РУ ЕМЕС, РУХ ТОҒЫСТЫРҒАН

Уақыты: 27.08.2023
Оқылды: 1417
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Әлдеқалай көзіміз шалып қалған бір сын бар: «Осы қаламгерлер бір-бірі туралы естелік жазса, аудиториядан бастайтыны несі?» деген сыңайда. Бізді де сынасын, бірақ Азат досымыз туралы мақаланы сол бірінші курстан бастауға тура келеді.

Негізі, бүкіл қазақ даласынан таланттардың жиналып, басы қосылатын жер – бірінші курстағы алғашқы аудитория. Нанбасаңыздар, Мұхтар Мағауиннің «Әбіш екеуіміз» атты эссесін оқыңыздар. Бірі Шұбартаудан, бірі Маңғыстаудан, енді бірі Түркістаннан шыққан үш таланттың танысқан жері – университеттің аудиториясы. Үш талант – қазақтың бағына біткен Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбай және Нұрмахан Оразбек.

Сол сияқты 1976 жылы қыркүйек айының ең басында Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінің аудиториясына ойында арман, бойында талант бар елу жас қыз-жігіт тоғыстық. Оқуға енді түсіп, дәріс жазу мен кітап кеміруге, осылайша журналист мамандығын меңгеруге ниет еткен елуіміз Қазақстанның он алты облысы мен кемінде қырық бес ауданынан келіппіз.  Ол тұста орыстанып кеткен Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарынан ешкім болмады. Есесіне, Жамбыл мен Шымкент, Талдықорған мен Семей облыстарынан қатарынан бірнеше абитуриенттің бағы жаныпты. Торғайдың өзінен үш жігіт оқуға түскен.

Ол кезде ешкім ру сұраспайтын. Оны білмейтінбіз. Тек кім қай облыстан екенін білдік. Әрі кетсе ауданын қоса айтатын. Болды.

Имандай шынымыз, өзіміз бірге оқыған сол елудің ешбірінің руын сұрамаппыз әлі күнге. Бірнеше басылымды басқарған, күллі Қазақстанға танымал Жұмабек Кенжалиннің, Атырауда ақпарат холдингіне басшылық еткен Өтеген Наукиевтің, Шымкентте бірнеше газетті бір-ақ ашып, жекеменшік «Замана» деген ірі медиа компания құрған Иса Омардың, Аралда туып, Қапшағайда өсіп, Астанада тұрып, «Күлпет» романымен «Меценат» қорының өмір бойы ай сайынғы 500 долларлық бәйгесін жеңіп алған Шархан Қазығұлдың және басқасының руын білмейміз. Білгіміз де келмейді. Білетініміз, бәрі талантты да талапты еді. Көбі діттеген жеріне жетті, кейбірінің ғұмыры келте болып, көздеген мақсатын толық орындай алмай кетті.

Оқуға түскен елудің жартысынан көбі әскер қатарында болғандар немесе екі жылдан артық еңбек еткендер екен. Деканымыз профессор Темірбек Қожакеев олардың ішінде ересек 25-ін іріктеп бірінші оқу тобын құрды. Басқасын мектепті жаңа бітіріп келгендерге қосып екінші топты жасақтады.

Екінші топтағының арасында Азат Жақыпбеков те болды. Ұзын бойлы, сұңғақ денелі, бұйра басты бозбала Талдықорған облысы Алакөл ауданынан келіпті. Мектеп табалдырығынан енді шыққанның бірі. 

Ең бірінші әсер еткені – асқан тәрбиелі екен. Журналистикада аннан қашқан, мыннан қашқан дегендер жоқ, бірақ аузымен орақ оратындар баршылық. Өткір сөйлеймін деп өркөкіректік танытатындар да болды. Ал Азат ұстаздар алдында тұрмақ курстастарының ортасында үнемі сыпайы сөйлейтін. Бес жылда биязы болмысынан бір айнымады.

Оның мықты тәрбиесінің негізі отбасынан екенін кешікпей өзіміз көрдік. Бірде Алакөлден әкесі келді. Мығым, салмақты кісі екен. Осы қалпы бізге сабақ беруге жарайтындай білімі барын бірден аңғардық. Көргенді, көшелі адам бір сәтте бәріміздің әкеміздей бола қалды. Аудандық оқу бөлімінің бастығы екен.

Ол ештеңе емес, бірнеше рет анасы келді. Баласының қалай оқып, қайтіп тұрып жатқанын білуге. Елу студенттің ішінде ең болмаса бесеуінің не әкесі, не шешесі «баламның жағдайын байқайын» деп университетке, жатақханаға келіп пе? Жоқ! Жалғыз Азаттың әкесі де, шешесі де келді. Анасы баласын аймалап қоймады, қатар оқитын жиырмашақты жігітке бірнеше рет ас пісірді. Әрі әрбіріміз өз анамыз келгендей мәз-майрам болып қалдық.

Баласының сабағын қадағалау ештеңе емес, Азаттың ата-анасы оның еңбек семестрі қалай өткенін білуі адам нанғысыз жағдай еді. Ол кезде күзгі және қысқы семестрден кейін студент не ауыл шаруашылығы жұмысына қатысады, не студенттік құрылыс отрядының құрамында болады. Бұл – қазір ұмытылған нәрсе, ал біздіңше одан болашақ маманға пайда болмаса зиян жоқ еді. Біріншіден, жаз айлары босқа өтпейді. Екіншіден, мемлекеттің экономикасына пайдаң тиеді. Үшіншіден, сол арқылы өндірісті, ауыл шаруашылығын, құрылысты танып-білесің. Төртіншіден, еткен еңбегіңе орай біраз ақша төлейді. Студенттік құрылыс отрядында болған үш айда 1 мың сом, Қостанайда ауыл шаруашылығы жұмысында болған 1 айда 250 сом қолымызға тиген. Ол кезде стипендия 40 сом ғана екенін ескергенде, мынау өте көп ақша. Біз соған мәз едік.

Ал Азат? Анығында Азаттың ата-анасы? Олар баласының қалай еңбек еткенін білмек болыпты. Содан оның үйіне Азат Жақыпбековтың жазғы семестрде ерен еңбек еткені туралы арнайы хат жолданыпты. Қай ата-ана баласы Нарынқолдағы немесе Қостанайдағы еңбек семестрінде не істегені туралы мәлімет, дерек сұрапты? Тек Азаттың әке-шешесі ғана. Сондықтан оның үлгілі де үздік болмауға хақысы жоқ еді.

Айтпақшы, содан болар, өзіміздің студенттік қабырға газетіне ол туралы әзіл өлеңде:

Бірінші жыл ССО-да

«Жақсы» деген хат алдың.

Екінші жыл сельхозда

«Озат Азат» атандың, – делінген.

Осылай оқыдық. Осылай аудитория мен құрылыс алаңында қатар жүрдік. Тек бесінші курсты бітіріп, жігіттер диплом алардан бұрын үш айлық әскери қосынға барғанда арамызда Азат болмады. Ауырып қалыпты, соған орай тиісті анықтамасын өткізіпті.

Содан кейін диплом қолға тиіп, тегіс жан-жаққа аттанғанымызда Азатты... әскерге алып кетті. Басқамыз Кеңес армиясынан үш айлық қосынмен құтылып, лейтенант атанғанда ол кәдімгідей екі жылдық қызметке кетті. Бір жылдан соң демалыс алып әскери әуе күштерінің погоны тағылған шинелмен келген. Алматының Максим Горький көшесіндегі тоғыз қабатты ғимараттағы газеттердің редакцияларынан жылы мекен тапқан бірнеше курстасымен амандасқан. Бұл кезде кейбір достарына қарын бітіп, бұғақ байқала бастағанда ол сыптығырдай ысылған жауынгер еді.

Біз жоғарыда сөз еткен «Әбіш екеуіміз» естелігінде Мұхтар Мағауин таланты енді танылып, қарымы жаңа ашылған Әбіш Кекілбаевты екі жылдық әскери қызметке күштеп алып кеткенін жазады. Досының жазуға, қалам сілтеуге аса қажет екі-үш жылын Кеңес одағы солай құртқанына назаланады ғой. Мынау да тура сондай кеп еді.

Бастан оны өткізген Азат әрі қарай өзінің туып-өскен Алакөл ауданындағы газетке қызметке тұрды. Басқасымыз құсап түрлі жолмен Алматыға келу үшін жанталаспады. Сөйтіп жүргенде бізді тағы табыстырған бір оқиға өтті.

Басқамыз үйлі-баранды болғанда Азат әлі бойдақ еді. Еңбектегі бақытын Үшаралда тапқанымен отбасылық бақытын Алматыдан іздеді. Онда курстастар Қали Сәрсенбай екеуміз «Егемен Қазақстан» газетінде істейміз. Қалидың келіншегі Таңсұлу да осы редакцияда қызметкер. Онымен бір кабинетте Ұлбала деген сұлу қыз жұмыс істейтін. Аралдан. Жұмысына жауаптылықтан басқа керемет әншілігі бар. Біз білгенде екі адам республиканың бас газетіндегі кабинетте домбыра ұстайтын. Бірі – атақты Ақселеу Сейдімбек ағамыз, екіншісі – Ұлбала қарындасымыз. Бұл кезде Ахаңның қызметі өсіп, «Білім және еңбек» журналына, одан академияның институтына ауысқан. Домбыраның қоңыр үні тек Ұлбала отыратын кабинеттен шығатын. Түскі үзілісте немесе кешке жұмыстан кейін. Өзі сұғынып тарта бермейді, ән сала қоймайды, біздер қиылып сұрағанда домбыраны қолға алатын. Дауысында бір ерекше тартымдылық бар. Қандай тартымдылық екенін өнерді жақсы талдайтын Қали дос сипаттай алар, ол біздің қолдан келмейді.

Азат кезекті еңбек демалысында Алматыға келіп, Қалиға жолыққанда Ұлбаланы көріп қалады. Танысады. Сөз байласады. Сонымен «Егеменнің» жақсы қызметкерін, бірден-бір әншісін жар етіп алып кетеді. Аралдың қызы Алакөлге келін болып түседі.

Біздің ел Алакөлден әріде, Тарбағатай төсінде. Жыл сайын жаз айында ауылға автокөлікпен барғанда Азаттың Үшаралының жанына өтетінбіз. Шешеміз қайтыс болғанда Алматыдан суыт кештетіп шығып, екі автокөлік толы адамды түн ортасында Азаттың үйіне алып баруға тура келді. Алдын ала айтпағанбыз. Өзіміз қаралы хабарды ести сала жолға шыққанбыз. Дос деген сондайда керек. Түн ортасында Ұлбала қазан көтеріп, Азат қайғымызға ортақтасып, жақсылап демалдырып, ертесінде Аягөзге қарай аттандырып салды.

Беріде және жолығып жүрдік. Алматы мен Талдықорғанның біріккен облысын Серік Үмбетов деген әкім басқарғанда журналистерді жинап, сый-сияпат көрсететін. Сонда Алматыдан біз, Алакөлден Азат келіп, амандық сұрасатынбыз. Бұл кезде аудандық газетті басқаратын. Бұрынғы Андреев ауданын қосып алған үлкен аймақтағы медиа менеджер еді. Ауданда қаншама әкім ауысқанымен Азат Жақыпбеков газет басшылығынан ауыспайтын. Бұл кезіндегі әкенің беделі, шешенің қамқорлығы емес, таза өзінің саяси салмағынан екені даусыз.

Соңғы жылдары Алматыда бірер рет кездестік. Жиындарда. Құшақтасып амандасамыз. Бұл оның бойы да, ойы да толысқан тұсы. Ұмытпасақ, сондай жиынның бірі республикалық «Қазақ тілі» қоғамындағы басқосу болуы керек. Азатты тағы бір курстасымыз Қайыммұнар Тәбей танымай қалғаны. Біз ол сәтті әзіл үшін пайдаландық. «Екеуіңіз танысып қойыңыздар, мына кісі Қайыммұнар» дедік бірін көрсетіп. Азат танып тұр, сонда да сыр бермейді. Өйткені, Қайыммұнардың студент кезіндегі аты Коммунар еді. «Ал мына азамат Азат Жақыпбеков» дегенімізде, курстасымыз «А-а, Азатсың ба?» деген.

Сондай уақыт өтті. Солай жастық өтті. Заман ағымымен аудандық газеттер жекешеге берілгенде Азат Алакөлдегі өзінің қырық жыл көз майын тауысқан, қаншама мақаласы шыққан, қаншама нөмірін редакциялаған газетін меншігіне алды. Жауапкершілікпен. Ынта-ықыласпен. Бір кездегі өзіндей етіп тәрбиелеген жастармен бірге сол газетті шығаруға кіріскен кезінде курстас достары, аймақтарда тұрса да аттары республикаға танымал болған Әмір Оралбай, Мұрат Әбуов, Мылтықбай Исмағұл, Болатбек Орманов, Абдолла Алти Сүлеймен, Жұмабек Кенжалин, Өтеген Наукиевтің соңынан о дүниеге аттанып кете барды.

Солардың бәрі ру емес, рух тоғыстырған азаматтар еді. Әрбірінің «ұлтым» деп соққан жүрегі тоқтағанмен атқарған істері ұлтының жадында жүрмек.

Қайнар ОЛЖАЙ