САЗ САҢЛАҒЫ

Уақыты: 25.06.2023
Оқылды: 2576
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қазақ классикалық саз өнерінің негізін салушылардың бірі – ұлт мақтанышы Мұқан Төлебаевтың туғанына 110 жыл.  Сазгердің соңына қалдырған мол мұрасы елімен бірге жасай беретіні сөзсіз. Туындылары елімізде ғана емес, әлем елдерінің сахна, театр төрлерінде қойылып, тыңдалып келеді. Ол туралы көркем шығармалар, естеліктер, ғылыми зерттеулер жазылған. Біз бұл мақалада  Мұқан әкемнің анасы Тәжібала Ақшалқызы әжем жайында айтпақпын.

...Тәжібала ері Төлебаймен тату-тәтті өмір сүрді. Алайда, балалы болу жағынан қиыншылық тартқанын сирек те болса айтатын. Мұқан әкемізге дейін төрт-бес перзенті шетінеп, денсаулығы да сыр берген екен. Ол зарығып, сағынып күткен осы ұлын үнемі Мұқажан деп атаушы еді. Мұқажанына аяғы ауырлағанда әжеміздің жасы 24-25 -терде екен. 

2013 жылы М. Төлебаевтың 100 жылдық мерей жасы кеңінен аталып өткені белгілі. Осы айтулы кезеңге Төлебай әулетінің атынан бес кітап басылып шықты. Соның бірі  менің туындым – «Мәнді ғұмыр – мәңгі саз». Бұл шығарма әжеме арналған естелікпен кітап бетін ашады. Оның аналық қиын тағдыры әкем Әбілмәжіннің естелігі бойынша баяндала келе  өлең шумақтарымен, әжемізге бағытталған арнаумен жалғасты.

...Біздер – Айдар, Майра, Дина, Бақыт, Гүлзира, Мұқанның кенже інісі Әбілмәжіннің балалары, ата-анамызбен, әжеміз Тәжібаламен бірге тұрдық. Әжеміз әдемі киінгенді, тазалықты ұнататын. Барлық көйлек-көншектері жеке сандықшасында ұқыпты бүктеліп сақталушы еді. Әсіресе әдемі кимешектері жинақыланып, теп-тегіс күйінен ауытқымай салынатын. Осы нәрселерін талай рет реттестіруге көмектесетінбіз. Әжемнің ақылымен Мұқан әкемізді Мұқан ата, ортаншы әкемізді папа, өз әкемізді аға деп атадық. Әкелеріміздің есімдері Мұхаметсәлім, Ахметәлім, Әбілмәжін деген күрделі атаулармен аталған себебін сұрағанымызда әжем жауап беруге асықпады да, жақтырмады. Біраз уақыттан кейін ғана ұлдарын құдай тағаланың аяушылықпен бергенін, енді бұл туралы сұрамау керектігін айтты. 

Әжеміз айтқан әңгімелерден сіңлім Бақыттың есінде сақталып қалғаны – аяғы ауырлаған кезде көрген түсі. Ол түсінде ірі, қанатын қағып-қағып ұшып кетпекке ұмтылған құсты көреді. Ұшып кетеді-ау дегендей тез қимылдап, аяғынан ұстап қалады. Бірер күн өткен соң осы түсін айнытпай қайта көреді. Іштей таңырқап, ешкімге жария етпей, ауыл молдасына түсін жорытуға барған Тәжібала қуанып келіпті. Жорамалдаған молданың сөзі бойынша құдай тілегін беріп, перзентті болады екен, оның есімін Құраннан қарап қою қажет. Себебі, құдайдың мейірімі құс болып көрінген. Бірақ оның қандай құс екенін білмеген әжем немересі Бақытқа өз қалауымен лайықтап «бопанай» деп атағанын айтыпты. Кейінірек Бақыт менен бопанай деген қандай құс екенін сұрағанда, мен ешқашан бұл туралы естімегенімді, қандай да бір әдебиеттерден кездестірмегенімді таңдана отырып жеткізіп едім. Сөйтіп, менің есімнен бопанай шықпады, ойша іздестіре келе сөздің төркініне жүгіндім. Біздің туған ауылымыз бұрынғы «Үлгі», қазіргі Мұқан Төлебаев атындағы елді мекенде, соған жақын ауылдарда «бопа» деген диалект бар, ол әдеби ортақ тілдегі «бөпе» яғни – шарана, сәби. Әжеміз ділмар, шешен адам еді. Аталуын білмеген құсты бопанай деген екен-ау! Мен өзімше осылай топшыладым. Басқадай болуы мүмкін емес. Бақыт та біраз қазақ тілі, биология мамандарынан, жоғары оқу орындарында бірге еңбек еткен әріптестерінен сұрастырған екен, алайда бопанай жайында мәлімет болмайды. 

«Қазақстан тарихы» порталында 2019 жылғы 16 қыркүйекте «Символ музыкальной культуры Казахстана» атты Аян Әденнің мақаласы жарияланды. Біз іздестіріп жүрген мәліметті осы мақаладан оқыдық, автордың дұрыс дерегіне әрі риза болдық, әрі таң болғанымызды да жасырмайын. Алдында баяндағанымыздай, Тәжібала әженің көрген түсі, құсты «бопанай» дегені Әденнің мақаласында орыс тілінде баяндалған, алайда дерек аз ғана адамдар еншісінде болатын. Десек те әкеміз Мұқан Төлебаевтың өміріне қатысты мәліметтердің жарияланғанына қуаныштымыз. 

М. Төлебаев қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында сан алуан формада саз өнерін түрлендіріп, қазаққа мол мұра қалдырған халқының асыл перзенті. Анасы Тәжібала Ақшалқызы ешқандай мектепсіз сөзді түрлеген, табиғи дарыны баласына берілген бақытты ана. Ол 1946 жылы қараша айының 6-сы күні қазақ операсының жауһары «Біржан – Сараның» алғашқы қойылымын тамашалаған сәтін ешқашан ұмытпай, мақтанышпен баяндап отырушы еді. Сол күні ұлына бата бергені, Тәжібала әженің өз ойы мен арагідік айтып қалған сөз түйдектерінен жазылған батасы кітапқа енгізілді.
 «Мен сенің тілегіңді өмір бойы тілеймін, жарығым, ал енді жай қолыңды! 
Ол осыны айтты да көрпенің үстіне жайғасып отырып:
Өрнектеп өлең айттым күнімізде,
Сұңғыла сөз берген соң тілімізге.
Аққу-әнім бақ болып саған қонды,
Жалғап тәңір бірімізді бірімізге.
Көрген соң Сара ақынды, сал Біржанды,
Күмбірлеп көңіл тасып, көз қуанды.
Алдында әлеуметтің  қайта айтысқан
Жүйріктер, желеп-жебе Мұқажанды...»,  – деп бетін сипады.
Мұқан анасының алдына келіп  қолын қысты, мейірімге толы жанарымен аялай қарап, кішкене ғана анасын құшағына алды.
...Ол көп кідірместен, өзі айтқандай «Біржан – Сара» операсын қайта-қайта қарап, өңдеп, кей жерін қысқартып, 1949 жылы қайта қойды. Осы қойылымнан кейін М. Төлебаев Мемлекеттік сыйлыққа ие болды.

«Баталы ұл арымас» дегендей, 1958 жылғы  соңғы көрсетуге  орай КСРО Халық әртісі деген жоғары атақты Қазақстан композиторлары ішінде ең бірінші болып алған М. Төлебаев екеніне тарих куә. Ол сөз бен ән құдіреті арқылы  Біржанға, Жетісудың бұлбұлы Сараға өшпес белгі – өміршең туындысымен ескерткіш қойып кетті. Сонымен бірге қазақ музыкасының алтын қорына «Біржан – Сара» операсын табыстап, еліне де, өзіне де мәңгілік бақыт сыйлады. Бұл туындысымен қазақтың біртуар композиторы тек қазақ халқының ғана емес, түркітілдес елдердің де мәдениетіне үлкен үлес қосты. ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы Мұқаңның 100 жылдығы тойланған 2013 жылды «Мұқан Төлебаев жылы» деп жариялап, Түркияның Самсон қаласында бірқатар мәдени шаралар өткізді. Одан басқа композитордың атын ұлықтау, ұрпаққа насихаттау мақсатында әр жылдары Семейдің музыкалық училищесі, Балқаш көліндегі теплоход, бірнеше орта мектеп, Алматы қаласында, тағы басқа да елді мекендердегі көшелер қазақтың біртуар композиторының есімімен аталды. Мұқаңның 100 жылдығында Талдықорған қаласында ескерткіші, Лепсі стансысында Мұқан Төлебаев мұражайы ашылды. 

Жетісу халқы – қадірлі төркін жұртымның Мұқандай төл перзентінің рухына арналған құрметін көріп, тамашалап жатқанына қуаныштымын. Сонымен бірге киелі Жетісу жерінің ардақты ұлы  М. Төлебаевтың 110 жылдық мерейлі жылымен құттықтаймын! Еліміз аман, жұртымыз табысты болуын тілеймін. 

Майра ТӨЛЕБАЕВА
Ақтау қаласы