Орындалмай қалған арман жетегінде

Уақыты: 16.02.2018
Оқылды: 1513
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қоғамдық негізде қызмет етіп, жас ұрпақтың жарқын болашағы жолында талмай еңбектеніп келе жатқан ұйым – Талдықорған қаласындағы «Мүшелтой» балалар мен жасөспірімдер клубы. Басында балалардың бос уақытын тиімді өткізуді мақсат тұтқан ұйымның атқарар қызметі бүгінде күрделеніп, ауқымы кеңейе түскен. Ұйымның қазіргі атқарып жатқан жұмысы, бағыт-бағдары туралы «Мүшелтой» жасөспірімдер мен балалар клубының жетекшісі, облыстық ата-аналар комитетінің төрайымы Дания Қыдырбаевамен  сұхбаттасқан едік.

– Дания Сәлімбайқызы, «Мүшелтой» балалар мен жасөспірімдер аула клубының қалануынан бастап, бүгінгі жеткен табыстарына дейін өзіңіздің ерен еңбегіңіз жатыр. Сол себепті әңгімені әріден бастасақ, клубты ашу туралы ой қайдан келіп еді? Оған не себеп болды? 
– Бұл менің орындалмай қалған бала арманымнан туындаған десек те болады. Мен қаладан шалғайда, ауылдық жерде өстім. Бес балалы отбасында тәрбие алдым. Барлық балалар секілді мен де ән айтуды, би билеуді, сурет салуды ұнаттым. Бірақ ауылды жерде бұл өнерімді дамыту мүмкін болмады. Тіпті, теледидарды көрудің өзі бір арман еді. Сол уақыттарда жиі тамағым ауыратын. 3-сыныпта оқып жүрген кезімде әкем Талдықорғанға алып келді. Мұнда теледидарды бірінші рет көрдім. Кішкентай ғана «қара қорапшадан» балет көрсетіп жатты. Есімде, мың бұрала билеген қыздарды көріп, үнім шықпай қалды, көз жасыма ие бола алмадым. Мүмкін қол жетпес арманымның осы екенін шын сезінген шығармын-ау. Кейін газет-журналдардан гимнаст, биші, акробаттардың суреттерін қиып алып жинайтын болдым. Сондай суреттерден үш бірдей үлкен альбом толды. Менің ең бірінші спорт залым ашық аспан астындағы шабындықтар еді. Сонда қиын акробаттық әдіс-тәсілдерді суреттерге қарап, өзім ойлап тауып, үйрене бастадым. Әпкемнің жетелеуімен мектептің сахнасынан түспедім. Ән салдым, өлең оқыдым, би биледім. 9-сыныптан кейін мені «Қырғызфильм» киноға шақырды. Бірақ ата-анам қарсы болды. Оларды өте қатты жақсы көремін, сондықтан бұл шешіміне өкпелемедім. Қалай ренжимін? Олар бізге өмір берді. Бар тәттіні аузымызға тосты. Солардың арқасында тамағымыз тоқ, көйлегіміз көк, еш нәрседен таршылық көрмей, бақытты өмір кештік. Әке-шешемнің өмірі туралы толық бір кітап жазуға болады. Қанша қиындық көрсе де, соғыстың ащы дәмін татса да мойымай бізді осы жағдайға жеткізді. Бірақ менің жүрек түкпірімде бала арманым тығылып, сол күйі қала берді. Сол кезде тым құрығанда ата-анама «қызыңды қалаға интернатқа апар» деп кеңес беретін мұғалімдер де болмады. Өзімді мықтымын деп санасам да тамағымда өксік, көзімде жас тұрды. Сол өксік менің жүрегімді өмір бойы сыздатып келеді.
Өзімнің осы қоғамдық қызметімді сонау қиын-қыстау 90-жылдары бастадым. Өзіңіз білесіз жарық та, жылу да болмады. Тегін үйірмелер екі бастан жоқтың қасы. Жастар немен айналысатынын білмеді. Басында 2006 жылға дейін  әлеуметтік аз қамтылған отбасындағы балаларға рухани қолдау көрсетуді ұйымдастырумен айналыса бастадым. Жеті жастағы ұлыммен, емізулі сәбиіммен далаға шыққанда есік алдында аула балалары күтіп отыратын. Себебі оларға қас қарайғанша әңгіме айтып беретінмін. Өзім ұлымнан білемін, балалар көбіне жұлдыздар, жануарлар туралы әңгіме тыңдағанды ұнатады. Кез келген тақырыпта әңгіме құрауға тапсырма берем, келесі күні олар өзінше ізденіп немесе  ата-анасынан естігенін, өзге балаларға мазмұндап береді. Күндіз сыртқа демалуға шығамыз. Олар ән салу мен би билеуді жақсы көрді. Есік алдында аула тұрғындарына концерт қоямыз. Мен балдырғандармен сөйлескенде өз балалық шағымды еске түсіретінмін, ал олардың көздерінен жандарына не керек екенін айтқызбай ұғатынмын. Міне, осындай жайттар үлкен жалақы алатын банк саласындағы экономист мамандығымнан бас тартқызып, дипломсыз педагогқа айналдырды. Дегенмен, өмірден жаным қалайтын, өзім қаншама жыл армандаған істі тапқандай болдым. Көңілімде жеңілдік орнағанмен өмірімде көптеген қиындықтар болды. Бірақ та соған қарамастан осы жасаған таңдауыма өкінбеймін. Керісінше, балалардың жанынан орын тапқаныма қуанамын, өзімді бақытты сезінемін.
Ең алғаш 2006 жылдың басында шағын бизнес жасап отырған 4 бөлмелі пәтерімде клубтың ресми ашылуы өтті. «Мүшелтой» шағын ауданындағы 6-7 үйдің 50-60 баласына арналған бұл клубтың барлық шығынын оты, суы, жарығы бар, тіпті қолөнерге қажет моншақты да жұбайымның қолдауымен отбасылық қаржымнан төлеп отырдым. Біздің клубымызға басқа ауладан да балалар келе бастады. 2011 жылы балалардың саны 140-қа жеткенде қала әкімінің қолдауымен М. Жұмабаев атындағы № 19 мектеп-гимназиясының 530 шаршы метрлік жертөлесінен орын берілді. Оған жөндеу жұмыстары жүргізілген соң орналастық. Былтырға дейін қаланың әр шетінен 450 жеткіншек келіп, оның ішінде әлеуметтік аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі балалар бар, тегін үйірмеге қатысып тұрды. Қазіргі таңда алты үйірме бар. Балалар тренингтерге, семинарларға, концерттік кештерге қатысады. 
– Ұйымның  бүгінгі таңда атқаратын қызметі туралы толықтырып айта кетсеңіз...
– Біздің ұйымның мақсаты – балалардың бос уақытын тиімді өткізіп, пайдалы іспен айналасуына мүмкіндік ашу, оларды қоғамға тарту, белсенділігін арттыру. Жасөспірімдердің жан-жақты қабілетін ашып, шығармашылығын дамытып, өнерін өрістету болып табылады. Мүмкіндігі шектеулі жеткіншектерге де барынша қолдау көрсетеміз. Аз қамтылған әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларына көмек ұйымдастырамыз. 
Бірден ескерте кеткім келеді, біз арнайы сауықтыру, бейімдеу орталығы немесе өнер мектебі де емеспіз. Тек өз бастамамызбен балаларды көшенің жағымсыз қылықтарынан арылту, бос жүрмей пайдалы іспен шұғылдануына бағыттайтын қоғамдық ұйымбыз. Балаларға адамгершілік-рухани тәрбие беруге де көп көңіл аударамыз. Және айта кетерлігі клубта әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларына көмек ұйымдастыру мақсатында тұрмысқа қажетті заттар мен киім-кешек жинау орталығы жұмыс жасайды. Жыл сайын жүз шақты отбасыға көмек көрсетіледі. Тоғыз жыл бойы тоқтаусыз қалалық қыздар тәрбиесін үйлестіру орталығы жұмыс жасайды.  
– Мүмкіндігі шектеулі балаларға қатысты қандай жұмыс атқарасыздар?
– Дәл осы уақытта біз мүмкіндігі шектеулі жеткіншектерді ортаға тарту, дені сау балалармен тең дәрежеде қарым-қатынас жасату бойынша қызметтер атқарудамыз. 
Шындығы керек, бүгінге дейін біз дені сау жеткіншектер мен мүгедек балаларды бөле-жара қарадық. Олар білім алып, өз армандарын жүзеге асыруда сау балалармен тең дәрежеде бола алмады. Оларды дені сау балалар оқитын мекемелер қабылдамады. Осылайша қоғамдық кемсітулерді көріп келді десек болады. Дегенмен олардың кейбірі шартты түрде кей мекемелерде біліммен қатар оңалту мен әлеуметтік бейімделуге мүмкіндік алған. Бірақ бізге заманауи жаңа әдіс-тәсілдер керек, ол – интеграция. Ол дегеніміз – дені сау балалар мен мүмкіндігі шектеулі жеткіншектерді біріктіру, әлеуметтік жағдайына, ақыл-ой дәрежесіне қарай бөлмей, тең қарау. Оларды біріктіру үшін «Мүшелтой» сияқты екі топтың балаларымен жұмыс жасайтын клубтар қажет. «Мүшелтой» клубында барлық балаға тең қарауға мүмкіндік бар. Біріктіру мүгедек балаларға сабырмен қарауға, әрқашан көмектесуге, бірге жұмыс жасауға үйретеді.
– Осы орайда арнайы жоба бойынша жұмыс істеп жатқандарыңыз белгілі. Оны қолдаушылар бар ма?
– Біз талай жыл осы бағытта жұмыс жасап келе жатырмыз. Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының үкіметтік емес ұйымдарының әлеуметтік маңызы бар жобаларын орындау бойынша өткен жылғы мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурсына қатысып. «Мүмкіндігі  шектеулі балаларды интегралдау және толеранттық қарым-қатынас орнату» лоты бойынша 967000 теңге ұтып алдық. Әрине, бұл үлкен қаражат болмағанымен нәтижелі жұмыс жасауымызға септігін тигізді. Бұл жоба бойынша келесі жұмыстарды атқардық.
«Сенің мүмкіндігі шектеулі жандарға көзқарасың» тақырыбында 11 мен 17 жас аралығындағы жеке ойы бар және оны жеткізе білетін 700 бала арасында сауалнама жүргіздік. Талдауға түскен сұрақтар оңай болмағанына қарамастан немқұрайлылық танытқан жастар болған жоқ.  
Сауалнама қорытындысы бойынша келесі ой түйінделді: сұраққа жауап бергендердің көп бөлігі мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық танытуға дайын болғанымен қарым-қатынаста алшақтық танытатынын жасырмады. 
Зерттеу жұмысы бұл мәселенің әлі де өзекті екенін көрсетіп отыр. Сондықтан мүгедек балаларды қоғамға тартып, оны айналасындағылардың да еш кедергісіз қабылдауына жұмыс жасауымыз керек. Біздің бүгінгі күнгі негізгі мақсатымыз да осы. «Мүшелтой» аула клубында мүмкіндігі шектеулі жеткіншектердің балалармен тең дәрежеде қарым-қатынас жасап, білім, мәдениет, өнердің үлкен есігін ашуына мүмкіндігі бар. 
Клуб балаларды үлкен өмірге жол ашып, өнерге баулуда жоспарлы қызмет атқарады. Біздің тәжірибеміз екі әлеуметтік топтағы теңсіздікті байқатты. Яғни, дені сау жасөспірімдер және олардың ата-аналары мүмкіндігі шектеулі балалармен қарым-қатынас жасауға психологиялық жағынан дайын емес. Осы бағытта жұмыс жасай отырып, мүмкіндігі шектеулі жеткіншектер мен дені сау балаларды бірге жұмыс жасату оң әсерін беретінін байқадық. Олар дені сау балалармен бірге бос уақытын өткізеді. Осының бәрі баланы кез келген ортада тең құқылы болуға үйретеді. Көп жағдайда мүмкіндігі шектеулі балалар өз кемшілігінен қысылып бір ортада қалып қойып жатады. Міне, жоба балаларға үлкен ықпал етіп отыр. Ол бойынша балалар мықты дәрігерлерден медициналық психологиялық көмек алуда. 
Бүгінде клубымыз «Бәйтерек», «Үміт» күндіз болу орталықтары, «Қамқор» мүгедек балалар үйі, Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернаты, облыстық жасөспірімдерді бейімдеу орталығында тәрбиеленуші, үйде отырған мүгедек балаларды қоғамға тартып, қуаныш сыйлау мақсатында қызмет атқаруда.
– Балаларға арналған қандай іс-шаралар ұйымдастырасыздар?
– Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін әртүрлі ойын-сауық бағдарламарын, қуыршақ театрының қойылымдарын, тоғызқұмалақ, шахматтан жарыстар өткіземіз. Бұл қойылымдардың ерекшелігі – оған мүмкіндігі шектеулі балалармен бірге дені сау балдырғандар да қатысатындығы. Мұндай әдіс жарымжан жеткіншектерге үлкен көмек. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі балалар үшін түрлі мерекелік шаралар, саяхаттар ұйымдастырамыз. Мәселен, мүмкіндігі  шектеулі балалар мен аз қамтылған отбасы жеткіншектеріне қолдау көрсету, көтеріңкі көңіл-күй, мереке сыйлау мақсатында табиғат аясында демалыс ұйымдастырылды.  
 Бұл әсіресе, тағдыр тауқыметін тартып жүрген мүмкіндігі шектеулі балалар үшін ерекше шара болды. «Тұмар» демалыс аймағында орман ішінде таза ауада сергіді, оларға дастарқан жайылып, түскі және кешкі ас әзірленді, «Мүшелтой» балалар мен жасөспірімдер клубы үйірмелерінің жас өнерпаздарының концерттік бағдарламасы ұсынылды. Табиғат аясында балғындар үшін түрлі ойындар өтті, ойыншықтар тарту етілді. Бұл  игі шараның арқасында балалар бір сәт болса да өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезініп, тән мен жан жарасын ұмытқандай болды. Мүмкіндігі шектеулі балалар денсаулығы қалыпты балалармен бірге қоғамға тартылып, тең мүмкіндік орнады.  
Тәуелсіздік күніне орай шахмат және дойбыдан мүмкіндігі шектеулі және денсаулығы қалыпты балалар арасында қалалық жарыс ұйымдастырылды. Оған 30 бала қатысты. Жарысқа қатысқан балалардың барлығы диплом, Алғыс хат және бағалы сыйлықтармен марапатталды. 
Мұндай шараны ұйымдастырудағы мақсат – мүмкіндігі шектеулі балалар мәселесіне қоғамның назарын аудара отырып, оларды ортаға тарту. Денсаулығы қалыпты балалардың мүмкінділігі шектеулі жеткіншектермен жақсы қарым-қатынаста болуын қалыптастыру. 
Мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарымен де семинар-тренинг өткіздік. Семинарда бейнеролик көрсетілді. Ата-аналар бастарындағы қиындықтары, мүмкіндігі шектеулі балалардың қоғамнан шет өмір сүріп жатқандығы, басқа балалармен қарым-қатынастың аздығы жайлы баяндап, өздерін мазалаған көптеген сұраққа жауап алды. 
Қорытындысында «Болашақта семинар-тренинг барысында қандай сұрақтарды талқылағыңыз келеді?», «Сіздің семинар-тренинг жөнінде жалпы әсеріңіз?», «Ұсыныстарыңыз бен тілектеріңіз» деген сұрақтар талқыланды.  
Денсаулығы қалыпты оқушылар арасында да мүмкіндігі шектеулі жандармен дұрыс қарым-қатынас жасай білу әдебіне үйрету және толеранттық қарым-қатынас орнату мақсатында тренинг өткізілді. Онда «Мүгедек жандар деген кім?», «Көшеде немесе басқа жерлерде, дүкендерде, ауруханаларда, мүмкіндігі шектеулі адамдарды, балаларды қаншалықты жиі кездестіреміз? Ондай жандарды көргенде басқа адамдар қалай әрекет ететініне назар аудардыңыз ба?» деген сұрақтар талқыланды. Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы заң мен мүгедек балалардың денсаулығы қалыпты балалармен тең құқылығына талдау жүргізілді. Брашюралар, парақшалар таратылды. Осындай іс-шарлар айта берсек көп.
– Мемлекет тарапынан мүгедек жандарға қаншалықты қолдау көрсетіледі?
– Мүмкіндігі шектеулі жандар саны аз көрінгенмен, облысымыз бойынша 63 мыңнан, қала бойынша 6 мыңнан асады. Бұл дегеніңіз қаланың әр жиырмасыншы тұрғынының мүмкіндігі шектеулі дегенді білдіреді. Оларға мемлекет барынша қолдау көрсетуде. Бірақ күнделікті өмірде қарапайым азаматтардың көмегі ауадай қажет. Олар баспалдақпен көтеріліп-түскенде, жолдан өтетін кезде қиналып қалады. Міне, осындай кезде қол ұшын беру әр азаматтың парызы деп ойлаймын. 
Қоғамның мүмкіндігі шектеулі жандарға қарым-қатынасы, көзқарасын білу үшін сауалнама жүргіздік. Оған 700-дей ерікті қатысты. 11 мен 17 жас аралығындағы жасөспірімдер атсалысқан сауалнама нәтижесі жағымды жағынан қорытындыланды. «Егер сіз жарымжан адамның көмекке мұқтаж екенін байқасаңыз, қандай әрекет жасайсыз?» деген сұраққа жауап бергендердің 80 пайызы көмек көрсетуге даяр екенін байқатса, қалғаны ойланып барып әрекет жасайтынын білдірді. Бұл қоғамның жарымжан жандарға немқұрайлы қарамайтынын білдіреді десек те болатындай. 
Жалпы мемлекеттен көмек алуда жарымжан балалардың ата-аналары көбіне бетпе-бет келетін мәселе дәрігерлерден баласының ауруы туралы ақпаратты уақытылы ала алмауы, ауруханаға жатқызу, санаторийге жолдама алу сынды мәселелердің дер кезінде шешім таппауы. Осы жағы жолға қойылса дейміз.
– Соңғы уақытта қуыршақ театрын құрғаныңыз белгілі. Сол туралы да айта кетсеңіз.
– 2006 жылдан бері қуыршақ үйірмесі жұмыс жасайды. Оған 30-ға жуық бала қатысады. Қуыршақ үйірмесі баланың дүниетанымын қалыптастыруда үлкен рөл атқарады. Өткен жылы осы үйірме негізінде Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруды мақсат ете отырып, «Алдар көсе» атты қуаршақ театрын аштық. Бастамамыздың маңыздылығын ескерген облыс әкімдігі қолдау көрсетіп, аудан және қала мектептеріне қуыршақ театрының қойылымдарын қоюға ыңғайлы болу үшін жылжымалы сахна, тағы басқа да құрал-жабдықтар алып берді.
– Қуыршақтарды қайдан аласыздар?
– Көбінесе аңдар бейнесіндегі қуыршақтарды сатып аламыз. Өкінішке орай қазақ ертегілерінің қуыршақтары жоқ. Сондықтан да өзіміз қолдан жасауға тура келеді және оған көп уақыт кетеді. 
Біз қойылымдарды тек қана қуыршақтармен көрсетпейміз. Балалардың жас ерекшеліктеріне байланысты татулыққа, бірлікке, достыққа, адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелейтін, табиғатты қорғайтын және патриоттық сезімін оятатын сценарийлерді өзіміз жазып, немесе қазақ ертегілерін негізге ала отыра қойылымдарда өзіміз ойнаймыз. Өзіміз дегеніміз клубта қызмет жасайтын жас мамандар мен 60 тан асқан құрметті аталарымыз. Кейде еріктілерді тартамыз. Киімдерін өзіміз тігіп, декорацияларын да өз қолымызбен жасаймыз.
– Қандай түйткілді мәселелеріңіз бар?
– Мәселе қай кезде де болған, бола береді де. Онсыз өмірдің мәні кетіп қалмай ма? Егер алға қойған мақсат айқын болса алынбайтын қамал жоқ. Қиындықтардың арқасында өзімізге тәжірбие жинап, келесі жолы дұрыс шешім қабылдауға үйренеміз. Бір есік жабық болса, екіншісі ашылады. Осылайша жұмысымызды жалғастырып жатқан жайымыз бар. 
Ең басты мәселеміз – қаржы. Клуб жөндеу жұмыстарын қажет етеді. «Мүшелтой» аула клубының жұмысының жан-жақты дамуы үшін барлық жағынан талапқа сай болуы тиіс. 
Әрине, қаламызда көптеген балалар мен жастарға арналған орталықтар, сауда орындарында ойын алаңдары жұмыс жасайды. Ақылы үйірмелер бар. Оған балалардың ұдайы баруына жағдайы жоқ. Оқушылар сарайы оқушыларды түгел дерлік қамти алмайды. Қаламызда арнайы балалар театры да жоқ. Осы тұрғыдан алғанда тегін үйірмелері бар «Мүшелтой» аула клубының жұмысының жан-жақты дамуы өте қажет. Бұл маңызды жұмыстар жалғасын табу үшін мемлекеттің, демеушілердің қолдауы керек. Қолға алып отырған маңызды жобамыз да қолдау күтеді. 
Бір қынжылатынымыз, кейбір мемлекеттік қызметкерлер біздің жұмысымызды бизнеспен шатастырады. Біз негізінде коммерциялық ұйым емеспіз. Жеке бастамамызбен жұмысымызды жүргізіп, қоғамдық негізде қызмет еткен соң басқалар сынды тұрақты жалақы алып, сол мақсатты ғана көздеп отырғанымыз жоқ. Көп жағдайда тегін еңбек етеміз. Негізі толық ойдағыдай жұмыс жасау үшін кемінде 18 адам болуы керек. Бүгінгі күні бар-жоғы 9 адам қызмет етеді. Оның 6-уы ғана жұмыспен қамту бөлімі арқылы еңбекақыға іліккен.  
– Клуб мүшелері, әріптестеріңіз туралы да айтсаңыз?
– Клуб құрамының ауызбіршілігі берік және олар жалақының мардымсыздығына қарамастан шынайы көңілмен жұмыс жасап келеді. Олар да қоғамға қызмет етіп, мүгедек жандарға барынша қамқор болуға, балалардың әр күні қызықты, мағыналы өтуіне атсалысуда. Мен оларды құрметтеп, бағалаймын. Жақсы көремін. Олар:  неше жыл жанын беріп қиыншылыққа төзіп, қайралған пышақтай клубтың кез келген жұмысын үйіріп алып кететін Салтанат Өнерхан мен Жангүл Изатова, жасына қарамастан жанын беріп, жастарға ақылшы болып үлгі көрсетіп жүрген шахмат пен дойбы үйірмесінің жетекшісі зейнеткер ағамыз Тоқтар Әбдуәлиев, келгені кеше ғана болса да ештеңеден тартынбай кез келген жұмысқа дайын тұратын Лаура Болысбаева. Қолдарына дипломдарын ала сала алғашқы еңбек жолын бізден бастап өздерінің еңбексүйгіштігімен, жан-жақтылығымен көзге түсіп жүрген Назерке Байғабұл, Айгерім Тәжібаева, еңбек жолын еріктіліктен бастаған Ербол Қожабеков сияқты жас мамандардың болашағынан үміт күтемін. Міне, осындай төзімді, адал, жақсы адамдардың жанымда жүргені Алланың маған берген сыйы деп ұғамын.   
– Сіздің қоғамдық шараларда белсенділік танытып жүретініңізді білеміз. Қосымша тағы да қандай істермен шұғылданасыз?
– ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбалас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің арнайы мониторингтік тобының, облыстық Қоғамдық кеңестің, Алматы облысы және Талдықорған қаласы әкімдіктері жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның мүшесімен. Осы жылы «Нұр Отан» партиясы Алматы облысы филиалының Партиялық бақылау комиссиясының құрамына ендім. Осындай  қосымша қоғамдық жұмыстарды атқарудың ірілі-ұсақтығы жоқ мен үшін, бәріне жауапкершілікпен қарауға  және үлесімді қосуға тырысамын. 
– Қажыр мен қайратты, үлкен жүректілікті талап ететін жұмысыңызға сәттілік тілейміз. Жақсы істеріңіз айналаға мейір, шуағын шаша берсін!

Алма ЕСЕНБАЕВА