Жарқын бейне

Уақыты: 21.03.2024
Оқылды: 1420
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

«Пай, пай, Өмір!
Өтесің-ау бір күні.
Тыясың-ау қуанышты, күлкіні.
Өмір деген - бір жарқ еткен найзағай,
Өмір деген - көк аспанның күркірі.
Пай, пай, Өмір,
Өтесің-ау бір күні!». Өмір жайлы ой жүгірте қалсақ әйгілі Мұзарт шыңының мұзбалағы әйгілі Мұқағали ақынның осы бір өлең жолдары еріксіз еске оралатыны хақ. Біреуге ерте, біреуге кеш келетін ажалдың арбауынан кім қашып құтылған дейсіз. Кеше ғана арамызда жүрген қазақ кино әлемінің дарабозы, «Тақиялы періште» есімімен күллі жұртқа танымал Әлімғазы Райымбековтің өмірден өткеніне үш жылдан асып барады. 

Қай кезде де ақеділ жайсаң мінезді, қарапайым қалпынан бір танбай көптің қошеметіне бөленіп жүретін қазыналы қарттың жарқын бейнесі қашан да халқының жадында. Жары Гүлжауһар әжей мен ұрпақтары арқа сүйер асқар тау, ақылшымыз еді деп ойсырап тұрған орнын айтса, ел-жұрты  аузын ашса жүрегі көрінетін, баладай пәк, даладай дарқан абызымыз еді деп сағына еске алды.

 – «Әлімғазы Райымбекұлы қазақ кино өнері саласына өлеусіз үлес қосқан тұлға. Өзгесін айтпағанда оның бас рөлдерді сомдаған «Қажымұқан», «Қан мен тер», аты аңызға айналған «Тақиялы періште» фильмдері күні бүгінге дейін ес білген баладан егде  тартқан қарттарға дейін қанша қайталап көрсе мейір қанбайтын туындылар. Тіпті, ол өмірде өзінің азан шақырып қойған атымен емес, Тақиялы періште есімімен мәңгілікке қалды. Міне, бұл оның елден ерекше дарынымен қайталана бермейтін актерлік шеберлігінің арқасы. Ал, марқұмның бойына біткен адамдық, адалдық қасиеттері өз алдына. Көпке мейірім шуағын шашып жүретін иманды, ізгі ниетті тілеулес жандардың бірі еді», – дейді Жетісудың танымал ақсақалы Мұрат Қалық.

1936 жылдың бірінші желтоқсанында жер жаннаты Жетісу өңірінде дүниеге келген Әлімғазы Сымағұлұлы алғашқы еңбек жолын көлік жүргізушісі болып бастаған. Оның балғын балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген. Бұғанасы қатпастан елмен бірге жер жыртып, егін салып, орақ ұстап, өнім жинауға атсалысқан қаршадай бала, қаншама қиындықтарды бастан өткерсе де еш мойымаған. Қайта қайратын шыңдап, спортты  жанына серік етіп, соғыс бітіп жерге тыныштық, елге бейбітшілік орнаған кезден бастап күреске ден қояды. Ауыл, аймақта өткен небір дүбірлі додаларда белдесуден топ жарып көп көзіне түсе бастайды. Кейін спорттық жарыс алаңдарында жаттығып, бірте-бірте сайын даланың сайып қыранындай шыңдалып шығады. Көп өтпей  жауырыны жерге тимес шымыр денелі білекті балуандардың бірі де бірегейіне айналады. Осылайша, өзінің асқан қарымды да қайсар қара күш иесі екенін әйгілей түскен ауылдың жас шебері бірде Оңтүстік  Қазақстан облысының Темірлан ауданында  өтуге тиіс Қажымұқан Мұңайтпас атындағы қазақ күресіне жолдама алады. Бұл жолы ол жалпы еліміздің әр аймағынан келген 16 команда арасында өткен республикалық сайыста өз қарсыластарының барлығын шаң қаптырып, тұңғыш рет жеңіс тұғырына көтеріліп, бірінші орынға ие болады. Сонымен, спорт шебіндегі абыройын алғаш рет асқақтатып қайтқан ол күндердің бірінде  әйгілі актер,  танымал режиссер Шәкен Аймановтың көзіне түседі. Көп өтпей қазақ күресінің қара нары Қажымұқан Мұңайтпасовтың бейнесін сомдауға арнайы шақыру алады. Екінің біріне бұйыра бермейтін бұл мәртебені қуана қабылдаған қара күш иесі қос тізгінді қатар ұстап спорттан өрелі өнерге ойысады. Міне, содан бастап қазақ кино саласындағы «Ән қанатында», «Тақиялы періште», «Қилы кезең», «Долана», «Қан мен тер», «Дала гүлі», «Отқа оранған Орал», «Түрксіб туралы аңыз», «Көгілдір такси», «Егер сіз он екі жасқа болғанда» тағы басқа да фильмдердегі жеке және эпизодтағы рөлдерді сәтті сомдап, қалың көрермен қауымының көзайымына айналған.

Сексеннің сеңгіріне шыққанға дейін  туған жеріне туын тігіп, талмай ізденістермен талай биіктерді бағындырған дара дарын иесі  екінші дүниежүзілік соғыстың жеңіске жеткендігінің 60, 65, 70, ел Тәуелсіздігінің-25, және Қазақ хандығының-550 жылдығына арналған мерекелік медальдарымен марапатталған. Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері,  Алматы облысының және өзі өсіп-өнген Көксу ауданының «Құрметті азаматы» атағын еншілеген. Еліне елеулі, халқына қалаулы, қажырлы да қарапайым қайталанбас тұлғалардың бірі. Жары Гүлжауһар ана екеуі 10 бала тәрбиелеп, 20-ға жуық немере, 10 шөбере сүйіп мәпелеген өнегелі шаңырақтың ұйытқысы еді. Амал нешік? Өткен 2021 жылдың 19 қаңтарында халқы үшін қалтқысыз соққан дарқан жүрек біржола тынды, соңғы соғысын тоқтатты.

Ақын Мұқағали тілімен айтсақ:

«Болмағандай, жүрмегендей сенде біз,  
Кетеміз-ау, әй, кетеміз... пендеміз.
Ұрпақтарға береміз де кезекті,

Біз кетеміз. Кету үшін келгеміз»,  –деп аяулы қарт қара ормандай  халқымен дос-жаран, туыс-туған, ұрпақтарымен үнсіз қоштасып, үзіліп кете барды.

Жанныңыз жәннатта, иманыңыз жолдас болсын!

                                                                            

                                                                             Айдын КӘЛІМХАН