Заң бұзу үшін емес, тәртіп қалыптастыруды қамтамасыз ететін құрал. Дейтұрғанмен, оған көз жұмып қарап, талаптарын сақтамайтындар азаймай тұр. Жуырда өңірімізде «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткен еді. Наурыз айының 11-15 жұлдызы аралығында жүзеге асқан шара барысында ҚР Көші-қон заңнамасын бұзған 388 жағдай тіркелген.
Аталмыш шара бойынша құқық қорғаушылар шетелдіктердің тұратын жерлерін, құрылыс объектілерін, базарлар мен жалдамалы жұмысшыларды пайдаланатын ұйымдарды және жұмыс берушілерді тексерді. Жетісу облысының полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ерлан Райымбековтің айтуынша, бес күн ішінде заң бұзған 249 шетелдік анықталған.
– Елде болу ережелерін сақтамағаны үшін 249 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Соттың шешімімен елден ТМД-ның 17 азаматы, азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен 4 шетелдік шығарылды. Ал, жеке басын куәландыратын құжаттарсыз және белгілі бір тұрғылықты жерінсіз жүрген 20 азамат қабылдау-тарату мекемесіне қамауға алынды, – деді Ерлан Қабдоллаұлы.
Полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасы бастығының сөзінше, заң талаптарын орындамайтын жетісулықтар да аз емес. Мәселен, шетелдіктерді уақытылы тіркеу жөніндегі шараларды қамтамасыз етпегені үшін әкімшілік жауаптылыққа Қазақстан Республикасының 116 азаматы тартылғанын айтты. Одан бөлек, шетелдік жұмыс күшін тарту қағидаларын бұзғаны үшін 23 жұмыс беруші жауапқа тартылды.
Ерлан Райымбеков алдағы уақытта да облыс бойынша көші-қон заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу және анықтау бойынша жұмыс жалғасатынын жеткізді.