Кемел ТОҚАЕВ – 100: Шытырман штрихы һәм деталь

Уақыты: 01.10.2023
Оқылды: 1164
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Деталь – затты шындықтың бір қыры арқылы бар сырын тұтас, түгел және шапшаң танытатын нақты штрих. Детальдің басты бағалылығы – дәлдігінде. Ал, дәлдік шындыққа жанасымдылық.

З. Қабдолов

«Қалам және оның жазуына серт» деген Құрандағы қасиетті аятқа амал еткен кешегі Мұхтар Мағауиндер буынының терсіңді еңбек, тегеурінді екпінімен өмірге келген шығармаларын  оқып отырып адам жадына жарықшақ түсіретін эпизодтарды немесе ситуацияларды ой талқысына жиі саламыз. Өзгені білмеймін, өз басым шығарманың тіні мен тілі, өзегі, оқиғалары мен сыналап енгізген эпизодтарына жиі мән береді екенмін. Әйгілі шығармалардың бірегейі болған «Жан пида» (Плаха) романына классик жазушы Шыңғыс Айтматов «Бесінші мен алтыншы» новелланы сыналап кіргізеді. Бұл ұлттық рухтың ең асқақ шыңын айғақтайтын, күрескер халықтың арманшыл азаматтарының қара тұяғынан хәл кетерде бір-бірін асқақтата дәріптеп, ардақтай алғанын танытатын новелла еді.

Иә, Кемел Тоқаевтың «Сарғабанда болған оқиға» повесі туралы толғамымызды тиянақтар тұста біз әуелі біраз дүниеге түсінік бере кетуді жөн санадық. Соның үшін де Ш. Айтматовтың қиыс кетпес қаламына арқау болған тау халқының новелласын сананың сартап жылғасынан суырып алып, толғамға орап отырмыз.

Сол «Бесінші мен алтыншы» новелласының жалпы мазмұны былай: өз еліне үстемдік жүргізген басқыншы жұрттың саясатына қарсы шығып, туған халқының ұлы мұраты жолында басын бәйгеге тіккен 5 «ұлтшыл» перзент ақырында саяқ құрлы сая таппай сайын сахарада сандалып қалады. Өзге бауырластарының дені қамалып, жарымы оққа ұшып кеткен соң, ақырында ат түгіндей күрескерлерден сетінеп, селдір сақалдай сойдиып қалған әлгі бесеуі шегараның шебінде жолығысады ғой. Араларында алтыншы адам да бар. Ол кім? Әрине, солақай саясаттың сойылын соққан, әлгі бес қаһарман тұлғаны өлтіруге бұйрық алған жендет те баяғы.

Тамылжытып жазған новеллада Айтматов әлгі бесеу мен алтыншының диалогынан, жалпы новелладан оқырманның рухы ең асқақ дәрежеде атойлайтынын білген ғой. Содан барып қисынын тауып романға сыналап кіргізген. Хош, үңгірдегі бес ұлтшыл ұлы перзент сөйлесе келе бірі түрік топырағына, бірі басқа елге барып порттарда балық түсіріп, күн кешетінін айтады. Бір-бірін қимаған армандас, мұраттастар бір елде, бір жерде күн кешейік деп те толғанады. Арасындағы біреуі: «Біз өз ұлтымыздың жолбарыс жүректі батырларымыз. Өзге елде, жат топырақта ауыр бейнет арқалап, жүніміз жығылып, арып-ашып күн көруімізге шыдасақ та, сондай мүшкіл хәлімізді бір-бірімізге көрсетсек, асқақ рухымыздың семгені емей не? Ондайға әсте шыдай алмаспыз. Сондықтан алтаумыз алты тарапты бетке алып кетейік», – дейді (Кітаптағыдай сөзбе-сөз емес, мазмұндап жазып отырмыз).

Сұрқай түн, суық үңгірдегі бесеудің жалынды сөзінен қуат алып, арасында жанған отқа отын тасып жүрген әлгі жендет сол сәтте солақай саясаттың сілтеген қанжарын қалтқысыз нысанаға көздемей ме? Неге? Осынша рухты сөзді тыңдап, азаматтардың тұлғалығына, кісілігіне сүйсінгені қайда қалды? Жан сезіміне, жүрек қалауына қалайша қарсы шықты? Оны новелладағы: «Мен сендерді басқыншы жұрттың емеурінімен, тапсырмасымен жайратқан жоқпын. Осындай ұлтымыздың асқақ жаратылыстарын жат қияға, өзге топыраққа қимаған соң қорғасын оққа байладым. Сендер өз сахараларыңның барқыт топырағынан басқа мекенге лайық емессіңдер. Сендерді өзгеге қия алмайды екенмін», – деген сөзімен айшықтайды.

Осы орайда тағы бір дүниені термелеп кетсек дейміз.  Ол – ғұмырының жартысын түрмеде сарыққан, жазықсыз жаламен, солақай саясатпен сарсаңға түскен, 40 жыл абақты түбінде көзін ағартқан жазушы Қажығұмар Шабданұлының «Қылмыс» 6 томды романындағы бір ғана деталь. Жазушы оқу бағдарламасын еркін қабылдаған соң Қазақстанда басылып жатқан кітаптарды оқып, соның салдарынан (белгілі бір азаматтардың әшкерелеуімен) «қылмысты» болады. Әр тарауының беташарында  «Тергеушім, өтірік айтсам құдай тас төбемнен ұрсын» деп бастайтын Қажығұмар жат елдің саясатын үйреніп, (ұлы Қытай ғылым-біліміне «иланбай» жүргені оның жалпы айыбының алғашқы сатысы болатын) өз мемлекетінің бағдарламасын менсінбеді деген айыптан қашады-мыс. Сол себепті де қарамағындағы халықты қырғынға түсірген қытай әскерінің қылығын «Құдайдың ісі» деп айтқан достарымен бірге жаратқанға «тіл» тигізеді. Осы бір эпизодта таласқа түскен достары мен сатқын қандастарының айтысы адамның санасына едәуір жарықшақ түсіреді. «Құдайсыз қурай сынбайды» деген мәтелге сүйеп, мұны құдайға жабуға қарсылық білдірген аяр топ, Қажығұмарларды сүріндіруге тырысады. «Жоқ құдайдың ісі емес, қаныпезер саясаттың құрбаны» деген сөзді Қажығұмардың көмейінен суыра алмаған олар: «Сені кім жаратты?» деген ашық сауал тастайды. «– Әкем, әкемді әкесі... осылай кете береді» дегенінде, «көкіп» отырғанын білген аяр топ: «Түбіміз Адам ата пайғамбарға барып тірелмей ме?» дейді. Оған онсыз да жалалы Қажығұмар мен оның достары «Жоқ, маймылға барып тірелуі керек», – дейді ғой. Ал Қажығұмар, әрбір жаратылыстың бастауын, оған себепші болған «айғырын» атаудың, объективтік шексіз әлемнің өзімен ғана өлшейтін  тар шеңберлі қиялдың қаншалықты дәрменсіз екенін айтып, «Әкесіз бала туды ма?», «иесіз дүние жаралды ма?» деген сауалдардың жауабын ашық айтпаса да  әркім өз танымы арқылы түсініп қойғанын, мұндай таласта оң шешім айтса омақасатынын сырғақтата суреттеп шығады.

Міне, осындай, яки Ш. Айтматовтың тамаша эпизоды мен Қ.Шабданұлының жазбасын алға тартқанда біз нені айтпақ болдық. Соған оралайын. Әлем әдебиетіне олжа салған Шыңғыс Айтматовтың шығармасына енген новеллада ұлттық күрескерліктің, адамгершіліктің, ұлтжандылықтың ең асыл көрінісі мөлдір суреттелген. Мұны әдеби тұрғыда алып қараса ойды жетектейтін, белгілі бір шығармадағы сюжетке жан бітіретін «жанама» дүние деуге болады. Ал Қажығұмардың мысалы – идеясы шикі, талдап тұрып сынаса жалқы сөзбен тұжырар әлжуаз деталь деп тұжыруға болатын-ақ жазба. Бірақ, бұл екі мысалды таңдайға салып талмағандай ұзақ ой талқысына салса, бір-бір тарихты, бір-бір дәуірді айшықтайтын ғажайып дүние екенін көруге болады. Уақытысында қазақ әдебиетінің жас буыны (2000-2010 жылдарғы) жазған «Көлеңкеден түскен көлеңке», «Сағатыңыз неше болды жапырақ» деген секілді тармақтарды жекелей бөліп алып сынап, түкке тұрғысыз қылып тастаған әдебиеттанушылар да болды. Тіпті, жыр қағаны Жұматай Жақыпбаевтың «Маған егер қарамаса құбыла, мен де онда құбылаға түкірдім» деген сөзінен «шошынғандар» да пікір білдірді. Алайда, шындап зер салса бұл тармақтарда ғажайып ой, тазалық, теңдік жатыр емес пе?! Ақберен Елгезектің «Көлеңкеден түскен көлеңке» тармағының мағынасына мән бергендер тұлға емес, зиялы да емес, бірақ өзін сол санатқа жатқызатын, соңынан ерген азғантай топқа заңғар болып көрінетіндерді айтып отырғанын түсінуге болады. Сол секілді біздің жазбамыздағы Кемел Тоқаевқа қатысты айтқан мысал, берген сипаттаманы да теріске шығаратындар, түсінікке томпақ деушілер табылатыны анық. Десе де уақыт өте келе айтпақ ойымыздың, белгілеген нысанамыздың түзу екенін де оқырман қабылдар, түсінер деп үміттенеміз.

Хош, Кемел Тоқаевтың «Сарғабанда болған оқиға» повесіне ойысалық. Осы тұрғыда біз жоғарыда көрсетіп өткен Зейнолла Қабдоловтың: «Деталь – затты шындықтың бір қыры арқылы бар сырын тұтас, түгел және шапшаң танытатын нақты штрих. Детальдің басты бағалылығы – дәлдігінде. Ал, дәлдік шындыққа жанасымдылық», – деп келетін пайымын алға тартуымыз керек-ті.

Жазушы Кемел асқан ыждағаттылықпен повесіне детальдар мен эпизодтарды сыналай кіргізе білгенін көруге болады. Мәселен, шығарманың басындағы кісі өлімін ашу үшін із кескен Талғат Майлыбаев пен серігінің «Сарғабан» сазындағы (өрісіндегі) ізкесу процесін көз алдыңызға келтіріңіз. Қылмыс болған жерді төрт түліктің таптап тастағаны, арнайы жасақтың қылмысты әшкере ету үшін күнібұрын бос сабылып шиырлағанын жазушы айта келе: «Жаңалық таба қояр ма екенсіз?» деген сұрауды майор Ділдәбековтың аузына салады. Бұл сенімсіздік ишарасы оқырманды өзіне еліктіріп ала жөнелмей ме? «Талғат қалай табады екен, қылмыстылардың табан таңбасын саздағы сойдақ-сойдақ ізден қалай бөліп алады екен», – деген алаң ой біздің де қауашақта жаңғырыққаны анық. Алайда жазушы шашырап кеткен кристаль қиындыларын дәлдікпен құрастырғандай шығармадағы осынау жайты бар-жоғы 2 беттік жазбамен-ақ сипаттап шығады. Сондағысы: «...Рахымға жабылып (Рахымға тиіскен кісі кемінде екі адам болуға тиіс. Жалғызға бой бермес еді), пышақтап жатқанда, Көкмойнақ арсылдап жетіп келіп, азу тісін салып, жұлқына иесін арашалауға кіріскен. Иттің талағаны жанына батқаны сонша, қылмыскер мылтық дауысы естіліп қалады деген сақтықты ұмытып, жанын сақтау үшін дереу пистолетін суырып алып атады. Оқ Көкмойнақтың көзіне тиеді. Қорыққан ит те өзіне пана іздейтіні белгілі. Ол ауылға қарай қашады. Жұрт оны сол кезде көрген» (Повесьтен). Осылай баяндай келе жазушы Талғаттың логикасы арқылы сыналаған детальді көркем дәрежеде алып шығады. Оны: «Есіңде ме, сарапшы Көкмойнақтың қызыл иегіне ағаштың кішкентай жаңқасы кіргенін айтқан. Мен әдет бойынша «Қандай жаңқа? Жас ағаштікі ме?» – деп сұрай салдым. Сол сәтте ол сұраққа өзім де мән бермедім. Жабағымен әңгімелесіп отырғанда «Келі сияқты ескі ағаштың жаңқасы» деген сарапшы Мәруа Ибрагимованың сөзі есіме түсті, Көкмойнақ иесін арашалауға ұмтылып, қылмыскердің біреуін қапқан кезде тісі ағаш аяққа тиген. Қызыл иектегі жаңқа содан қалған деген тоқтамға келдім. Өзімнің осы долбарымның дұрыс-бұрыстығын анықтау үшін мен күні бойы ағаш аяқтың өкшесі батқан шұңқырды іздеген едім. Оның қалай табылғанын өзің көрдің», – деп суреттейді. Бұл орайда, әрине, әйгілі Қабдоловтың «Деталь –затты шындықтың бір қыры арқылы бар сырын тұтас, түгел және шапшаң танытатын нақты штрих», – деген сөзінің қаншалықты жүйелі айтылғанын, оған Кемел Тоқаевтың шытырман шығармасындағы осы бір дүниелер дәлел екенін аңғаруға негіз бар.

Шығарманы оқи келе, бұл айғақтан Талғат Майлыбаевтың оп-оңай айырылып қалғанын көресіз. Өйткені секемшіл Цой Борис Натановичтің күпшек аяғын отқа тастап, оның орнына балдақ бергені повесте айна-қатесіз жазылған. Енді ілгек тапты, енді қылмыскерді тұқыртар бұрыш табылды дегенде ол ілгек қаңылтырдай майысқыш, бұрыштың саңлауы барын оқығанда оқырман ретінде қара санды «әттеген-ай» деп бір ұрасың.

Асқан дәлдікпен атылған оқтай қаламы қиыс кетпеген Кемел Тоқаев осындай эпизодтар арқылы шығарманы барынша көркем жазып, келістіре бейнелеп шыққан.

Заманында заңғар ақын Мағжан Жұмабаевтың: «Толқынды толқын қуады, толқыннан толқын туады» деп жырлағанындай, өмірдің әр сәтінен өзге бір өмір жасап шығуға болады. Біреудің ағат істеген ісі келесі адамның ғұмырына орасан зор салмағын түсіруі мүмкін. Бұл орайда детектив жанрына соншама ықыласты болған, оқырмандарының дені классика мен детективті жөн көретін АҚШ-та бір шығарма (Авторы мен шығарма атауын ұмытып отырмын) көптің талқысына түскен. Жалпы мазмұны былай: жас отбасы жиі жанжалдасып, несие мен қарызға батқандықтан ажырасуға шақ қалады. Амалы құрыған күйеуі 9 қабаттан өзіне қол жұмсамақ болады. Ақыр аяғында терезеден секіріп өледі. Мәйітті сараптағандар 7 -қабаттағы құрылыс торкөзіне (сетка) асылып қалғанын, еш жері зақымданбағанын, бас сүйегіне тапанша оғы тигенін анықтайды. Әлгі әумесер кейіпкер оққа ұшып өлген екен. Жалпы сот процесі арқылы өрбіген шығармада заңгерлер өзіне қол салған азаматты айыпты деп табады ғой.  Қалайша? Қарызға батқан, әйелі ажырасамын деп қорқытқан азамат 8-қабатта тұратын кәрі ата-анасының үйін тартып алмақшы болады. Ол үшін жиі жанжалдасатын ата-анасына шырға құрады. Қарт әкесі шешесімен ұрысқанда қабырғадағы қосауызда алып атамын деп қорқытады екен. Ғұмырында оқтаусыз тұрған сол мылтықты баласы жасырынып келіп оқтап қояды. Мақсаты: «қоқаңдаған әкесі шүріппені басады, анасы өліп, әкесі түрмеге түседі» деген есек дәме. Бұл ойы орындалып жатса, бірі өліп, бірі ғұмырын түрмеде сарқатын ата-анасының бар мүлкі мұрагерлік жолмен өзіне тиесілі болады ғой. Оны сатып қарыздан құтылмақшы өзі. Алайда, бұл құрған жоспары зая кетеді. Өйткені әшейінде кәкір-шүкірге бола жанжалдасатын қарттар ай бойы саябырсып, бірін-бірі мәпелеп, тату ғұмыр кеше бастайды. Үміті үзіліп, терезе жақтауына келіп ұшып өлмекші болған азамат мына жарық дүниемен қоштасуды ойлап тұрғанда астынғы қабаттағы ата-анасы әдетіне басады. Оны ғазиз ғұмырмен қимай қоштасып тұрған әлгі әумесер естиді дейсіз бе? (Аяулы жанынан айырылмақшы болған азаматтық құлағы тарс бітеулі ғой). Сөйтіп 9-қабаттан секірген мезетте 8 қабаттағы әкесі оқтаусыз деп ойлаған қарудың шүріппесін басып қалады. «Құланның қасуына мылтықтың басуы» дегендей ғой. Терезеге қаратып атқан тапаншадан тұтанып шыққан оқ баласының миын мылжалап өткен екен. Сүлде 7-қабаттағы сеткаға ілінеді. Осылайша зерттелген оқиғадан заңгерлер атылған азаматты кінәлі қылып, ата-анасын қылмысқа итерді деп айыпталады.

Қарап отырсақ осындай күрт шешім, тың соқпақ Кемел Тоқаев шығармаларында жиі ұшырасады. Бір ғана «Сарғабанда болған оқиға» повесінде күпшек аяқтың ізі, Аиданың жазықсыз жазалы болуы, қазақ шалының қылмыскер Бориспен бір купеде елге оралуы сынды эпизодтар шығармадағы ситуациялардың ритмін шыңнан шыңырауға құлатып, шыңыраудан қайта шыңға шығаратындай дүние екені анық. Бұл орайда да «Деталідің басты байлығы – дәлдігінде» деген Зейнолла Қабдоловтың ойын негізге ала отырып, әдебиет зерттеушісінің көзтастар көкжиегіндегі дүниеге Кемел Тоқаевтың бара алғанын пайымдар едік.

Заманның заңғар жазушылары молынан туып, тағдырдан тақсірет тартқан, тарихтан тепкі көрген елдің рухын бекітіп, арманын асқақтату үшін қаламмен күш салған кезеңде тың соқпаққа түскен Кемелдің де елге берген осынау олжалы шығармаларын әр тараптан талдап шығуға болады. Біз осынау 3 бөлімнен тұратын тебіреніс-термемізде қал-қадіріміздің жеткенінше қаламгердің жазу стиліне, ой-өріс, пайым-парасатына, мол тәжірибесіне жүгініп, соны ашудың негізгі жолдарын іздеп көрдік. Кейбір дүниені тереңнен тарқатқанша, жұмбақ күйде қалдыруға, ойды бүркеуге, негізгі нысананы оқырман қайта оқыса екен деген мақсатта айқындамауды да мұрат еттік. Қалай десек те «қазақ детектив жанрының атасы» саналған тұлғаның әлі де айшықталар тұсы, жазылар, талданар дүниесі көп-ақ...

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ