Ұлағаты мол ұстаз

Уақыты: 25.01.2024
Оқылды: 1800
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Адам баласының өмірде білмейтіні көп. Білсе де  жұмбақ сырына толық  қаныға алмайтыны тағы бар.  Өзі қалаған мамандығының қыр-сырына терең бойлап,  нысана еткен  мақсатына құштарлық танытқандар өмір бойы ізденетіні хақ. Сонымен бірге  хат танып, өмір сырын ұғынғысы келетіндерге  білім беріп,  санасына сәуле нұрын шашатын адам ең қадірлі  әрі мәртебесі биік ұстаз саналатыны және ақиқат. Сондай ұлағатты  жандар шоғырынан табылатын білімі терең, іскерлік қабілеті ұшталған, тәжірибесі толысқан Әспет Қалибекова деуге толық негіз бар.

Әспет Сағатбекқызы өз шәкірттеріне өмірді танытып, ел мен жер тарихының шындығын үйретуге бар ынта-шынтасымен кірісіп, білуге  талпынатындардың санасына оқып-тоқығандарын  терең сіңіруді мұрат тұтты. Тарих пәні  білгірінің балалық шағы бал жалата қоймады. Қиындықты көп көріп, ширығып өскен анасы Райымкүл Абжапарова 1980 жылы 28 жасында ауыр сырқаттың  зардабынан дүниеден өтеді. Бұл кезде үйдегі баланың  үлкені Әспет он жаста, ортаншысы Мереке жеті жаста, кіші сіңлісі Әсия беске енді ғана іліккен еді. Жасаураған  қос жанары  жәудіреп, анасынан айырылып, отбасын ойсырата құлазытқан ауыр қайғы отағасы  Сағатбектің де қабырғасын қатты қайыстырады. Қыздары да көз жастарын тия алмай, қос бүйірлері солқылдап талай мәрте өксіді де. Тұлымшақтары желбіреген ұяң да биязы мінезді бүлдіршіндер мейірін төккен  анаға еркеліктің қандайлығын  толық мәнінде сезінбей өскендіктен  ерте есейіп, еңбекке бейімделді.   Естияр Әспет мектепте оқи жүріп үй шаруасымен түбегейлі айналысады. Әр ісіне  өте ықтияттылықпен  қарап, пысықтық  пен шапшаң қимылдауды қанына сіңіреді. Сөйтіп жүріп  бұрынғы Күрті ауданы Балатопар ауылындағы орта  мектебін 1987 жылы ойдағыдай бітіргенде әкесі Сағатбек: «Қарағым, өз наныңды өзің тауып жеудің қамын жаса. Меніңше, ыңғайы келіп жатса  білім алғаның, кәсіби мамандық игергенің жөн болар. Оқуыңды әрі қарай жалғастырамын десең  қарсылық білдірмеймін. Шамамның жеткенінше әкелік қамқорлығымды жасаймын», – деп ақылын айтып, алғы өмірге бағыт-бағдар нұсқайды. Қабырғасымен кеңесіп, іштей ой қорытқан Әспет Есік педагогикалық училищесінде оқуды ұйғарып, құжаттарын тапсырады. Емтихандардан мүдірмей өтеді.  Оқуын  ойдағыдай аяқтап, бастауыш сынып мұғалімі мамандығын меңгерген Әспет Күрті ауданына қарасты  «Айдарлы» кеңшарының орталығындағы  орта  мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып жұмысқа орналасады. 

Аталған мектепте еңбек жолын бастаған Әспет азды-көпті тағылымды тәжірибе жинақтауға құлшына бет бұрады. Жұмыс істей жүріп, кезіккен қиындықтарды жеңуге күш салады. Өйткені, төменгі  сыныптардағы шәкірттердің бәрі десе болады, әр шаңырақтың еркелері екені анық.  Оларды  тыныштыққа шақырып, «Әліппенің» әріптерін оқытып, жазуға үйретудің де,  тәлім-тәрбие берудің де оңайшылықпен атқара салуға  көне бермейтін күрделі жұмыс екені аян. Балаларды икемділік  қабілетіне қарай еңбекке бейімдеу, қол өнеріне баулу, сөйлеудің мәнерін үйрету,  ойын-сауыққа қатыстыру, таланттыларының талабын  ұштау, жақсылықты  меңзейтін адами қасиеттерді санасына  сіңіру үнемі үйлесімін таба бермейтіні де жасырын емес. Қиындықтары жетіп артылады. Үлкен төзімділікті, шыдамдылықты, ұстаздық шеберлікті талап ететін жауапкершілігі үлкен жұмыс.  Өзі жүрегімен қалаған ұстаз-тәрбиешілік қызметіне үлкен құрметпен қарады. Меңгерген мамандығына орай алған білімі мен бойындағы бар күш-қуатын, ұстаздық еткен жылдардағы түйсігіне түйген  тәлімді тәжірибелерін  жасөспірімдерді  тәрбиелеуге жұмсауға барынша бекініп, шын пейілмен еңбек етуді мұрат  тұтып, оны адами парыз санайтындығын күнделікті әр ісінен аңғарта бастайды. Жас мұғалімнің алғашқы аяқ алысын әріптестері де қолдап, қолпаштайды. Ақыл-кеңестерін беріп, жігерлендіре түседі. 

Мектеп шәкірттеріне сапалы білім мен тәлімді тәрбие беру ісімен шұғылданғалы бері  еңбек ету барысында бағыт-бағдар сілтеп, білмегенін  үйретіп, жол көрсеткен білікті ұстаздары  да көптеп саналады. Олардың қатарында  ең әуелі Айдарлы орта мектебінің директоры болып қызмет атқарып, кейінгі кезде  зейнеткерлік демалысқа шыққан ұстаз ағалары мен апайлары  да баршылық. Жанашырлықпен қамқорлық жасағандардың ішінен  Әлібек Айтбайұлы, Әміркүл Молдыкерқызы және басқа да ұстаздарды әрдайым еске алады. 

Әспет Қалибекова 1994 жылдың  қараша айында Талдықорған қаласы  Еркін ауылына қоныс аударып, Есжан Берліқожаұлы атындағы №11 орта мектепке мұғалім болып жұмысқа қабылданады. Ұстаздық міндетін атқара жүріп, жоғары білім алуға талпынған Әспет Сағатбекқызы  Ілияс Жансүгіров атындағы педагогикалық институтының тарих факультетіне қабылданды.  Осы оқу орнын бітірген соң  жоғары сынып оқушыларына тарих пен құқық пәндерінен сабақ беруге ынталана кіріседі. Содан бері осы білім ұясында үзіліссіз ұстаздық етіп келеді. 

Бүгінде Қазақстан және дүниежүзі тарихы мен құқық пәндерінен сабақ беретін Әспет Сағатбекқызының жалпы  педагогикалық еңбек өтілі 33 жылды құрайды. ҚР Білім және ғылым министрлігі «Ұлттық тестілеу орталығында» 2018 жылдан  бері  «Қазақстан тарихы», «Дүниежүзі тарихы», «Құқық негіздері» пәндерінен тест тапсырмаларының әзірлеушісі әрі сарапшысы міндетін де талапқа сай атқарып келе жатқаны да мақтауға лайық. ҚР Президенті қоры сыйлығының иегері. «Білім бұлағы» аталымының жеңімпазы. Qaztest.kz сайтында ұйымдастырылған Е. Бекмаханов атындағы I республикалық «Қазақстан тарихы» пәні олимпиадасында шәкірттері топтан озып, жақсы нәтиже көрсеткені үшін «Үздік тарихшы ұстаз» номинациясының жеңімпазы атанған. Республикалық «Мұнара» интеллектуалды порталы ұйымдастырған «Мамандық таңдау» байқауында II дәрежелі диплом иеленген.

Ұлағатты ұстаз Әспет Сағатбекқызынан дәріс алған  дарынды шәкірттерінің жетістіктері де мақтан етуге лайықты. Олардың қатарында Кіші ғылыми академиясы байқауында Ажар Ерболған, Әлихан Жұмағұлов, Аяжан Алтайқызы, Эльвира Шаяхметова, Аяжан Еркінбекова, Айсана Абдолда, Ақбота Иса, Айсамал Бақтияр жүлделі орындардың иегері атанған. Сондай-ақ, өзге де шәкірттері сан байқауда жүлде салып, ұстазының, мектебінің атын шығарғанын да айта кеткен жөн. 

Әспет Сағатбекқызы полиграфия саласының білікті маманы Нұрахмет Бексейітовпен тағдыр қосып, отбасын құрды. Өмір айдынында қатар жүзген қос аққудай болып көрінетін отбасының үлгі-өнеге тұтарлық тұстары да ұзақ әңгімеге арқау болары анық. Ерлі-зайыптылар ұлы Жандос пен келіні Ажардан Арнұр есімді немере сүйіп, тәтті қылықтарына шаттанып отырған берекелі шаңырақ иелері деуге толықтай лайықты. 

Әли ЫСҚАБАЙ, 
ҚР еңбек сіңірген қызметкері,
Қазақ журналистикасының қайраткері