Адалдықты ту еткен

Уақыты: 30.10.2023
Оқылды: 980
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Санамызды сәулелендірген қас-қағымдық сәттердің де ұзақ уақыт ұмытылмайтыны белгілі. Көкейіңдегі жазулар жадыңда қайта жаңғырып, күй болып кеудеңді күмбірлетері анық. Қайта оралмас жастық шағымыз өткен Лепсі, сол өңірде қызмет бабымен араласып қанаттаса, қатарласа жүрген замандастарымыздың кескін-келбеті, болмыс-бітімі көз алдыңда тізіліп тұра қалады. Бүгінде сол жерлестеріміздің жеткен жетістігін, шыққан биігін мақтаныш сезімімен айтып жүреміз.

 

Ана жылдары облыстық газеттен Талдықорғанның «Шығыс» шағынауданындағы тұрғын үй кооперативінің төрағасы Ерік Мұхамедияровтың аула тазалығы бойынша бас жүлде иеленіп, Астанаға барып қайтқаны жөнінде шағын хабар оқыдым. Өзіміз білетін Ерекеңнің зейнетке шықса да бұрынғы қарқынынан танбай жұртшылықты жұмылдырып, жақсы істердің ұйтқысы болып жүргеніне қуандым.

Ерік Кәрімұлымен жолымыз 1990 жылы түйісті. Сол жылы ол Лепсі автоколоннасына басшы болып келді. Қазіргі Алакөл ауданына қарасты Қарлығаш ауылында 1953 жылы дүниеге келген азамат 1971 жылы Фурманов орта мектебін бітірген соң екі жыл азаматтық борышын өтейді. Қабілет-қарымын саралап жүріп Өскеменнің авто-жол институтын тамамдасымен Андреев автобазасында механик,     Үшарал, Сарқан, Сарыөзек автобазаларында инженер, гараж меңгерушісі, колонна, автокәсіпорын бастығы қызметтерін атқарған тәжірибелі маман екен. Келе сала Лепсі автоколоннасын ірілендіріп, Лепсі автокәсіпорнын (АТП) ашты, материалдық базасын кеңейтті. Қарауындағы жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларына көңіл бөлді, пәтермен қамтамасыз етті, жалақыларын өсірді. Біз де аудандық «Балқаш өңірі» газетінде Ерекеңнің елге жаққан іскерлігіне қолдау көрсеттік, сұхбаттар ұйымдастырдық. Бірте-бірте жолсапарға бірге шығып, елгезек те ақкөңіл, қамқор да қайырымды ағамыздың жанынан табылатын болдық.

Ерекеңнің жалпы өнерге, оның ішінде поэзия мен әнге құмарлығы ерекше. Халық әндерін әуелетіп шырқай жөнелгенде сахнадағы кәсіпқой әншілерден аумай қалады. Жан-жүрегімен беріле тебіреніп, тыңдаған адамның есінен кетпестей әсерге бөлейді.

Адалдықтан бойтұмар таққан адам,
Жұрт сенімін жері жоқ ақтамаған,
– деген егіз жол Ерік Кәрімұлының кісілік келбетін танытып тұрғандай.

1997 жылы Бөрлітөбе ауданы таратылды. Бір-бір мекемеге жетекші болғандар қалалардағы жандарына жақын салаларды төңіректеді, Ерекең сол Лепсіде автокөлікке техникалық қызмет көрсететін жауапкершілігі шектеулі серіктестік ашты. 1999 жылы «Айдын» шаруа қожалығын құрып, мал шаруашылығын өркендетуге үлес қосты. Талдықорғанға қоныс аударып, жоғарыда айтқандай, іскерлігімен көпке ұйтқы болуда.

– Біз де жетпіске келіп қалдық, – дейді өткенде бір хабарласқанда ағамыз жайдары пішінмен. – Жетпіс жақсы жас дейді ғой...

Рас айтады. Жетпіске зайыбы Сайлаухан екеуі бір ұл, бір қызын өсіріп-жеткізіп, ұлдан 5 немере, қыздан 2 жиен немере сүйіп, жапырақ жайған бәйтеректей көгеріп-көктеп келеді. Ежелгі Рим ақыны Гораций айтқан екен: «Өмірде үлкен еңбексіз ештеңеге де қол жетпейді». Шынтуайтында дүниедегі барлық игіліктерді табанды еңбек жаратқан. Бұл сөз біздің кейіпкерімізге қарап айтылғандай. Бойындағы бар білім-түйсігі мен қажыр-қайратын жемісін көріп отырған кәсібіне сарп етіп, балаларына өнеге көрсетіп, жетістікке жету кез келген жанның пешенесіне бұйыра бермейді.

Мерейтойың – жарың бар, ұрпағың бар,
Кезің бүгін ақ тілек, жыр қабылдар.
Жасқа келдің мерейлі жетпіс деген,
Берекемен, ырыспен, бақ-құтпенен.

Егделікке қимайды ел көріп сені,
Жастайыңнан атандың Ерік сері.
Азаматсың кіршік жоқ көңіліңде,
Ізің қалды Лепсінің өңірінде.

Ізің қалды ой-қырда, нанасың ба,
Үйгентастың сонау сай-саласында.
Жаратылған болмысың ерек болып,
Жүрсің әлі ел-жұртқа керек болып.

Көрейік біз өмірде өрнегіңді,
Сексенге де сергек боп келгеніңді.
Шөбереңді құшақтап, шөпшегіңді,
Көрейік біз өркендеп-өскеніңді.

Жомарт ИГІМАН,
Қазақстанның Құрметті журналисі