Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

БЕЛГІЛІ БАЛАЛАР ЖАЗУШЫСЫ ҚАСТЕК БАЯНБАЙ ТІРІ БОЛСА, 85-КЕ ТОЛАР ЕДІ

Уақыты: 17.09.2021
Оқылды: 825
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Белгілі балалар қаламгері Қастек Баянбай тірі болса, 85 жасқа толар еді.

Оның есімімен өз басым сонау мектепте оқып жүрген жылдарда таныстым. Мерзімді балалар басылымдарының беттерінен көре жүріп, санамызға әбден сіңісті болып қалған ақынмен кейін Алматыға келіп, өзім де әдебиетке араласа бастаған уақытта жүзбе-жүз жолығудың сәті түсті. Әдеби конкурстан бәйге алған повесімді «Жалын» баспасының балалар әдебиеті редакциясына тапсыруға келген кезімде таныстым. Қолжазбамды қабылдап алған – меңгеруші Қастек Баянбаевтың өзі еді. Редакцияға екінші рет бас сұққанымда, мені сырттай жақсы білгендіктен бе екен, дереу мені өз редакциясына қызметке шақырды. Кейін білсем, қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Қастек Баянбаев Алматы облысының Алакөл ауданындағы Талдыбұлақ ауылында 1936 жылы дүниеге келіпті.

Керемет әсем табиғат аясындағы осы ауылдың бүгінгі таңда сілемі ғана қалған. Жастары күнкөріс қамымен, үлкендері бала оқитын мектеп іздеп, жан-жаққа көшіп кеткен. Ақын жүрегін қатты-қатты соқтырып, қалың қастарын түйдіріп, жылатып жіберген  осы сүреңсіз жағдай болатын. «Ауылым – алтын сарайым» деген өлеңі, өкінішке қарай, қазіргі бірталай қазақ ауылының басындағы сұрқай, күйінішті көріністі суреттейді.

Бабам басқан сары жұрт,
Келдім ғой сені сағынып.
Көргендей бөгде біреуді
Қарайсың неге аңырып?

Тірліктен мына жалығып,
Қалмаса салттан жаңылып.
Алдымнан шығар еді ғой
Сәлемшіл жұртың сабылып?

«Менің басты тақырыбым – балалық шағым, – дейтін еді Қаскең. – Жасым ұлғайған сайын сол бір қимас дәуренге жақындаймын. Жазу үстінде сол бір жалаңаяқ қара баланың кейпіне кіріп, көзімен қарап, сол бала болып ойланамын». Ендігі сөзді қаламгердің алғашқы тырнақалды туындысы «Арғымақ» деген кітабындағы осы аттас өлеңі айтсын:

Мініп алып сабауға,
Асыр салып жүр інім.
Достары тұр маңайда,
Қызық көріп қылығын.

Жақын келген баланы,
Қағып-соғып кетеді.
Арықтардан алдағы,
Қарғып-қарғып өтеді.

Тұра бермей таңырқап,
Мақұл болды білгенім.
Астындағы арғымақ,
Алып қашып жүргенін.

Ақын шығармашылығының алтын діңгегіне айналған бір қазынасы 1974 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Қолшатыр көтерген он батыр» деген кітабы еді. Онда алуан тақырыпқа жазылған бір топ тақпағы, балдырғандар өмірінің қызықты қырларын көрсететін желілі өлеңдері, жеткіншектер ұғымына лайық шертілген бірнеше ертегісі, бірсыпыра жұмбағы мен жаңылтпашы топтастырылған. Шетінен оқи беріңіз, бірінен-бірі өткен дүниелері қандай маңызды, сәулелі, гауһартастай жалтырайды.

Әбден таптаурын болған соғыс тақырыбына ақынның өз қырымен келіп, жаңа рух, биік патриоттық сезім берген жырларының бірі – осы кітаптағы «Белгісіз жауынгер зираты» деген өлеңі.

Белгісіз жауынгер,
Болмысы бір бөлек.
Астында алып жер,
Басында гүл мен от.

Білмейді ел оның
Жасын да, атын да.
Бірақ сол өренін,
Балайды батырға.

Семсердей сермеліп,
Сынса да батырлар.
Гүл болып тербеліп,
От болып лапылдар.

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Қадыр Мырза Әлі Қаскең шығармашылығы жайында: «Қастек Баянбай талантына тән негізгі бір қасиет – жинақылық, ұқыптылық, сөзге деген сараңдық. Ал сөзге деген сараңдық – ой жомарттығының белгісі. Керісінше, айтарың неғұрлым аз болса, сөзің де соғұрлым көп болмақ. Баянбаевтың бақыты – қазақ ақындарында сирек кездесетін бақыт – азсөзділік... Иә, Қастек Баянбаев не айтатынын да, қалай айтатынын да жақсы білетін автор» – деп «Жұлдыз» журналының 1975 жылғы наурыздағы санында жоғары баға беріпті.

Араға бірнеше жыл салып «Жалын» баспасынан «Әсем әлем» атты жыр жинағын шығарған қаламгердің шығармашылығы ұлттық бояуы қанық, тартымды да ойлы дүниемен молая түсті. Мысал үшін көлденең тартанымыз  – «Жайлауда» деген өлеңіндегі екі шумақ:

Малшылардың мекені
Асқар таудың етегі.
Самал ессе,
Көк шалғын
Көлдей толқып кетеді.
Жайлау таңын кім білген,
Қайран қалып жүрмін мен.
Текеметті түре сап,
Теріп жейсің бүлдірген.

Көркемдігі керемет мұндай үзінді ақын шығармашылығының жекелеген өлеңдерінде жиі кездеседі.

Сонау 1960 жылы жас ақын Қастек Баянбаевтың «ықшам әрі оқиғалы, белгілі бір ситуацияға құрылған» өлеңдерін ұнатып қалып, «Лениншіл жас» газетіне ақ тілек айтып, ой-пікір білдірген Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Мұзафар Әлімбаев кейін 1966 жылы «Ұлан» газетіне: «Қаламын қадірлеуге мәттақам Қастектің сөз байламдары дәлдігімен ерекшеленеді, оқырманды тұшындырады, бұралаң-бұлталақсыз, бейнелі. Ендеше Баянбаевтың жырларын оқыған жас буын ана тілінің мөлдіріне қана түседі деп, шүбә келтірмей-ақ шындықты айта аламыз»  деген пікір жазыпты.

Жарты ғасырлық шығармашылық ғұмырында автор қаламынан отызға тарта кітап туса, солардың ішінен оқырман қауымның жадында қалғаны – «Атай неге солақай» («Жазушы» баспасы 1964), «Қол шатыр көтерген он батыр» («Жазушы» баспасы 1975), «Тәтті сабақ» («Жалын» баспасы 1984), «Бір қоржын жаз» («Жалын» баспасы 1991), «Асар» («Балалар әдебиеті» баспасы 2000) сияқты жинақтары.

Қастек Баянбайдың ауыз әдебиетіне үйлес, ойы анық, бояуы қанық өлеңдері мен ертегілерін, астары терең аңыздары мен дастандарын, жүзіктей жұмыр жұмбақтары мен жаңылтпаштарын жас ұрпақтың бірнеше буыны оқып өсті. Оның көптеген еңбектері бастауыш сынып оқулықтарына, хрестоматиялық қосымша құралдарға, әртүрлі антологияларға енді. Оқырманның биік талғамына сай өлеңдері орыс, украин, белорус, өзбек, әзірбайжан, түрікмен, эстон, латыш, литва, қырғыз, молдован тілдеріне тәржімеленді. Кейбір ертегілері бойынша мультфильм түсірілді.

Әдеби жылдың үздік кітабы деп танылған «Тәтті сабақ» жинағына Халықаралық «Алаш» сыйлығы берілді. 2007 жылы таңдамалы шығармаларының екі томдығы жарық көрді.

2013 жылы балаларға арналған шығармалардың республикалық әдеби бәйгесінің қорытындысын жариялаған ресми жиында айтылғанындай, Қазақ балалар әдебиетінің классигі Қастек Баянбайдың бас жүлдені иеленгені «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланды. Ақынды мұндай дәрежеге жеткізген – көркемдік өлшемдерін қиналыссыз бағындыруы еді.

Орыс тілінде шыққан «Богатыри под дождем» (Москва, «Детская литература» баспасы 1979), «Зайчик в очках» («Жалын» баспасы 1979), «Юрта» («Шартарап» баспасы 2000) атты кітаптары республикадан тыс жерлерге де тарап, абыройын асырған Қастек Баянбаев ойлы ақын, көбінесе ой үстінде жүретін ақыл-парасат иесі болатын. Оның шығармашылықтағы басты ұстанымы – өз қаламына, таланты мен еңбегіне деген адалдық. Отанды, елді, жерді, ата-ананы, туған-туысқандарды сүю, адам болып қалу – берік сақтайтын бойтұмары.

Жасөспірімдер мен балаларға арналған кітаптар шығаратын «Жалын», «Балауса» баспаларында қызмет істей жүріп, баспагерлердің салмақты жүгін таразылап, бағалай білді. Сонымен қатар «балаға тек қана жақсы кітап шығаруымыз керек» деген ұстанымды талап ретінде қойды. Шындықты бетке айтатын «қатал аға» кейін бала деп қалам тербейтін тұтас бір қауымды өз соңынан ерткен «қамқор аға» атанды.

Шығармашылық жолын лирик ақын ретінде бастап, үлкендерге де, балаларға да арнап қарымды қалам тартқан ол қос арқауды өзі салған өлең өрнектеріне қосып, жарыстыра жүргізе білген зергер ақынға айналды. Кезінде оның «Адамға хат» («Жазушы» баспасы 1966), «Шапағатты шақ» («Жазушы» баспасы 1969), «Құс сүті» («Жалын» баспасы 1980) атты жинақтары қалың оқырман назарын аудара білді.

Қастек Баянбайдың 85 жылдық мерейтойы қарсаңында, 2021 жылдың сәуір айында Алматы облыстық телерадио журналистері ақынмен кезінде «Балауса» баспасында қызметтес болған жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бексұлтан Нұржекеевпен қаламгер жайында сұхбаттасқан еді. Сонда ол кісі: «Қаскеңнің балалар әдебиетінің өркендеуіне қосқан үлесі ұшан-теңіз. «Қазақ балалар әдебиетінің кітапханасы» сериясымен шыққан 25 томдық дүниенің өзі бір ғасырға жүк емес пе?! «Қазақ балалар әдебиетінің антологиясы» тікелей Қаскеңнің ұсынысымен, басқаруымен іске асты. Бәрін шешкен осы кісі, бірақ «мен өстідім» деп бір айтпайды, үндемейді, мақтанбайды. Балалар әдебиетінің ең шоқы биігінде отыратын адам осы Қаскең. Оның жазған кітаптарының бәрін оқыңдар маған нанбасаңдар. Балалардың жанын түсінетін, миын, ойын, психологиясын, әдет-ғұрпын түсінетін адам осы Қаскең. Оның тәрбиесінен шыққан ақын-жазушылар баршылық. Бүкіл адалдығымен, білімімен қызмет жасаған адам. Сондықтан Қаскеңнің 85 жылдығы – үлкен құрметке лайық жас», - деген болатын.

Көрнекті қаламгердің осы сөзіне алып-қосарымыз жоқ. Биыл ғана өмірден өтіп кеткен Қ.Баянбай шығармашылығының ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып, оқыла беретініне сенеміз.

Нұрдәулет АҚЫШ,

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы