Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ЖАС ПРОФЕССОР, ОТАНШЫЛ АЗАМАТ ЕСБОЛ ӨМІРЖАНОВ ЖАЙЛЫ БІРАУЫЗ СӨЗ

Уақыты: 26.01.2022
Оқылды: 2487
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қасиетті қарт Алатаудың баурайында небір жайсаңдар өмірге келгені белгілі. Сол алыптардың ізін жалғап, ізденіс жолында жүрген Есбол Өміржановтың орны бөлек. Ізденімпаз жас аз уақытта ғылым мен білімнің биік белесін бағындырып, өз ортасында қабілет-қарымымен, дарынымен көзге түсіп үлгерді. Бүгінде талапшыл азамат отандық ғылымның өркендеуіне, жоғары білім сапасының артуына қомақты үлес қосып жүр.

Есбол Тоқтарбайұлы 1981 жылдың шілдесінде асқар Алатаудың баурайында, табиғаты ғажайып Сүмбе ауылында дүниеге келген. 1998 жылы Абай атындағы орта мектепті үздік бітірген соң, Алматыдағы Қазақ мемлекеттік заң университетіне оқуға түсіп, мемлекеттік қызмет мамандығын меңгерді. 2002 жылы университеттің бакалавриат бөлімін үздік бітірген ол аталған оқу орнының мемлекет және құқық теориясы мен тарихы кафедрасына магистратураға қабылданды. 2004 жылы оқуын аспирантурада жалғастырды. 2007 жылы «Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы: құқықтық және саяси ілімдер тарихы» бойынша кандидаттық диссертациясын абыроймен қорғады. 2011 жылы доцент ғылыми атағын алды. 2012 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның Бирмингем университетінің заң мектебінде ғылыми тағылымдамадан өтті. Сонымен қатар, Франция, Түркия елдерінде білімін ұштап қайтты.

Ізденімпаз Есбол еңбек жолын Қайнар университетінің колледжінде оқытушылықтан бастады. 2004-2005 оқу жылында Алматыдағы Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде оқытушы болса, 2006 жылдан бастап Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің заң факультетінде қызмет істеді. 2010 жылы осы университеттің магистратура және PhD докторантура институтының доценті қызметіне ауыстырылды. 2011-2014 жылдары Сулейман Демирел атындағы қазақ-түрік университетінде құқықтану кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарды. 2014-2019 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті халықаралық құқық кафедрасының доценті, 2018-2019 жылдары аталған университеттің Аккредитация және білім беру бағдарламаларының сапасы орталығының директоры, KazSEE – Қазақстан инженерлік білім беру қоғамының (Kazakhstan societyfor Engineering Education) директоры болды. 2019 жылдың қарашасынан бастап Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры, осы университеттің құқық кафедрасының профессоры қызметтерін атқаруда.

Есбол Тоқтарбайұлы қазір «Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы. Мемлекет және құқық теориясының өзекті мәселелері» тақырыбын ғылыми тұрғыдан жан-жақты терең зерттеп жүр. Сондай-ақ, ол заң саласы бойынша жүзден аса ғылыми мақаланың, 3 Scоpus базасына енгізілген, қоғамның өзекті мәселелері жайлы көптеген еңбектердің, студенттерге арналған бірнеше оқу құралдары мен оқулықтардың авторы.

Атап айтқанда, 2009 жылы «Азат қозғалысы және Қазақстанның саяси-құқықтық ой-пікірінің тарихы» монографиясын жазып, жарыққа шығарды. Оның 2009 жылы баспадан шыққан «Құқық негіздері» атты оқу құралы сұраныстың жоғары болуына байланысты 2010-2014 жылдары баспадан қайта басылды. 2010 жылы жарық көрген «Алты Алаштың абызы» деп аталатын танымдық зерттеу еңбегін отандық ғалымдар өте жоғары бағалады. Бұған қоса, Есбол Өміржанов жазған «Мемлекет және құқық теориясы. Практикум», «Мемлекет және құқық теориясы. Оқулық», «Шет елдердің мемлекет және құқығының тарихы. Ежелгі дәуір», «Қазақстанның саяси-құқықтық ілімдерінің тарихы. Ежелгі дәуір» деп аталатын оқу құралдары қазіргі күні көптеген жоғарғы оқу орындарында қолданыста жүр.

Бүгінде қырықтың қырқасына шыққан Есбол Өміржанов асыл жары Бинұр екеуі Алматы қаласында екі ұл, үш қыз тәрбиелеп отыр. Өзіндік қолтаңбасы бар Есбол Өміржановтың ғылым деп аталатын телегей теңіз айдынында әлі де алар асуы алда. Қай жерде жүрсін үлкенге іні, кішіге қамқор Есбол өзінің кішіпейілдігінен танған емес. Еліміз жаңарып, жаңа Қазақстанды құру ісінде Есбол Өміржанов сияқты азаматтар көп болса, Отанымызда оңды өзгерістер тезірек жүрер еді. Сөз соңында Джордж Вашингтонның «Мен үшін Америка не істейді деп емес, мен Америка үшін не істеуім қажет?» деп айтқанындай, Есбол Өміржановты Қазақстанның қарыштап дамуы үшін аянып қалмайтын отаншыл азаматтың бірі және бірегейі дер едім.

Нұрбол ЖЕТІБАЕВ,

Абылай хан атындағы ҚазХҚӘТУ халықаралық құқық кафедрасының доценті, заң ғылымдарының кандидаты