Талдықорған қаласының Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Жетісу облысы полициясының бастығы Сарқытбай Құсаинов қала тұрғындарымен және шалғайдағы аудандардың тұрғындарымен ашық диалог жүргізді, – деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.
Polisia.kz сайты таратқан ақпаратта департамент бастығы есепті кезеңдегі полиция жұмысының қорытындылары және жедел жағдай туралы толық баяндама жасаған делінген. Құқық бұзушылықтардың жалпы тіркелуі 28%-ға, сонымен қатар аса ауыр қылмыстың саны 32%-ға және ауырлығы орташа қылмыстың 16%-ға төмендеуі байқалғанын атап өтті.
Облыс орталығында да қылмыстың айтарлықтай төмендеуі байқалады, егер өткен жылдың 3 айында 648 қылмыс тіркелген болса, осы жылдың ұқсас кезеңінде 427 дерек тіркелген, яғни 34%-ға төмен. Облыстық ведомствоның басшысы аудиторияның назарын мал ұрлығы, жол-көлік оқиғалары мен интернет-алаяқтық мәселелеріне аударды, олар бүгінде өңір үшін ғана емес, жалпы республика бойынша өзекті әрі маңызды мәселеге айналғанын айтты. Полицияның ашықтығы, оның халыққа қадамдық қолжетімділігі және жұмыстағы сервистік тәсілге көшу тақырыбына ерекше назар аударылды.
– Бүгінгі кездесуді пайдаланып, тұрғындардан өз мүлкінің сақталуына неғұрлым жауапты болуын, үйлерді нығайту, оларды заманауи қорғау технологияларымен жарақтандыру бойынша барлық қажетті шараны қабылдауын сұрағым келеді. Сонымен қатар автокөлік құралдарының жүргізушілерін ҚР ЖҚЕ мүлтіксіз сақтауға және өз өмірі үшін ғана емес, жақындары үшін де, сондай-ақ жол қозғалысының басқа да қатысушыларының қауіпсіздігі үшін жауапкершілікті естен шығармауға шақырамын, – деп атап өтті Жетісу облысы ПД бастығы Сарқытбай Құсаинов.
Қызметтің негізгі көрсеткіштері арнайы дайындалған бейнероликте көрсетілді, онда тұрғындар полиция жұмысының нәтижелерін өз көздерімен көре алды. Сонымен қатар көрермендерге синтетикалық есірткінің зияны туралы бейнеролик көрсетілді, ал соңында кинологтар полицияда қызмет ететін иттердің қатысуымен көрме қойылымын ұйымдастырды. Кинологиялық орталықтың төрт аяқты өкілдері есірткіні анықтау, сондай-ақ қылмыскерді іздеп-табу қабілеттерін көрсетті. Жиын барысында ПД бастығы қылмыстың алдын алуда және ашуда полицияға зор көмек көрсететін облыстың белсенді азаматтарын марапаттады.
– Еріктілер күндіз де, түнде де, ыстықта да, суықта да, қыста да, жазда да полициямен бірге жоғалған адамдарды іздеумен айналысады. Мысалы, Жаңа жыл қарсаңында Талдықорған ҚПБ 14 жастағы қыздың жоғалғаны туралы хабарлама түскен. Оның денесі Текелі қаласының таулы жерлерінде жоғалғаннан кейінгі 11-күні табылды. Іздеудің басынан бастап мәйіт табылғанға дейін полициямен бір сапта еріктілер болды – Талдықорған қаласынан “Lider Kz” еріктілер қозғалысы және Текелі қаласының “Делай добро! Текели” еріктілер тобы еді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, аталған ұйымдардың басшылары Холида Кусановаға және Матвей Швединге қиын жағдайға тап болғандарға жанқиярлықпен көмектескендеріңіз үшін алғыс білдіремін, – деді өңірдің бас полицейі.
Ашық диалогқа тек талдықорғандықтар мен жақын орналасқан елді мекендердің тұрғындары ғана емес, сонымен қатар алыс аудандардың тұрғындары онлайн режимде қосыла алды, сондай-ақ журналистер, азаматтық белсенділер мен түрлі қоғамдық кеңестердің мүшелері де кездесуге қатысты. Іс-шараға барлығы 300-ден астам тұрғын келіп, олардың ішінде 30-ға жуық адам өз ескертулері мен ұсыныстарын білдірді.
Кездесу барысында облыстық департамент басшысы саяжай массивтерінде бейнекамералар орнату қажеттілігі, жол белгілері мен таңбаларды орналастырудағы проблемалар, бей-берекет сауда және қаланы абаттандыру мәселелері бойынша қалалық полицияға қатысты сын-пікірлерді тыңдады. Азаматтық белсенділер құқық қорғау органдарының қызметін жақсарту бойынша бірқатар ұсыныстар айтты. Қорытындылай келе, Жетісу полициясының басшысы жақын арада назар аударуды талап ететін мәселелерді атап өтті. Сондай-ақ сындарлы диалог үшін аудиторияға алғысын білдіріп, барлығын тығыз ынтымақтастыққа шақырды.