлекеттік қызметші алған білімі мен жинаған тәжірибесін, күш-жігерін атқаратын кәсіби қызметіне жұмсайды, Отаны – Қазақстан Республикасына қалтқысыз әрі адал қызмет етеді» деп сенім білдіріп отыр. Біздің борышымыз – туған елге адал әрі қалтқысыз қызмет ету.

ҚР Президенті мен Үкіметі айқындаған ел дамуының стратегиялық бағыттарын іске асырудағы басты тұлға мемлекеттік қызметші екені белгілі. Сондықтан мемлекеттік қызметшінің жұмысы терең біліктілікті, кәсіпқойлықты, үлкен жауапкершілікті және қажырлы еңбекті талап етеді. Әлеуметтік және экономикалық өзгерістер, халықтың өмір сүру деңгейі және жалпыұлттық жобаларды іске асыру мемлекеттік қызметші жұмысының сапасына байланысты. Біздің барлық күш-жігеріміз алдағы уақытта да мемлекеттілікті нығайтуға, демократияны, ұлттық экономиканы дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталатынына сенімдімін.

Баршаңызды ҚР Мемлекеттік қызметші күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Ғабит ТҰРСЫНБАЙ, 
Алматы облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі