ЖАСАНДЫ ҚЫЛЫҚТЫ ЖАҚТЫРМАЙТЫН. БИЫЛ РОЗА БАҒЛАНОВАҒА 100 ЖЫЛ!

Уақыты: 05.02.2022
Оқылды: 1835
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

ХХ ғасырда қазақ өнерінің көгінде жарық жұлдызға айналған біртуар, аса дарынды әнші Роза Бағланованы төрткүл дүние таныды. Көмейіне бұлбұл қонақтаған әншінің өнерін әлем мойындап, жоғары баға берілгені белгілі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Twitter парақшасында: «2022 жылдың 1 қаңтарында қазақтың бұлбұл әншісі Роза Бағланованың туғанына 100 жыл толады. Ол – Қазақстанның және КСРО-ның халық әртісі, Қазақстанның Халық Қаһарманы. Майдан даласында ән салған Р.Бағланова қазіргі күнге дейін еліміздегі және шетелдегі әнсүйер қауым арасында кеңінен танымал. Оның есімін мәңгі сақтау үшін шаралар қабылдауды тапсырдым», – деп жазған болатын.

Қазалының қызғалдағы

Әлемнің 54 елінде болып, 30-дан астам өзге тілде ән салған бұлбұл үнді әнші Роза Тәжібайқызының өмір жолына көз жүгіртсек, 1922 жылы 1 қаңтарда Қызылорда облысының Қазалы қаласында дүниеге келген. 1941 жылы Қызылорда педагогикалық институтын бітіріп, алғашқы өнер жолын Ташкент филармониясының ән-би ансамблінде әнші болып бастаған. Осы ұжыммен соғыс жылдары оқ пен оттың ортасында өнер көрсеткен ерлігі де ел ішінде аңызға айналған. Қаршадай ғана қазақ қызының күміс көмейінен төгілген патриоттық әндер кеңес жауынгерлерінің жігерін қайрап, рухын көтерген. Майдан даласында қазақ, өзбек, орыс, тәжік, өзге де ұлт композиторларының әндерін тамылжыта шырқаған Роза Тәжібайқызының репертуарындағы «Кестелі орамал» мен «Жайдарман», «Қараторғай», «Айнамкөз», «Екі жирен», тағы басқа да халық әндері жауынгерлер жүрегінен жылы орын алып, жауға қарсы жігерлендіргені баяндалады. Майдан даласында жау оғынан жарақат алуы, соған қарамастан ән салуы Роза Тәжібайқызының қайсарлығын, қаһармандығын, ержүректігін көрсетеді. Өнер иесінің бұл ерлігі елге – мұра, ұрпаққа – ұран. Сөйтіп, Жеңісті жақындатуға рухани дем берген Р.Бағланова 1945 жылы 9 мамырда Берлинде өткен «Жеңіс» концертіне қатысқан екен.

Соғыстан кейін 1947-1949 жылдары Абай атындағы қазақтың мемлекеттік академиялық опера және балет театрында еңбек етеді. 1949 жылы Бухаресте өткен Жастар мен студенттердің II Бүкілдүниежүзілік фестивалінде Роза Бағланова «Ах, Самара-городок» әнін тамылжыта шырқап, бас бәйгені иемденуі КСРО-ның даңқын аспандатып қана қоймай, бұл ән өзінің өнердегі «төлқұжатына» айналған.

1949-1960 жылдары Жамбыл атындағы республикалық филармонияда, 1960 жылдан «Қазақконцерттің» солисі ретінде қазақ өнерінің өркендеуіне атсалысады. Аса талантты әншінің репертуарында халық әндерімен қатар шетелдік композиторлардың да шығармалары шебер орындалып, тыңдарманның зор қошеметіне, ыстық ықыласына бөленеді. Қайталанбас дарын иесі Роза Бағланованың ерен еңбегі еленіп «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен, Еңбек Қызыл Ту, «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» және «Отан» ордендерімен марапатталады. Саңлақ әншінің өмірі 2007 жылы «Атамұра» баспасынан жарыққа шыққан «Айналайын халқымнан еркелеткен» атты ғұмырнамалық кітабында кеңінен баяндалады.

Азаматтық үн

Ән падишасы атанған Роза Тәжібайқызының бойына қона кететін ұлттық киімі де ерекше назар аудартып, киелі сахнаның көркін ашса, бұлбұл құстай сайраған ғажап үні тыңдарманның құлақ құрышын қандырып, тік тұрғызып, құдіретті өнерге сан мәрте бас идіргені хақ. Алты Алашқа ғана емес, алты құрлыққа аты мәлім әншінің туған жер тақсыреті, ұлтының қасіреті үшін де бебеу қаққанын білдік. Сонау соғыс жылдарынан бастап шарболаттай шыңдалған әншінің қылышынан қан сорғалаған кеңестік кезеңнің биік мінберінен жасқанбай, жасырмай Арал қасіретін жайып салған азаматтық үнінен естідік. Бұл бейнетаспа әлеуметтік желі арқылы ел арасында кең таралып, қызығушылық тудырғаны анық.

Осыған дейін беймәлім болып келген бейнетаспаның авторын анықтап, тауып жазған әріптесіміз, «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Айгүл Аханбайқызы өзінің «Әнші Бағланованың батырлығы туралы» мақаласында былай дейді: «...Жайшылықта жұрт алдына ән салуға шыққанда жадырап, жайнап кететін Роза Тәжібайқызы салмақты мінезбен сөйлегенімен, мінбеге арнайы баяндама жазып әкеліп, әзірленіп шықпағаны байқалады. Алдында жайылған ақ қағазы жоқ, сонда да Аралына арнаған сөзін жүрегінен суырып алып, түйдек-түйдегімен сілтеп жатыр, сілтідей тынған залды семсер сөздің қуаты кескілеп тастағандай, әлде барлығы әншіні алғаш көріп тұрғандай немесе оны жаңа қырынан танығандай, сондағы орыс-қазағы жым-жырт қалпы кірпік қақпастан көз алмай қадала қалған», – деп суреттейді. Бұдан әрі әріптесіміз: «Әншінің орыс тілінде сөйлеген сөзін дәлме-дәл келтірсек, мәтіні былайша өріледі: «Мен соғысты көрдім. Алайда Аралда болып жатқан жағдайды бірауыз сөзбен тоқтату мүмкін емес. Соғысты тоқтатуға болады, атом бомбасын тоқтатуға болады, аспандағы ұшақты тоқтатуға болады, бірақ мұны тоқтату мүмкін емес. Біз мұнда айтып жатырмыз, ал анда табиғат өз дегенін жасап жатыр. Біздің «ұлы ғалымдарымыз» тұтас ұлтты жатырында өлтіріп жатыр. Ұлтты өлтіріп жатқан ғалымдар туралы не айтуға болады?» дей келе: «Мен ол жерде болдым. Маған оны көру өте ауыр болды. Нәрестелердің көзі жоқ, таңдайсыз туылып жатыр, басында шашы жоқ, аяғы, қолы жоқ балалар туылып жатыр. Бұл не сұмдық? Кімнен сұрауымыз керек? Кімге барып айтуымыз керек? Тұтас ұлттың жан азабын, қайғысын, қасіретін естірту үшін, бізді тыңдау үшін қандай тиісті орындарға дейін баруымыз керек?» – деп шырылдайды.

Ұлтының тағдырына алаң көңілін осылай жеткізген атақты әншінің бұл батырлығы мен қайсарлығы бүгінгі күн үшін де өте маңызды.

Қастерлі Тәуелсіздігіміздің ақ таңын атқызған Желтоқсан көтерілісі кезінде де жалын атқан жастар алдына шығып, тоқтам сөз айтқан ерлігі жайында аз жазылып жүрген жоқ. Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхан: «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деп айтқанындай, ұлтының басына түскен қасіретті бүкпесіз жария етуге екінің бірінің жүрегі дауаламас тұстағы әншінің бұл өжеттігі мен өткірлігі ұрпақ үшін өшпес өнеге.

Анамыз шындықты сүйетін

Марал БАҒЛАНОВА, келіні:

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының ұлтымыздың  мақтанышы болған анамыздың жүз жылдық мерейтойын кең ауқымда атап өтуге айрықша көңіл бөлуі – біз үшін қуаныш. Менің енем қазақ халқының ұлттық өнерін, сонымен қатар, оюлы камзол, бүрмелі көйлек, үкілі тақия сынды ұлттық киімдерін тастамай, әлем сахналарында ән айтқан, есімі алтын әріппен жазылған адам. Әйгілі әншінің мол мұрасын халыққа, келешекке жинақтап, жеткізуші келіні әрі қызы ретінде шамам келгенше еңбектеніп жүрмін. Мамамыздың өнер көгіндегі жұлдызының одан бетер жарқырай түсуіне қолдан келгенше септігімді тигізгім келеді. Менің орнымда басқа адам болса да тарих үшін осылай жасар еді. Ол кісінің жүрегі «қазақ» деп соққанын, халқын дүниежүзіне танытқан адам ретінде насихаттау перзенттік парызымыз. Бұл орайда, ең біріншіден, өнерін, қаһармандығы мен батылдығын, патриотизмін насихаттауымыз керек. Өткінші өмір болғандықтан ол кісінің ерлік істері де ел есінде сақталса құба-құп.

Осы уақытқа сай "Инстаграм" парақшасы ашылды. Мұрағат құжаттары, бейнетаспа, фотоларын жинап, жүзжылдыққа дайындалдық. Фотолары өте көп. Үнді, Қытай, Корей елдеріне барғандағы гастрольдік сапарлардан, мысалы, Варшава, Будапешт, Мәскеуге жиі барған, Лениннің 100 жылдығына орай дүниежүзін аралаған екен. Сол сапарларын көрдім архивтен. Сондай-ақ, орден, медальдарының куәліктері сақталған. Мұндай дүниелері өте көп, үлкен еңбек жасалды. Балаларымыз жас болғандықтан үйден ұзаққа кету қиындау, сол себепті журналист Айдар Жорановтың көп көмегі тиюде. Жалпы, архивті жинастыру жұмысына анамыз өмірден өткен 2011 жылдан соң және кіші баламыз дүниеге келіп, етек-жеңімізді жинағаннан кейін кірістім. Шамамен 10 жылға жуықтады. Алғаш Астанадағы Қазақ радиосына барып мамамның ғана рояльмен ән салғандағы дауыс жазбаларын тазалаттық. Содан соң 2015 жылдан бері Алматыдағы мемлекеттік мұрағаттан іздеу жұмыстары басталды. Аралға араша түскендегі бейнетаспаны сол мұрағатты ақтарып жүріп тауып, ютубқа салдық. Бұл үлкен қаралымға айналып, өте көп пікір туғызды. Осы бейнетаспа арқылы Халық Қаһарманы атанған анамыздың қайсарлығын, ел мен жер тағдыры үшін жанаярлығы жоғын көрдік.

Жалпы үйде де, түзде де турашыл болуды, әділдікті, шыншылдықты сүйетін мамам жасанды қылықты жақтырмайтын еді. Ол кісі өте шыдамды, адамның көңіліне қарайтын. Ашық адамдарды жақсы көретін. «Аузын ашса, жүрегі көрінетін адамды жақсы көремін» дегенді жиі айтып отыратын.

Халқы сүйіп, қадірлеген анамыздың «Айналайын халқымнан еркелеткен» деген кітабы жарық көрсе, оны «Аһ, Самара-городок» деген атаумен орыс тіліне аударып, шығардық. Сонымен қатар, әйгілі әнші анамыздың 100 жылдық мерейтойына орай, «Хабар» арнасы сегіз сериялы «Бұлбұл» фильмін экранға шығарды. Онда анамыздың өмірінің жарқын сәттері, қилы кезеңдері суреттеледі. Осы фильм арқылы да мамамның қайраткерлік қыры айқын ашыла түседі. Әсіресе, Аралдың жан айқайын жеткізген азаматтық үні оның жай әнші емес, ұлт жанашыры екендігін көрсетеді.

Телехикаяның продюсері Гүлнұр Мамасарипова екендігін ерекше атағым келеді. Халық әншісінің 50 жасқа дейінгі өмірін Астана мюзикл театрының актрисасы Зарина Жакенова сомдаса, одан кейінгі өмірін Әуезов театрының әртісі Күнсұлу Тұрғынбекқызы бейнелейді. Фильмнің көп бөлігі өз шаңырағымызда түсірілді. Сондай-ақ, «Өнер» баспасынан әнші өмірінен «Фотоальбом» шығады. Осы ғасырлық тойына орай Қызылорда мен Алматы қалаларынан ескерткіштері  бой көтереді деп жоспарлануда. Асылын қадірлейтін елі барда, ізін жалғастырар өнерсүйер ұрпағы барда анамыздың осындай игі істері жалғаса бермек.

Нұр шашып тұратын

Сұлушаш НҰРМАҒАМБЕТОВА, ҚР еңбек сіңірген әртісі:

– Жас шағымнан Роза апайға (апай дейтінмін) қатты еліктеп өстім. Ол кісінің  орындауындағы әндерді айнытпай салуға тырысатын едім. Білім қуып, студияға келгенде де «Роза апай болып» келдім. Апай орындаған халық әндері «Сәулем, сәулем, сәулемсің», «Бейбітшілік тулары берік қолда» деген әндерін айтып, өзім армандаған әртістің оқуына түстім. Профессор, ҚР-ның Халық әртісі Бекен Жылыспаевтың класына қабылдандым. Ағай әннің қыр-сырын үйретеді. Байқаймын, даусым өзгеріп барады. Бір күні Бекен ағай: «Сұлушаш айналайын, әр әншінің табиғат берген өз даусы болады, сенің де өз даусың болуы керек» деп аға өз даусымды қойды. Ағаға рахмет!

Республикалық эстрада-цирк студиясын бітіргеннен кейін Мәдениет министрлігінің жолдамасымен «Қазақконцертке»  әнші болып қабылдандым. Ауылда жүргенде дауыстарын радиодан естіп жүрген Кеңес одағының Халық әртісі Роза Бағланова, Қазақстанның Халық әртістері, биші Шара Жиенқұлова, Нұрсұлу Тапалова, Мүсілім Абдуллин, Жүсіпбек Елебеков, басқа да өнердің таудай тұлғаларын көрдім. «Жұлдыз едім, ай едім» деп ешқашан көкірек қақпаған нағыз жұлдыздардың ортасына келдім. Бақытты сәттерім басталды. Осы атақты әртістердің жеке-жеке  бригадалары бар (ол кезде бригада деп атайтын).

Роза Бағланова апайдың жеке ансамблі болды. Концертін жүргізетін конферансье Гүлшара Есетова, (Гүлшара тәтені «Жарқылдағым» деп атайтын) Қуаныш Абдухалимов, Қазақстанның Халық әртісі, күйші Әзидолла Есқалиев сияқты аға-апайларымыз Роза апайдың ұжымы. Отбасы жағдайына байланысты ауысып тұрады. Мен Роза апаймен бір мекемеде қызмет еткеніммен гастрольге шыққаным жоқ. Ол кісі көбінесе күйші, биші, конферансье ғана алатын.

Әрине, бір мекемеде жүрген соң әртүрлі жағдайда кездесіп қаламын. Апайды көрудің өзі бір бақыт еді. Ол кісі «Қазақконцерттің» табалдырығын аттаған кезден бастап-ақ айналасына нұрын шашып тұратын. Апайдың киім киісі, әсіресе, аяғындағы биік өкшелі, кейінгі платформа туфлилері, маған бәрі таң. Мен «Қазақконцертке» келгенде апай небәрі 50-ақ жаста екен. Қуыршақтай құлпырған, өте көрікті, нағыз сұлу, көздері ботадай, жарқ етіп қарағаны қандай әдемі еді?! Апаймен амандасудан әрі аса алмаймыз. Алматы қаласында өтетін концерттерде бірге қатысып жүрдім. Апай орындаған «Іңкәрім-ай» әнінің нағыз шарықтап тұрған кезі.

Бір күні радиоға бардым. Алдымнан атақты диктор Әнуар Байжанбаевтың ұлы Арыс кездесіп қалды. Амандық-саулықтан кейін, «Іңкәрім-айды» айтасың ба, Роза апайдың минусовкасы бар» деді. Әрине, қуанып кеттім. Бірақ апайдың тональсімен екен. Сонда да айттым. Қуанышымда шек жоқ. Радио менің орындауымдағы «Іңкәрім-ай» әнін алтын қорға қабылдапты. Кейде радиодан эфирге жіберіп тұрады. Күндер өтіп жатты. Бір күні «Қазақконцертте» екінші қабаттан баспалдақпен түсіп келе жатсам қарсы алдымда Роза апай  көтеріліп келеді. «Сәлеметсіз бе?» деп өте беріп едім:

– Әй, мында кел, иә, «Іңкәрімді» айтыпсың ғой? – деп сұраулы жүзбен қарады.
– Иә, апай, – дегенімше: 
– Мм, ничего!, – деп ботадай көзін жарқ еткізді де көтеріліп кетті. Мен ұрсатын шығар деп ойлап едім. Апайдың ренжімегеніне қуанып жүгіре жөнелдім.

Жақында апайдың 100 жылдығына орай 8 сериялы «Бұлбұл» фильмі түсірілген екен. Соның премьерасына шақырды. Экранда апайдың өмірі сырғып өтіп жатыр. Апайдың өмір жолын жақсы білген соң «не деген мықты, нағыз аңыз адам ғой» деп көңілім босап қарадым. Ал апайдың ұлы Тәженінің жұбайы Марал нағыз адал келін. Апайдың әр затын көзінің қарашығындай сақтап келеді. Қазағымыздың қайталанбас Розасы «Айналайын халқымнан еркелеткен», «Сенің табаныңа кірген тікен, менің маңдайыма кірсін» деп өмірден өтті.

Иә, күллі әлемге танылған күміскөмей әнші Роза Бағланованың өшпес өнері мен қаһармандық келбеті, жарқын бейнесі халқының жүрегінде мәңгі сақтала бермек!

Ұлбосын ИСАБЕК

Алматы қаласы