Еңбегін елге арнаған

Уақыты: 28.01.2024
Оқылды: 2017
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қазір біз тұлғалар жайлы жиі жазамыз. Шындығында тұлға деген кім? Менің пайымдауымша, ол – өзі жасаған дәуірдің бары мен бағын дәл болжап, ерінбей еңбек етіп, игілікті ісімен еліне өнеге болған адам. Бұл тұрғыда әрбір адамның өз биігі болары анық. Бірақ оның биіктігін дәл тауып, бағалау жұрттың еншісінде. Осы тұрғыдан алғанда, есімін Еңбекшіқазақ ауданы ғана емес, бір кездегі тұтас Алматы облысының тұрғындары жақсы білетін Абыхан Жексембековті сондай дара тұлғалар қатарына ойланбай қосуға болады демекпін.

Белгілі журналист Марат Тоқашбаев: «Абыхан – мұзжарғыш кеме, өйткені ол қандай істе болмасын топты бастап басында өзі жүреді», – деп жазғандай кейіпкеріміз ең алдымен қазақтың қарапайым қаракөз баласы. Елін сүйген, халқының қасиеттерін ардақтаған жан. Кіндік кескен жерінің гүлденуіне ақтық демі біткенше үлес қосқан, жетім мен жесірге, кемтар мен кембағалға жанашыр болған жаны жомарт, жүрегі жұмсақ жан. Мұндай адамды ұрпақтар үлгі тұтуы, тіптен сондай тұлғаның болғанын, оның қажырлы қайраткерлігін білу, бәрімізге парыз.

Абыхан Аманбайұлы 1937 жылы 1 ақпанда дүниеге келген. Сол күннен Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы қиындығына, соғыстан кейінгі қайта қалпына келтірудің күрделі кезеңдерінің куәсі болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тарқатылу қаупі төніп, күйреуге бет алған ауылды қиындық қыспағынан алып шығып, бүгінгідей өркендеген деңгейге жеткізу үшін бар қажыр-қайратын жұмсады.

Халқымызда: «Туған жерге ту тіккен» деген сөз бар. Осы тұрғыдан келгенде Абыхан туған өлкесінің түлеуін жадынан ешқашан шығармаған адам. 1954 жылы 10 жылдық Малкеев атындағы мектеп-интернатын тамамдады. 1957 жылы Түрген УМСХ-22 комбайнер-механиктер тобында оқып, 1963 жылы Алматыдағы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтын қызыл дипломмен бітірді. Еңбек жолын 1963 жылы Шелек ауылындағы «Горный овцевод» кеңшарында мал дәрігері болып бастайды. 1968 жылы  Балқаш ауданында «Желтораңғы» шаруашылығына мал дәрігері етіп жіберіледі. Қажырлы еңбектің арқасында 1971 жылы Ленин атындағы ұжымшарға ауысады. Онда мал шаруашылығына жауап беретін бас маман, кейін басқарма төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. 1975-1976 жылы Алматы басқару кадрларының дайындық курсын тәмамдап, біліктілігін арттырды. Алайда оның нағыз азамат ретіндегі еңбек жолы тәуелсіздіктен кейінгі жылдары өрнектелді.

Еліміз егемендік алғаннан кейін нарықтық қатынастар еніп, бұрынғы шаруашылық байланыстар үзіліп, Түрген ауылы да қиындыққа тап келді. Осындай сындарлы кезде ауылдың тізгінін қолына алып, даму бағыт-бағдарын жасап, елді нарықтық қатынасқа бейімдеп, барлық іске бастамашы болатын басшы ретіндегі таңдау Абыхан Жексенбековке түсті. Сол шақтан бастап, ауылды басқарған ширек ғасыр бойы Түргеннің тірегіне айналды.

Өзі бас болып жекеменшік агроферма құрды. Қолынан іс келеді-ау деген азаматтардың шағын несие алуына ықпал етті. Ауылды көркейтіп, туризмді дамытты. Жер үлесін  адамдарға заңды түрде үлестіріп берді. Ауылдағы алғашқы мешіттің ашылуына ұйытқа болды. Түргенде өсімдік майын, кондитер тағамдарын шығаратын, жеміс-жидек пен мал өнімдерін өңдейтін цехтар ашылды. Диірмен мен наубайхана жұмысқа кірісті. Ауыл тұрғындары мүмкіндігіне қарай жұмыспен қамтылды.

Біртіндеп ауыл көшелері жаңа атауға ие бола бастады. Абыхан Жексенбековтің ел есіндегі ерлікке бергісіз ісінің бірі - жоғары жақтан қағажу көріп, қамығып жүрген Дінмұхамет Қонаевты арнайы  қонаққа шақырып, көңілін аулап, ауылдағы бір көше мен мектептің атын еншілеп беруге ықпал етті. Бұл сол уақытта екінің бірінің қолынан келмейтін қадам еді. Бүгінде сол ауылдың көшелері Абыхан ауыстырған атаумен аталса, Қонаев атындағы мектеп өңір балаларын әлі күнге білім мен ғылымға құлшындырып келеді.

Жалпы сол жылдары ауылға келгендерге жағдай жасауға күш салды. Әсіресе, тарихи Отанына оралған қандастар Түрген ауылына көптеп қоныстанды. Абыхан Аманбайұлы көрсеткен қажыр-қайраттың арқасында 1994 жылы қазақ орта мектебі ашылып, 50 бала, 7 ұстазбен сол кездегі бос қалған балабақшаның ғимаратында өз жұмысын бастады. Кейін мектептегі бала саны жыл өткен сайын өсе түскендіктен кәсіптік-техникалық училищенің ғимаратына ауыстырылды. Бұл күнде Түрген қазақ орта мектебі 600-ден аса оқушысы, 100-ге тарта қызметкерлері бар үлкен оқу орнына айналды. Осындай  еңбектерінің нәтижесінде  1995 жылы Білім Министрлігінің «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. 2015 жылы 11 ақпан айындағы ҚР Үкіметінің №54 қаулысы бойынша Түрген қазақ орта мектебіне Абыхан Жексембековтің есімі берілді. Елі үшін еткен еңбегі Құрмет грамотасы, медальдар, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.

1996 жылдың жазында Байторы бабасына үлкен ас беріп, басына күмбез орнатты. «Байторы баба атындағы» қайырымдылық қоры құрылып, халқының игілігіне қызмет істей бастады. Қорды ашу салтанатына аудан-облыстан қонақтар шақырылды. Солардың ішінде болғанқазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, Кеңес одағының батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров кейін Әбекеңнің 60 жылдығына орай жолдаған жеделхатында: «Мен Түрген ауылында бұрын да болғанмын. Менің атымда көше бар. Сол құрметтеріңіз үшін ауыл тұрғындарына ризашылығымды білдіремін. Қазақ халқының жарқын болашағы жолындағы іс-қимылдарыңыз сәтті болсын», – деп жазады. Бұны Абыхан Жексембековтің бойынан тұлғалықты тани білген батырдың бағасы деп білген жөн. Бүгінде Түрген ауылында тіршілігін түзеп отырған көптеген ұлт өкілдерінің қазақ бауырларына деген алғысы көп. Сол істің басы-қасында Абыхан Жексембеков және оның замандастары жүрді.

Абыхан Аманбайұлы ауылын көтерсе, бүгінде оның даңқын ауылдастары мақтаныш етіп жүр. Ол шықпаған биікке ауылдың жастары шықса, қызмет етпеген мәртебелі мекемелерде ұрпақтары қызмет етуде. 2011 жылы Абыхан Жексенбеков атындағы сынып, музей ашылды. Сынып алдыңғы қатарлы заманауи техникалармен толықтай жабдықталса, Абыхан Аманбайұлының балалары ол кісіге тән барлық жәдігерлерді музей қорына тапсырды.

Әке-шеше қайырымды болса, ұрпағы мейірімді болады. Қызы Венера саясаттану ғылымдарының кандидаты, профессор, Балқаш заңгер, шетелдерде білім алған Мәншүк биология ғылымдарының кандидаты, әкесінің ісін жалғастырып жүр. Берік өндірісті өркендеткен іскерлігімен елге танылған азамат. Абыхан Жекесембеков пен Әуес Шәріпқызының отбасында балаларына үлгі-өнеге бола алғандығының арқасында олардың ұрпағы да халықтың қалаулы ұл-қыздары қатарынан көрініп жүр.

Қажет Андас