ДАРА КІМ, ДАРАҚЫ КІМ, АЖЫРАТУДАН ҚАЛДЫҚ. КӨҢІЛДІҢ КЕЙБІР СӘТТЕРІ

Уақыты: 27.09.2022
Оқылды: 1770
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

ҰЙҚЫДАН ОЯНБАҒАННАН 

Түн ортасында көшеде кетіп бара жатқан адамның жүрісіне, оған үрген итке қарап, оның кім екенін, қандай оймен, қандай бағытта кетіп бара жатқанын біле аласыз ба?! Қарақшы ма, баукеспе ұры ма, таһажуд намазын оқуға мешітке кетіп бара жатқан тақуа ма, әлде жезөкшөнің қойнынан шыққан зинақор ма, мүмкін, өгей әкесі үйден қуған жетім бе?

Түн ортасында барлығының жүрісі бірдей естіледі. Сондықтан, ұйқылы-ояу жатып көшедегі аяқ тықырынан адамын тану мүмкін емес. Таң атып, күн шыққаннан кейін де көп адамның болмысын танып біле алмайтындығымыз ұйқыдан әлі оянбағанымыздан.

ШЕШЕН МЕН МЫЛЖЫҢНЫҢ АЙЫРМАСЫ

Тойға бардық. Әдеттегідей топырлатып ортаға шығарып, сөз беріп жатыр. Айтары болмаса да, бірауыз сөйлеп қалу қатардан қалмаудың көрсеткіші сияқты. Біздің топтан да бір ағамыз біраз көсілді. Бір қарағанда сөздері жатық, тегіс жолға түскен мәшине сияқты.

Сөз ағылып жатыр. Бірақ қанша мұқият, зер сала тыңдасам да, еш сөзі елең еткізбеді. Біз кейбір адамдар жайында: «Мынау сөзге шешен екен, ағып тұр ғой», - деп мақтаймыз.

Жалпы, шешендік деген көп сөйлеу дегенді білдіре ме? Тарихта өткен шешендірдің қай-қайсысы да, белгілі бір жағдайда айтылған бірауыз сөзімен бізге жетті. Шұбартып малтасын езіп отырған шешенді білмейміз. Ондайларды бұрын мылжың дейтін. Қазір мағынасыз көпіріп сөйлейтіндер көп пе, әлде қысқа-нұсқа сөйлегенді түсіне алмайтындар көп пе? Шешен мен мылжыңды айыра алмайтын болдық па? Осы сұрақтың жауабын ашып жазайын десем, мыжып кететін сияқтымын.

ӨМІР – БӘЙГЕ,  МӘРЕ ҚАЙДА?

«Біреуден кейін, біреуден ілгері өмір сүріп жатырмын» немесе «елден озбай, көптен қалмай тірлік етіп жүрмін» деген сөзді жиі естиміз. Өзіміз де сан мәрте айтқан болармыз. Жақсы, солай-ақ болсын. Сонда біреуден кейін қалғанда неден құр қалдық, біреуден ілгері болғанда не ұттық?!

Егер мына өмір бәйге, бірінші болмасаң да алдыңғы қатарда келуің басты мақсат болса, жеңістің туын көтерер мәре қай жерде? Оны кім белгілепті? Жүлдеге не тігіпті? Бірінші болып келу үшін қандай талаптар қойылған? «Жеттім» деп қанағат етер жер бар ма? Егер мәре сызығы сызылмаса, жүлде тігілмесе, қашанғы бел буулы, жең сұғулы жүреді. Қай жерге дейін алдыға түсемін деп шапқылай бересің?

Жақсылық пен жамандық, адалдық пен арамдық, шындық пен өтірік, дарындылар мен дарынсыздар, тағы да басқа өмірдің күнгейі мен көлеңкесі қатар жүретін мына жалған дүниеде осылардың қайсысын ерттеп мінсең көштің соңында, шаңның астында қалмайсың? Үкілеген өз құнанын өзгелердің тұлпарынан артық көретіндер төрешісі жоқ тартыста төр менікі демесіне кім кепіл? Еңіске салсаң, ері мойнына кетпейтін, өрге салсаң, шашасына шаң жуытпайтын көк жорға бәрімізге бірдей бұйырмайтыны да белгілі. Тігілген жүлде де екінің бірі етегіне іліп кете беретін жолда жатқан түйіншек емес. Сонымен, кімнен ілгері, кімнен кейін екендігімізді қалай анықтаймыз?

АЙЛЫҒЫМ БІЛІМІМЕ ҚАРАЙ

Білетіндері бит терісіндей болса да, биттің астындағыны ғана білмейтіндей көрініп, жалғанды жалпағынан кешкендей терісіне сыймай, кеудесіне бес бөлке нан пісіп отыратындар бар. Сондайлардың көптігі ме, дара кім, дарақы кім, ажыратудан қалдық.

Бірде Халифа Һарун Рашид Имам Юсуфтан бір мәселе жайында сұрайды. Имам ол мәселеден бейхабар екенін, білмейтіндігін айтады. Сонда Халифаның көмекшісі: «Сіз жалақы аласыз. Неге білмейсіз?» - деп сөзге араласыпты. «Менің айлығым біліміме қарай. Егер надандығыма қарай болса қазына жетпейтін еді», – деп Имам Юсуф жауап берген екен. Біздегі көп дүниенің жетіспеуі біліміне, біліктілігіне емес, надандығына жалақы алып жүргендердің көптігінен емес пе?

Қызара батқан күнге қарап, аз уақыттан кейін мына жарық дүниені көзге түртсе көргісіз қараңғылық басатынын, күні бойғы азан-қазан саябырсып, адам баласымен бірге табиғат та ұйқыға кететінін білесің. Білесің де, қайсысы мықты – жарықтың шымылдығын жапқан қара түнек пе, әлде қараңғылықты түріп тастайтын жарық па деп ойға қаласың.

Жауабы табыла бермейтін осындай сұрақтар қаншама? Уақытқа байланысты да пікірлер жетерлік. Біреулер заман өтіп бара жатыр десе, енді бірі заман орнында тұр, біз өтіп барамыз дейді. Кейде жоғалтқан қымбат дүниемізді жоқтап, қайғы-мұңға берілеміз, өзегіміз өксікке толып өкінеміз. Бірақ бізді осындай күйге түсіретін жоғалған дүниенің өзі емес – жоғалтып алдым деген ой.

Ал әр күніміздің қанша сағатын босқа өткізіп жатырмыз. Сол жоғалған уақыттарды ойлап өкінбейміз. «Мына бір дүние уақыт өткізгенге жақсы» деп айтатын кездеріміз де бар. Кейбір сәттерде уақытты асықтырамыз. Тезірек сенбі болса, көп күттірмей жаз шықса, балам ертерек ер жетсе, немере көрсем, тағысын тағы, жалғасып кете береді.

Бүгіннен емес, ертеңнен үмітіміз көп. Бала кезімізде: «Уақытым өтіп барады», - деп отырған қарияларды көріп едік. Алпыстан асқанда уақыттың қадірін біле бастадық.

Жұмахмет ЖАНАХМЕТҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі