Жетісу полицейлері бірінші тоқсандағы жұмыс нәтижелерін қорытындылады

Уақыты: 18.04.2024
Оқылды: 321
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жетісу облысының полиция департаментінде бірінші тоқсанда атқарылған жұмысты қорытындылау бойынша жедел кеңес өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шара барысында өңір тәртіп сақшыларының жедел-қызметтік нәтижелері туралы айтылып, тергеу, жергілікті полиция қызметі, криминалдық және әкімшілік полицияның жұмыс көрсеткіштері жеке қарастырылды.

– Құқық бұзушылықтың алдын алу – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ажырамас бөлігі. Қабылданған шаралардың арқасында қылмыстың төрттен бір бөлігін қысқартуға қол жеткізілді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қылмыстардың тіркелуі 24,7%-ға төмендегені байқалуда, алайда жұмысты күшейту қажеттігі бар бағыттар да аз емес, – деп атап өтті өз сөзінде Жетісу облысы ПД бастығы Сарқытбай Құсаинов.

Жұмыстағы оң көрсеткіштерге қарамастан, департамент басшылығы қызметтің әр бағытын қарастырып, жұмысты жақсарту бойынша қабылдап жатқан шаралар туралы аумақтық және құрылымдық бөлімшелердің бастықтарын тыңдады.

– Полицияның практикалық қызметіне сервистік модельге көшу, цифрландыру үдерістері мен ашықтық қағидаттарын енгізудің арқасында көшелер мен қоғамдық орындарда тыныштық орнады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар саны 26,2%-ға төмендеді, – деп толықтырды ведомствоның басшысы.

Департамент бастығы құқық қорғау органдарының жұмысындағы негізгі бағыттардың бірі –  балалар қылмысына қарсы іс-қимыл болатынын атап өтіп, кәмелетке толмағандармен жұмысты күшейту және жастар арасында құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу бойынша тиімді алдын алу іс-шараларын жүргізу қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жол-көлік оқиғаларының саны 10,1%-ға төмендеді.

– Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер арасында болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алуды күшейту қажет. Мал жаюға жауапсыздық танытқан мал иелеріне ерекше назар аудару қажет, олардың немқұрайлығының салдарынан облыс жолдарында апаттар орын алуда, – деп толықтырды С. Құсаинов.

Департамент бастығы заңдылық пен тәртіпті сөзсіз сақтауға, өз қатарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға, кадр саясатын жетілдіруге баса назар аударып, басшылардың бағынышты қызметкерлерімен орын алған бұзушылықтары үшін жеке жауапкершілігін атап өтті. Кеңес қорытындысы бойынша облыстық полиция басқармалары мен бөлімшелерінің басшыларына тиісті тапсырмалар беріліп, сондай-ақ алдағы кезеңге арналған міндеттер айқындалды.