ЖҰМЫСШЫ ҚҰҚЫҒЫНА КӨЗ ЖҰМАТЫНДАР ӘЛІ КӨП

Уақыты: 17.02.2024
Оқылды: 430
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Ата Заңымызда көрсетілгендей, еліміздің басты байлығы – адам. Ал оның жайлы ортада өмір сүруі үшін құқығы қорғалған болуы керек. Жалпы, адам құқығы – Әділетті Қазақстанның басты қағидаты. Оның қазығы – құқықтық мемлекетті нығайту, заң үстемдігін қалыптастыру. Міне, Мемлекет басшысы осы жайды әр сөзінде ескертіп келеді. Дей тұрғанмен, әлі де құқық, заң турасында көз қысты, бармақ басты қарекет ететіндер аз емес. Көп жағдайда ел тұрғындарының құқығы жұмыс берушілер тарапынан аяқасты болады. Мәселен, 2023 жылы Жетісу өңірінде жұмыс берушілер тарапынан 57 заңбұзушылық анықталып, 849 жұмысшының құқығы қорғалған.


Жетісу облыстық еңбек инспекциясы бойынша басқармасының мемлекеттік еңбек инспекторы Еркін Дәулетұлының айтуынша, еңбек дауы көп жағдайда жалақы төңірегінде туындапты. Басқарма мамандары прокуратура өкілдерімен, әкімдік қызметкерлерімен бірлесіп арыз-шағымға сай 15 кәсіпорында тексеріс жүргізіп, 849 жұмысшыға берілуі тиіс 213,9 млн. жалақы қарызын анықтаған. Нәтижесінде қарыздар толық қайтарылып, жұмысшыларға жалақы төлеуден жалтарған кәсіпорындарға 4,1 млн. теңге көлемінде айыппұл тағайындалған.

– Өңірдегі еңбек заңнамасын бұзу сипаттары жалақыны уақытылы төлемеу, жұмысшылардың күшін еңбек шартын жасамай пайдалану, еңбек жағдайларын бұзу және өндірістік жарақат алу төңірегінде бой көрсетуде. Қазір прокуратура органдарының бастамасымен облыстағы 339 мектепте жұмыс уақытының сақталуына, жалақының уақытылы төленуіне, мектеп мұғалімдері мен қызметкерлерінің Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы талаптары бойынша еңбек құқықтарының сәйкестігіне тексеру жүргізілуде, – дейді Еркін Дәулетұлы.

Еңбек инспекторының сөзінше, заңбұзушылықтар нәтижесінде түрлі ұйымның 34 басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 5 млн. теңге көлемінде айыппұл өндірілген. Сонымен қатар, жұмыс берушілер тарапынан сақтық шараларының ескерілмеуі нәтижесінде жұмыс уақытында 32 жазатайым оқиға орын алып, 37 тұрғын зардап шегіпті. 

Еркін Дәулетұлы өңірде еңбек заңнамасына немқұрайды қарау білім саласында басым екенін айтып отыр. Сірә, атаулы салада тексеріс жүріп жатқан соң білімде біраз былықтың бары айқындалса керек. 

Дастанбек САДЫҚ