ТАЛДЫҚОРҒАНДА ИНСПЕКЦИЯНЫҢ ҮШ ҚЫЗМЕТКЕРІ ЗАҢСЫЗ АҚШАМЕН ҚОЛҒА ТҮСТІ

Уақыты: 04.03.2022
Оқылды: 1102
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облыстық көліктік бақылау инспекциясының үш қызметкері жүйелі түрде пара алды деген күдікпен ұсталды.

Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы облыстық департаменті және Талдықорған көлік прокуратурасымен бірлесіп, Алматы облыстық көліктік бақылау инспекциясы қызметкерлерінің заңсыз қызметін әшкереледі.

«Бөлім басшысы мен оның қол астындағы екі қызметшісі 2021 жылдың басынан бастап 2022 жылдың ақпан айына дейінгі кезеңде кәсіпкерлерден автомобиль жолдарында кедергісіз жүріп өткені және оларды әкімшілік жауапкершілікке тартпағаны үшін жүйелі негізде 50 мыңнан 280 мың теңгеге дейін пара алып отырған. Көліктік бақылау инспекциясының үш қызметкері ұсталып, Талдықорған қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды», - делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Алматы облысы бойынша департаментінің ресми хабарламасында.

Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды. Күдіктілерге қатысты түпкілікті үкімді олардың кінәлілік дәрежесін анықтай отырып, сот шығарады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"