НӘЗІК СЕЗІМ, БЕРІК ТӨЗІМ

Уақыты: 09.03.2024
Оқылды: 1528
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қазақ әйелдері әрқашан өздерінің шыдамды және төзімді, еңбекқор һәм сабырлы қасиеттерімен ерекшеленеді. Олар отбасына жылуы мен мейірімін сыйлап қана қоймай, қоғамның ісіне де белсене араласып, қызметтерін де асқан жауапкершілікпен атқарады. 

Облыстық әкімдікке кіре қалсаңыз  әдемі күлкісімен келген мейманды күліп қарсы алып, шығарып салатын полиция қызметкеріне еріксіз көзіңіз түседі. Әдетте біз үстіне форма киген қызметкерді көре қалсақ, бірден сұсты, қатал  деп топшылаймыз. Ішкі істер қызметіндегі ерекше талаптарға әйел тұрмақ  ер-азаматтың да шыдас бермес қиындығы жетіп- артылатыны анық. Себебі, әскери қызметтің ыстық-суығына төзіп, темірдей тәртібіне көнумен қатар  отбасының жүгін алып жүру кез келген жанның қолынан келетін іс емес. 

Ауыр жол, салмақты міндетті ауырсынбай арқалай білу – нәзік жан үшін оңай емес. Бірақ бүгінгі біздің кейіпкердің ерлігі ермен тең. Қауіпсіздік қызметінде мінсіз еңбек етіп жүрген Изаура Қармысованың есімін ерекше атап өткеніміз жөн. Иә, сіз қате оқып отырған жоқсыз. Қазақтың қаршадай қара қызының есімі расында Изаура. Оның есімінің өз тарихы бар. 

–  Асқар таудай әкем есімімнің дәл осылай болғанын қалаған. Себебі, сол уақытта шетелдің кинотуындысы ерекше танылған еді. Ес білгелі Изаура есімі маған мүлде ұнамайтын. Тіпті, ренжіп те қалатынмын. Сол назыма болар, мені ауылдағы ағайынның барлығы да Зәуреш деп айтатын болды. Кейін үлкен өмірге аяқ басқан соң жақындарым құжат бойынша Изаура деп атай бастады. Бірақ осы ерекше есімім өмірдегі сәтті билетім болғаны рас. Сол үшін әкем мен анама айтар алғысым шексіз, – дейді ол ағынан жарылып. 

Айдынды Алакөлдің Ақши ауылында 1989 жылы кіндік қаны тамған Изаура Қармысова бала күнінен алғыр, өжет, зерек болып бойжеткен. 2006 жылы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің «Қаржы» мамандығына оқуға түседі.  2010 жылы жоғары білім алғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мамандандырылған күзет қызметі облыстық басқармасына есепші болып қызметке орналасады. Араға біраз уақыт сала Алматы қаласындағы үш айлық курс оқып, үстіне полиция формасын киеді. Міне, осы сәттен бастап Изаураның еңбек жолындағы жауапкершілік жүгі де ауырлай түскен. Екі күн жұмыс, екі күн демалыспен жұмыс істейтін полиция қызметкеріне бір минут та босаңсуға болмайды. Қауіпсіздік қызметінде ортақ міндеттер мен жауапкершіліктер бар. Сондықтан ерлер мен әйелдерге бөлінбейді. 

– Біз әрқашан төтенше жағдайларға дайынбыз. Апаттық сөмкеміз де сақадай-сай. Жұмыс тәртібіне бірден үйренісіп кеттім. Кілең ер адамдар болғандықтан темірдей тәртіп бәрімізге ортақ. Егер жұмыста қандай да бір жетістікке жету қажет болса команда мықты болғаны дұрыс. Ол ұжымның жұмысын бағалайтын басшылыққа тікелей байланысты. Осы тұрғыда менің жолым болды. Облыстық әкімдікке күніне жүздеген адам келіп, кетеді. Бәрінің көңілін тауып, жылы жүзбен қарсы алуға барымызды саламыз. Бірақ адамның бәрі бірдей емес. Ашуланып, ренжіп, ауыр сөз айтатындар да кездеседі. Адамның көңілін бірауыз сөз құртатыны рас. Сол сөз денсаулыққа да әсерін тигізбей қоймайды. Осындай қызығы мен шыжығы көп жұмыстан үйге қайтқанда отағасы, қылықты қызым, ұлықты ұлым қарсы алып, шаршағаным басылады. Мен үшін ең үлкен бақыт осы. Отбасым бұл айтулы мерекеде мені сыйлықсыз қалдырған емес. Ал мен анама ең қымбат сыйлық ұсынуды көздеймін. Болашақта ата-анамды әлемнің керемет жерлеріне қыдыртқым келеді. Ал осынау мерекеде өмірдің сұлу жаратылысына балайтын нәзік жандарға денсаулық, махаббат, жақсылық тілеймін, –  дейді қатал, ауыр кәсіптің иесі атанған нәзік те сұлу ару Изаура Саязбекқызы. 

Еңлік КЕНЕБАЙ