ПАРА БЕРУ МЕН ПАРА АЛУҒА ҚОҒАМ БОЛЫП ҚАРСЫЛЫҚ ТАНЫТУ ҚАЖЕТ

Уақыты: 30.06.2021
Оқылды: 1593
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жан-жақты, үздіксіз, ашық әрі әділетті түрде жүргізілуі тиіс. Біз сонда ғана алға қойған биік мақсаттарға қол жеткізе аламыз!»  деген еді. Соған байланысты пара беру мен пара алуға қоғам болып қарсылық таныту қажет. Яғни, қоғамда парақорлықты ауыр қылмыс ретінде қабылдайтындай ұғым қалыптасуы тиіс.


Сыбайлас жемқорлықпен күрес бүгінде елімізде мемлекеттік маңызы бар түйткілді мәселеге айналып отырғандығы шындық. Елдің ертеңі жарқын болып, болашақ ұрпақ алдында еңсеміздің биік болуы үшін жемқорлықпен белсене күресіп, түп-тамырымен жоюымыз керек. Еліміздің қарқынды дамуына, экономиканың өркендеп өсуіне кедергі келтіретін бұл дерт мемлекет қаржысын талан-тараж ету, ысырап қылу, жер телімін заңсыз беру, дүние-мүлікті, ақша капиталын салық декларациясынан жасырып қалу сияқты мемлекет қалтасына қауіп төндіретін жат қылықтарды әлі де тудыруда. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жемқорлыққа қарсы күрес мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Мемлекеттік қызметшілер халыққа сапалы қызмет көрсету бойынша жұмыстарды адал әрі әділетті ұйымдастырып, туындаған сұрақтарды шешуі, қолжетімді ақпаратты беруі, белгіленген әдептілік нормалары мен стандарттарды қолдануы, өз іс-әрекеті мен жұмысына жауапкершілікпен қарауы және сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған шектеулер қабылдауы тиіс. Барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар өз құзыреті шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуге міндетті.

Алматы облыстық қазынашылық департаментінде биылғы 1 тоқсанда «Сыбайлас жемқорлық бойынша атқарылған жұмыстар және алдын-алу, жолын кесу және болдырмау шаралары» атты «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық  кеңсесінің басшысы – Алматы облысы әкімінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселесі жөніндегі кеңесшісі Аманжол Жазықбаевтың қатысуымен семинар өтті. Семинарда департамент бойынша және аудандық қазынашылық басқармаларының сыбайлас жемқорлық бойынша атқарылған жұмыстары туралы есебі тыңдалып, сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында шаралар өткізілді. Сондай-ақ, «Сыбайлас жемқорлықпен күрес» тақырыптары бойынша техникалық оқулар ұйымдастырылды.

Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа және осы санаттағы құқықбұзушылықтарға бой алдыруының себебі көп. Оған, ең алдымен, қызметшілердің білім деңгейінің төмендігі, әдептілік ұстанымының нашарлығы әсер ететін болса керек. Кей қызметшілердің құқықбұзушылыққа немқұрайдылық танытуы, кәсіби әдептілігінің жетіспеуі, жеке басының қамын ойлауы да парақорлықтың дендеуіне септігін тигізеді. Сондай-ақ, кейбір мемлекеттік орган басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң талаптарын атқаруға ынта танытпай, жұмыс жүргізбеуі де жемқорлықтың тамырын тереңдете түседі. Жемқорлықпен күресу үшін, біріншіден, қолма-қол айналымды азайту, есептесудің заманауи электрондық жолдарын кеңейту, есеп берудің ақша айналымын бақылауды жеңілдететін, қолма-қол пара беру мүмкіндігін қиындататын заманауи тәсілдерін енгізу керек. Екіншіден, сыбайлас жемқорлықты азайту үшін қызметкерлердің жалақысын көтерген жөн. Бұл ұсыныстар жүзеге асырылса, сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жоймағанымен, біршама азаюына септігін тигізетіндігіне сенемін. Мемлекеттік қызметкердің атына кір келтіретін әрекеттерден әркімнің де аулақ болғаны жөн.

Т. АЙДАРБЕКОВ,
Алматы облысы бойынша
қазынашылық департаментінің басшысы