Жүрегімнің түбіне терең бойла...

Уақыты: 12.02.2024
Оқылды: 1420
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Талдықорғандағы С.Сейфуллин атындағы Жетісу облыстық әмбебап кітапханасында «Жүрегімнің түбіне терең бойла» атты сұхбат бағытындағы лекция-концерт өтті. Халықаралық Алаш әдеби  сыйлығының иегері, ақын Әміре Әріннің жүргізуде өткен сыр сұхбаттың құрметті қонағы қазақтың дәстүрлі ән өнердегі дүлдүлдердің бірі, белгілі Абайтанушы Әділет Мұса. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастамасымен қолға алынған рухани шараға  аймақтағы зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, студенттер және оқушылармен БАҚ өкілдері қатысты.


Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның басты мақсаты – атадан-балаға мұра болып келе жатқан төл  өнерімізді, ән, жыр-термелерді, мәдени-рухани  құндылықтарымызды кеңінен насихаттап өскелең ұрпаққа үлгі ету. Сондай-ақ,  Абай Құнанбайұлының өлеңдеріне жазылған әндері  мен қара сөздерінің, мағынасына үңіле отырып,  Мемлекет басшысының бастамашылдыда  елімізде жүріп жатқан жаңғырулар, өзгерістер мен  реформаларды   сұхбат,   әрі   лекция- концерт  форматында жеткізу. Сонымен бірге «Әділетті Қазақстан - адал азамат - толық адам» концепциясының ортақ мақсат-мұраттарын ұлтымыздың ұлы ойшылының «Ыстық қайрат»,  «Нұрлы ақыл»,  «Жылы жүрек» сынды үш қасиетті  ізгілігіне ұштастыру.

Бірнеше сағатқа созылған тәрбиелік мәні зор салиқалы сұхбатта хәкімнің: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де ақымақшылық...»,  – деп  дана тұжырымына сай  орамды ойларымен бөлісіп, әр әнін тамылжыта шырқаған жезтаңдай әнші Әділет Төлеуұлы зал толы қауымнан түскен әр сауалға жауап берді.  

Еркін ой бөлісіп, тиянақты тұжырым айтылған шара тыңдарманға:

 «Жүрегіңнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім.
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма», – деген Абай ілімі, тебіреніспен тереңіне бойлатып,  әр жанға өшпес өмір айнасын айшықтай түскендей  әсер қалдырды.  

                                                                                 

                                                                           Айдын КӘЛІМХАН.