ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫНДА ЖОҒАЛҒАН 181 ҚАРУ ІЗДЕСТІРІЛУДЕ

Уақыты: 16.09.2023
Оқылды: 863
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Соңғы кездері қаламызда Қаңтар оқиғасы кезінде жоғалған қару-жарақтар табылды деген ақпараттар көбейіп кетті. Әлі қанша қару іздестірілуде? Жалпы өңірдегі бүгінгі қылмыстық ахуал қандай? Осы сұрақтардың жауабын білу мақсатында Талдықорған полициясының бастығы Марат Күштібаевпен сұхбаттасқан едік.

– Марат Әлімқұлұлы, жыл басынан бері қалада қанша қылмыс тіркелді? Жалпы қылмыс саны азайды ма?

Қала аумағында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Талдықорған қаласы полиция басқармасының жеке құрамымен қылмыстың алдын алу және қылмыстарды ашу бағытында көптеген жұмыс атқарылды. Нәтижесінде 7 айдың қорытындысы бойынша қала аумағындағы қылмыс саны едәуір төмендеді. Нақтырақ айтатын болсақ, жалпы қылмыстардың саны 22,2 пайызға азайды. Былтыр 7 айда 1497-і қылмыс тіркелсе, биыл 1164-ке дейін қысқарды. Оның ішінде орташа ауыр қылмыстар саны 621-ден 547-ге, онша ауыр емес қылмыстар 226-дан 141-ге дейін азайды. Қылмыс түрлеріне келетін болсақ, тонау 11-ден 7-ге, бұзақылық 22-ден 15-ке автокөлікті заңсыз иелену 13-тен 7-ге дейін төмендеді. Сонымен қатар, қоғамдық орында жасалған қылмыстар саны 44 пайызға, көшелерде 2,2 есеге және кәмелеттік жасқа толмағандармен жасалған қылмыс саны 25-тен 4-ке дейін қысқарды. ­

– Қазір қылмыстың түрі өте көп. Қалай ойлайсыз, қалада қылмыстың қай түрі жиі жасалады? ­

Қалада тіркелген 1164 қылмыстың 784-і ол ұрлық пен алаяқтық. Бұл қылмыс түрлерінің алдын алуға бағытталған жұмыс қатаң бақылауда. Күнделікті учаскелік полиция инспекторлары республикалық «Учаске» және «Құқықтық тәртіп» жедел іс-шаралары шеңберінде көшелерде, үйлер мен пәтерлерді аралап, қала тұрғындарына брошюралар мен жадынамаларды үлестіріп жүр. Қазіргі  күнге 40 000-ға жуық брошюра мен жадынама таратылды. Сонымен қатар, қала тұрғындарына алаяқтықтың құрбаны болмасын деп әлеуметтік желіде, яғни, полиция басқармасының инстаграм парақшасында ұрлық пен алаяқтықтың алдын алуға бағытталған 100-ден астам мақала жарияланды. Одан бөлек кинотеатрларда фильм басталмас бұрын алаяқтық жайлы бейнебаян көрсетеміз. Көпқабатты үйлердің есіктерінде ескерту қағаздары орнатылды. Бірақ, сонда да қарапайым халық алаяқтардың арбауына түсіп, тоналып жатады. Соның салдарынан алаяқтық қылмысы 8,3 пайызға артып отыр. 

– Цифрлық технология дамыған сайын, қылмыс та түрленіп барады. Кейінгі кезде елді қарусыз тонап жүргендер көбейіп кеткенін айттыңыз. Қалада алаяқтықтың қай түрі жиі кездеседі? Интернет алаяқтардың арбауына түскен адамдардың ақшасын қайтарып алуға бола ма?

– Былтыр 177, биыл 260 адам алаяқтарға алданған. Көбінде шет мемлекеттен тұрғындарға сіздің туысқаныңыз несие алды. Қарызды жабу үшін ақша аударыңыз деп интернет арқылы тұрғындарға қоңырау шалып, халықты сан соқтырып кетіп жатқандар жетіп артылады. Кейбірі банк қызметкеріміз деп талай тұрғынды  алдаған. Пәтер алып береміз деп ақша алып, алдап кеткендер де көп. Өкінішке қарай, біз ақшаны өндіріп бере алмаймыз. Біз тек сотқа береміз. Десе де биылдың өзінде бірталай істі сотқа жібердік. Бүгінде соттың қаулысымен үкім шығып сотталып жатқан адамдар бар. Алаяқтарға алданбау үшін әр азамат өзінің жеке құжаттарын, банк картасындағы сандарды ешкімге бермеу керек. Егер ұялы телефонға бейтаныс адамдар хабарласып, жеке құжаттарын сұраса бірден полицияға хабарласу керек. Біз халық алданбас үшін алаяқтықтың түрлерін зерттеп, жұршылыққа ескерту қағаздарын таратып жатырмыз.

– Жол ережелерін сақтау – жүргізушілердің міндеті. Бірақ бұл заң талаптары бірдей орындалып жатпайды. Жол қауіпсіздігін қалай арттырамыз?

– Жол апатының негізгі себептері – жылдамдықты асыру, көлік жүргізіп келе жатып  телефонға қарау. 7 ай ішінде қала аумағында 64 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 31,9 пайызға төмен, дене жарақаттарын алғандар 47,2 пайызға азайған (159-дан 84-ке). Өкінішке қарай, қара жол бойындағы қасіретті жағдайлар азаймай тұр. Қаза тапқан адамдардың саны 2 есе (6-дан 13-ке) өсті. Әр жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша біз себебін зерттеп, оларды жою шараларын қолданамыз. Апаттылықты ескере отырып, бізбен автопатруль бағыттары қайта қарастырылған. Сонымен қатар, қала аумағында жол-көлік оқиғаларының санын азайту мақсатында, қосымша бейнекамералар және жол белгілерін орнату бойынша жұмыс атқарылуда. Жыл басынан қала аумағында 136 тексеріс жүргізіліп, кемшіліктерді жоюға 130 ұсыныс жолданды. Жол қауіпсіздігін күшейту және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында қалаға 10 «VIDAR» бейнекамерасы орнатылды. Бұл бейнекамералар автокөлік жол жылдамдығын асырған жағдайда, камера бірден заң бұзушылықты тіркейді. Жалпы қалада 871 бейнебақылау камерасы бар. Қаламызда үйлер салынып, шағын аудандар көбеюде. Осыған орай, әкімшілікке 500 бейнебақылау камерасын орнатуға ұсыныс білдірдік. Биыл жол жүру ережесін бұзғаны үшін 13924 әкімшілік хаттама толтырылған. Автокөлікті  мас күйде жүргізгені үшін 68 адам ұсталды. Барлығы заңға сәйкес жүргізу куәліктерінен айырылды.   Қазіргі таңда бізге қойылған талап – халықтың пікірін ескере отырып, қауіпсіздік мәселелерін бірлесіп шешу. Күн сайын азаматтар полиция қызметкерлеріне түрлі мәселелер бойынша жүгінеді. Оларға бірінші жауап қататын – учаскелік полиция қызметкері. Учаскелік полиция инспекторлары халықпен тығыз қарым-қатынас жұмыс істеуде. Әр учаскелік полиция қызметкерлері тоқсан сайын әкімшілік аумақта атқарылған жұмыс жайлы халық алдында есеп береді. Апта сайын азаматтарды қабылдау жүргіземін. Қала полициясы қоғамдық тәртіпті және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бар күшін салып қызме тетуде.

– Кәмелетке толмағандардың мәселелері бойынша не айта аласыз?

– Әрине, балалар ерекше назарда болуы тиіс. Олардың әл-ауқаты – Қазақстанның табысты болашағының сенімді кепілі. Кәмелетке толмағандардың қылмысы 6 есеге азайып отыр. Биыл 4 қылмыс тіркелді. Бұзақылық пен қылмыстың алдын алу мақсатында мектептерге камералар орнатылды. Бүкіл қаладағы білім ошағына тексеру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, әр мектепке дабыл түймесі орнатылды. Егер мектепте қылмыс орын алып, дабыл түймесі басылса полиция қызметкері оқиға орнына 4 минутта баруы керек. 

– Қалада өзен жағалауынан, бұзылған үйлерден Қаңтар оқиғасы кезінде жоғалған мөшек-мөшек қару табылуда. Бүгінге дейін нақты қанша қару табылды, әлі қаншауы іздестірілуде?

– Қаңтар оқиғасы кезінде 371 қару жоғалды. Бүгінде оның 190-ы табылды. Қалған 181 қару іздестірілуде. Қаңтар оқиғасынан кейін полиция департаменті қарудың, оқ-дәрілердің, орналасқан жері туралы хабарлаған немесе оларды полицияға өз еркімен тапсырған адам егер басқа құқықбұзушылықтарға қатысы болмаса, қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылмайтынын айттық. Халыққа рахмет, өздерінің азаматтық борышын өтеп, жоғалған қаруларды тауып беріп жатыр. Былтыр екі кішкентай бала ойнап жүріп, екі тапанша тауып алды. Дереу, балалар мен ата-анасын жұмысқа шақырып алып, рахметімізді айтып, патриоттық сезімі оянсын деп бүлдіршіндерге сыйлықтар табыстадық. Біздің мақсат – халықты қауіпсіздікпен қамтамасыз ету. Сондақтан біз жоғалған қаруларды күнделікті іздестіреміз. 

Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен Айдар ҚАЛИЕВ