Оңай жолмен табысқа кенелемін деп артынан сан соғып қалғандар қатары көбеймесе азаяр емес. Алаяқтықтың жылдан жылға жаңа түрлері белең алып барады. Елімізде ғаламторда отырып, жұрттың жылдар бойы жинағанын әп-сәтте соқыр тиынына дейін қалдырмай қағып алатын алаяқтарға қарсы шаралар күшеюде. Соған қарамастан жылтыр дүние мен қызыл ақшаға қызығып, опық жегендер қатары толастамай тұр. Мәселен, өңірімізде алаяқтық сипаттағы 1200-ге жуық заңсыз контент пен 8 қаржы пирамидасы анықталған.
Жетісу облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінің басшысы Еркін Тюмелиевтің айтуынша, өңірде күдікті жобалар мен контенттерді анықтайтын «Байқа, пирамида!» жобасы жұмыс істейді. 2023 жылы іске қосылған телеграм-бот талай құйтырқы ақпаратты айғақтаған. Сонымен қатар, азаматтар смартфондарына жүктей алатын және күдікті сайттарды немесе жарнамаларды байқаған жағдайда тексере алатын қосымша бар.
Еркін Тюмелиевтің айтуынша, қаржы пирамидаларының негізгі белгілері әлеуметтік желілердегі агрессивті жарнама. Мұнда әккілер өте жоғары кірістілік және бұрын-соңды болмаған пайыздар, салымшыларды тартқаны үшін сыйақылар уәде етеді. Жалпы, жоба «ноу-хау» түрінде ұсынылады. Бұл ұйымдар азаматтарды және олар жинаған қаражатты өзіне тартады. Көбінесе жоғары дивидендтер бойынша салымдар насихатталады.
– Қазір өңір бойынша профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде. Тексеруге жергілікті атқарушы органдар, білім беру, денсаулық сақтау мекемелері, діни қызметкерлер, қоғамдық бірлестіктер мен блогерлер қатысады. Профилактикалық аудио және бейнехабарламалар халық көп жиналатын жерлерде және облыс блогерлерінің интернет беттерінде таратылады, – деді Еркін Тюмелиев.
Құқық қорғаушылар тұрғындардың арбауға түспеуі үшін жан-жақты қарекет еткенмен, әрбір адам алаяқтардың құрбаны болмауын өзі қамтамасыз етуі керек. Қалай дегенде де қалтасының қағылмасын ойлаған кез келген адам тез баюдың, мол қаржыға кенелудің жалғыз жолы адал еңбек екенін ескеруі тиіс. Себебі, тегін ірімшік тек қақпанда ғана.