ТІРШІЛІК НӘРІНІҢ ТАМЫРШЫСЫ

Уақыты: 24.10.2023
Оқылды: 1043
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ елдегі су ресурстарын тиімді пайдалану мен ауылшаруашылығын суландыру ісін жетілдіруді тапсырды. Тіршілік нәрін үнемдейтін озық технологияны жедел енгізуді міндеттеді. Ал жарты ғасыр бұрын осы істің бәрін табысты жүзеге асырған тұлға болды. Ол – Жалбақ Бабақұмаров.  

Қазіргі Жетісу, бұрынғы Талдықорған облысында кезінде бірнеше ауданды ортақ қамтитын «Суландыру жүйелерінің басқармасы» атты үлкен мекеме құрылған. Тікелей Мелиорация және су шаруашылығы министрлігіне бағынатын. Өткен ғасырдың 80-ші жылдары Жалбақ Бабақұмаров осы басқарманы басқарды. Оған Гвардия, Панфилов және Кербұлақ аудандарының суландыру жүйелері қарады. Ол Қоғалыда басқарманың екіқабатты еңселі кеңсесін салғызды. Ғимарат жарты ғасыр өтсе де әлі халықтың игілігіне жарап келеді. 

Бұл аудандар тау бөктерінде болғандықтан өзендері баршылық. Төмен жағында жерасты су көздері жеткілікті. Бірақ соның аз бөлігі ғана кәдеге жаратылған. Ауданаралық «Суландыру жүйелерінің басқармасы» құрылып, Жалбақ Бабақұмаров басшылыққа келген соң бұл салада теңдессіз ілгерілеу болды. 

Жаңа мекеме басшысы 3 ауданның шаруашылықтарына мелиорация мен ирригация картасын жасап, суармалы етуге болатын алқаптарды анықтады. Басқарма ұжымшар-кеңшармен шартқа отырды. Канал апаратын, арық шығаратын, құдық қазатын, не жайып, не жаңбырлатып суғаратын жүйелерді жобалады. Басқарманың жылжымалы-механикалы құрылыс колоннасы жобаны жүзеге асырды.

Осылай егістік, шабындық және көкөніс өсіру үшін суармалы танаптар игеріле бастады. Басқарма әр шаруашылыққа қанша мөлшерде су беріледі, қай арнамен жеткізіледі, соны есептейді.  Кешікпей 3 ауданның өндіретін өнімдері еселеп артты. 

Суармалы егіс алқаптарында өнім бітік шықты. Панфиловтағы жүгерінің даңқы Кеңес одағына тарап жатса, оның алқабын басқарма дайындап берген. Ауданда суармалы танап 50 мың гектарға жетті. Әр гектардан 80 центнер жүгері дәні жиналатын. Ал Гвардия ауданында 6 мың гектар алқап суармалы болды. Маусым сайын Алматыға 25-30 мың тонна картоп жіберетін. 

Замандастарының айтуынша, Жалбақтың қолынан қағазы мен қаламы түспейтін. Есеп шығаратын дәптері болатын. Танаптардың картасы папкасында жүретін. Құрғақ дән үшін қанша су кететінін есептейтін. Жүгерінің 1 центнер құрғақ дәнін жинау үшін 250 литр су керек дегендей. 

Мекеме егіспен қатар суармалы шабындықтар жасады. Мұнда көпжылдық шөптердің тұқымы себілді. Кемінде 3-4 рет пішен шабылды. Үш ауданда мал шаруашылығы өнімдері күрт өсті. Гвардия картоп, Панфилов жүгері, Кербұлақ астық қана емес, ет пен сүт өндіруде республикада алдыңғы орындардан көрінді.  

1984 жылы 23 қазанда СОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің №1082 «Елдің азық-түлік қорын тұрақты дамыту мақсатында суармалы жерлердің тиімділігін арттыру туралы» қаулысы шықты. Онда Қазақ КСР-інде суармалы алқап көлемін 3,5 миллион гектарға жеткізу қарастырылды. Жүгері мен қант қызылшасы дақылдарының көлемін суландыру жүйелері есебінен арттыру талабы қойылды. Су жеткізетін жүйелерді жөндеу тапсырылды. Кең қамтып жаңбырлатып суаратын машиналарды пайдалану керек делінді. Осы құжат Жалбақ  Бабақұмаровтың жұмысына жаңа тыныс әкелді. 

Ол кезде тамшылатып суару үшін қолданылатын «Фрегат» қондырғылары енді шығып, фонды арқылы бөлінеді. Басқарма басшысы дәлелдей отырып «Фрегаттарды» аудандарға алғызды және дұрыс жүргізу үшін мамандарды қайта даярлады. Қазір Жоламан өңірінде бір кезде Бабақұмаров бастаған «Фрегат» арқылы суару қайта қолданысқа еніп жатыр. Ол салғызған «акведук», яғни суды жерге тигізбей науамен жеткізу тәсілі де жарты ғасыр бойы сақталды.   

Сушы деген кәсіпке қатты көңіл бөлді. Жастарды гидротехник пен гидрогеолог болуға шақырды. Оқуға өзі жолдама беріп аттандырды.  

Аудандардың су көздерін тиімді пайдалануын қадағалады. Сол уақыттың өзінде суды үнемді жұмсау керектігін ескерткен. «Кейін су тапшылығы басталады, сондықтан әр тамшысын тиімді жұмсау керек» дегенді тынбай айтатын. 

Жалбақ Бабақұмаровтың жаңашылдығы еленбей қалмады. Оны Мәскеудегі Бүкілодақтық ауылшаруашылығы көрмесіне қатысуға шақырды. Бұл бүкіл Талдықорған облысына көрсетілген зор құрмет еді. 

Су маманы болу оған әкесінен дарыса керек. Әкесі Бабақұмар ауылдың тоғанын, судың ретімен бөлінуін қадағалаған. Бірде аяқастынан бас арыққа су толып кетіпті. Мөлшерден асып кеткен су егінді шайып өтуі мүмкін. Бабақұмар дереу ауылға хабаршы жібереді. Хабаршы жұртты жиып келгенше тасқын су егінге қарай бітеулі арықты жыра бастайды. Сонда Бабақұмар көлденең жатып, таудан келген суық ағынды денесімен бөгеген. Қашан қосымша күш келіп, жырылған жерді бекітуге кіріскенше қозғалмаған.

Қарапайымдық пен кез келген іске жауапкершілік Жалбаққа әкеден дарыған. Ол ешқашан дөрекі сөйлеп көрмеген. Өзінен жасы кішілерге «сіз» дейтін. Ойларын қағазға түсіргенде сыпайылығынан айнымаған. Зайыбы Нығмет Сәдуақасқызының айтуынша, үйдегі папкасындағы көп қағаздың арасына мынандай дана сөздерді жазып қойыпты:
Арзаныңыз – өтірік, 
Қымбатыңыз – шындық. 
Жаманыңыз – қиянат, 
Жақсыңыз – адалдық. 

Осылай жазғанына қарағанда «сіз» деп ойлау мен сөйлеу – оның бойына мықтап сіңген. 35 жыл ынтымақты өмір сүрген жан жары Нығмет Сәдуақасқызының айтуынша, тағы бір қасиеті – ұқыптылығы. 

– Жәкеңнің үйде әр заты шашылмай, жинақы тұратын,– деп еске алады Нығмет Сәдуақасқызы. – Сондай талғам және ұқыптылықпен киінетін. «Ана затым қайда еді, мына киімім қайда тұр?» деп сұрап, менің мазамды алмайтын. Алқам-салқам жүрмейтін. Тіпті, арық қазып, жер тегістеп дегендей дала  жұмыстарын тексеріп қайтқанда кеңседен келгендей таза оралатын.

Өз заманында Жалбақ ауылшаруашылығын дамытумен қатар аң мен құстың сусыз қалмауын ескерген. Талай жыл Алтынемел ұлттық паркінің бас директоры болған Халық Баядилов мынандай естелік айтады: 

– Қорықта 7 мыңға дейін қарақұйрық болды.Таутеке де көп еді. Оған құлан әкеліп қосты. Қорықтың бір бөлігі тау болса, екінші шеті далиған дала. Жалбақ ағамыз сол тақырға 44 шақырым акведукпен су апарды. Жабайы аңдар әлі күнге содан шөлін қандырады. Қоңырөлең ауылынан 108 шақырым иен далаға су жеткізді. Қату тауының бөктеріндегі қаншама шопан қыстауларына құбыр тартқызды. Жоламаннан жоба жасап, «Фрегат» арқылы суландыруды бірінші бастады. Мұның игілігін қазір осы аймақта құрылған шаруа қожалықтары көріп отыр. Кейін мен Жалбақ ағаның басшылығымен істелген акведукты ұрпақтарына көрсеттім.  

Жалбақ Бабақұмаровтың отбасы бүкіл Жетісу өңіріне танымал және сыйлы еді. Зайыбы Нығмет Сәдуақасқызы облыстың Гвардия және Кербұлақ аудандарында басшылық қызметтерде болды. Аймақта қазақтың тілі мен дәстүрі жойылмай, өркендеуіне үлесін қосты. 1988 жылы Сарыөзекте бірінші рет Наурыз мерекесін ұйымдастырған. Белгілі айтыс ақыны Балғынбекті  бала кезінде қолына домбыра ұстатып, ел алдына шығарған. Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайына келген делегацияны ауданда арнайы қабылдау мерекесін өткізген. 

Жалбақтың үлкен баласы Нұрлан әскери комиссариат, көлік прокуратурасы салаларында абыройлы қызмет істеді. Бірақ өмірден ерте өтті. «Орнында бар  оңалар» демекші, ұл-қызы бар. Ұлы Тәңір үлкен азамат болды. Қызы Зарина  Нұрланова республикаға танымал медиа-менеджер, Премьер-Министрдің баспасөз хатшысы қызметіне дейін көтерілді.

Жалбақтың екінші ұлы Ержан мемлекет қайраткерінің бірі. Президент Әкімшілігінде аға референттен бөлім меңгерушісі, Президенттің кеңесшісі қызметтеріне дейін өсті. Үкімет кеңсесі басшысының, Ақпарат және мәдениет министрінің, Алматы қаласының әкімінің орынбасары, Орталық коммуникация қызметінің бас директоры болды. Идеология саласындағы білікті маман екенін бәрі мойындайды. Саясаттану ғылымындағы жетістіктері өз алдына бір төбе. Еңбегі ескеріліп «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен марапатталды. 

– Ержан Жалбақұлының осы аймақ үшін істеген игі істері бір төбе, – дейді «Нақ-бірлік» қоғамдық қорының басшысы Мақсұт Қалажанов. – Талдықорғанда тұрғызылған Қабанбай ескерткішіне жиналған қаражатқа қосқан үлесі мол. Көтен тәуіптің балшық пен қамыстан салынып, тозып кеткен кесенесін қайта жөндеп, көз тартар кешенге айналдыруда белсенділік танытты. Талай ұрпағы тәу ететін Төлегетай баба кесенесіне баратын жолды жөндеді. Ендеше оның әкелер мен аталар мұрасына адал ұл екені талассыз.  

Осындай ұрпақ қалдырған Бабақұмаровтар сыйласқан, жақын араласқан отбасылар жүздеп саналады. Оның ішінде басқа ұлт өкілдері де бар. Айталық, Юрий Сарычев Жалбақтың бауырына айналып, ет жақынынан бетер болып кеткен. Екі шаңырақтың балалары мектепке бармай тұрғанда-ақ танысып, күні бүгінге дейін қарым-қатынасын үзген емес.  

Отбасы үшін Күләш пен Амангелді Құрманғалиевтердің орны ерекше. Оларды бүкіл Жетісу жері таниды, мақтан етеді. Жетісудан шыққан генерал деп құрметтейді. 

– Жалбақ пен әпкесі Әлиша бала кездерінде Молалы стансысындағы туыстары Шайжанның үйіне жиі келетін. Шайжан – менің енем, әйелім Күләштің шешесі, оларға әпке болып келеді. Күләш екеуміз көрші тұрдық, бір класта оқыдық. Сондықтан, Жалбақ ағаны ертеден білемін. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп жүретін, – дейді генерал Амангелді Құрманғалиев. – Ел жақта Жалбақ ағаның ізі сайрап жатыр. Суы жоқ аймақтың бәріне су тартып берген. Балалары Нұрлан мен Ержанды өте жақсы тәрбиеледі. Алматы қаласы әкімінің орынбасары болып тұрғанда Ержан Жалбақұлына Қаңтар оқиғасы қатты әсер етті. Ол оқиға кезінде бас сауғаламады. Қала тұрғындарымен және журналистермен байланыста болды. Екі рет террористер атқан оқтың ортасында қалды. Сол үшін біз – туысқандары Ержанды сыйлаймыз.    

Бабақұмаровтың отбасымен сыйласқан, жақын араласқан тұлғаның бірі – Оралбек Жақиянов. Бірнеше жыл Талдықорған қаласын басқарған.

– Жалбақтың ар-ұяты мен азаматтығы өте жоғары еді. Мінезі сыпайы жақсы адам болатын. Үлкен-кішімен сыйласа білді,– дейді Оралбек Жақиянов. – Алыс-жақынмен бірдей араласты. Қысылған біреуге қол ұшын беретін. Маған ол кісінің жезделігі болды. Жездемнің бойынан тазалықты, шынайылықты көрдім. Балаларына жақсы тәрбие берді. Зайыбы, біздің Нығмет апамыздың жоғары қызметтерге жетуіне кедергі келтірмеді, қайта үнемі қолдап отырды.

Туыстары мен таныстары Нұрлан мен Ержанның ұрпақтары Бабақұмаровтар әулетін лайықты жалғастырып жатқанын айтады. Иә, Жалбақтың бірнеше шөбересі дүниеге келген.  

Өмір бір орнында тұрған ба, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарын көрген, оған үлес қосқан Жалбақ Бабақұмаров мемлекет болашағын баласы Ержанға аманат етіп, о дүниеге аттанды. Басқа армандары болған шығар, ал Жетісу өңірін суландыру мен жайқалту ісін армансыз іске асырып кетті. Тек кейін бәрі жаппай жекешеленгенде жұрт қолындағы ырыстан айырылды. Су жеке адамдардың баю көзі саналды. Тоған мен бөгенге жауапсыз қарады. Оның соңы мұнда Қызылағаш, анда Сардоба сияқты апаттарға ұрындырған. Бабақұмаров сынды білікті азаматтар су саласының тізгінін ұстағанда ондай топанға, топалаңға жол берілмеген еді.

Енді ғана «Жаңа Қазақстан» бағытын бастаған республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мелиорация, су үнемдеу мәселесіне жіті қарауды тапсырды. Демек, Жалбақтың ұмыт қала бастаған тоғандары аршылып, тоспалары нығайтылады. Адамдарды айтпағанда   көкте қыраны, жерде құланы сусыз болмайды. Тамшы судың тағдыры тасада қалмайды.

Қайнар ОЛЖАЙ