Бауыр деп ашқан құшағын

Уақыты: 28.02.2018
Оқылды: 1314
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ұлы Даланың әр аймағына XVII ғасырдың басынан қоныстана бастаған татарлар ұзақ жылдар бойы қазақ халқымен бірге туған бауырдай өмір сүрді. Қазақстан Республикасы тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін татар халқы өз тарихына зер салып, өткенін зерттеп, зерделеп келеді. Әсіресе, татарлардың Жетісу жеріне, оның ішінде Талдықорған аймағына қалай қоныстанғаны көпшіліктің қызығушылығын тудырды.

Түркітілдес этникалық топтардың бірі саналатын татарлар этнотерриториялық топтарды біріктірген Бұлғар мемлекетінің қол астында өз хандығын өрістеткен. Атап айтқанда, біздің дәуіріміздегі 1000 жылға дейін өмір сүрген Бұлғар мемлекетінің аумағында орналасқан Қазан, Астрахань, Сібір хандықтары «татар» атауының қалыптасуына ықпал етті. Қазан хандығының күшеюінен қорыққан Иван Грозный патшаға қарсы соғыста жеңіп, татарларды зорлықпен шоқындыру саясатын жүргізді. Бұл татарлардың Ресейден шалғай аймақтарға, ең алдымен Орал, Батыс Сібір және Солтүстік Қазақстан облыстарына қоныстануының басты себебі болды. Кейінірек бұл саясатты тиімді пайдаланған І Петр барлық тұрғындарды алты айдың ішінде православие дінін қабылдауға, бас тартқан жағдайда барлық құқы мен мүлкінен айыруға бұйрық шығарады. Ресей ғылым академиясының академигі Р. Нигматулиннің айтуынша, Карамзин, Кутузов, Тургенев сынды көптеген белгілі ресейлік тұлғалар бұйрықты орындауға мәжбүр болды. Өз дінінен бас тартпаған татарлар бүкіл байлығынан, бар жиған-тергенінен айырылып, Орталық Азияға, Қазақстан және Орал өңіріне қоныстанушылардың қатарын толықтырды.
Татарларды туған жерінен жаппай  көшірудің екінші кезеңі І Петрдің әскери қызметке шақыру туралы Жарлығынан басталды. Өйткені алғашында «шетелдік» ретінде әскери қызметке шақырылмайтын шеттегі ұлттар соңғы Жарлықтың күшімен әскерге алына бастады. Өмірінің 25 жылын әскерге жұмсамау үшін татарлар Ұлы Далаға ығысып жатты. Қазақ жеріне босқан татарлардың көпшілігі балаларының ұлтын «қазақ» деп жаздырып, патша қуғынынан құтылды. Жетісу татарларының басым бөлігі осы санатқа жатады. Әскерде қызмет етуден қашқан көптеген татар саудагері мен байлары Қазақстанның солтүстігіне жетіп, Петропавл, Павлодар, Семей, Өскемен сияқты қалаларда татар қоныстарын құрды. Оған Семейде өмір сүрген әйгілі Мусиндер әулетінің шежіресі куә. Жалғыз ұлы Садықты әскерге жібермеу үшін Семейге көшкен Мұса саудамен айналысып, алғашында ұн, тұз және шай сатады. Кейіннен Зайсанға, Аягөзге жүкті керуенмен тасымалдап, Гавриловкаға дейін тауар жеткізеді. Әкесі қайтыс болғаннан кейін кәсіпкер Садық былғары дайындау дүкенін ашады. Семейдегі механикаландырылған диірмен құрылысының бастамашысы саналатын Зырянов алтын кенішінің иесі Риддерге және Змеиногорск алтын кеніштеріне акционер болған Садық сауда қатынасын кеңейтіп, Ресейге, Германияға, Аляскаға сапар шегеді. Сондай сапардың бірінде қайтыс болған оның кәсібін үлкен ұлы Латиф жалғастырады. Бауырларымен бірлесе кәсіпті дөңгеленткен Латиф Ертіс және Обь өзендеріне кеме жүргізіп, жүк және жолаушы тасымалдайтын компания ашады. Одан бөлек Омбы, Павлодар, Семей және Өскемен қалаларында экипаж бригадаларын дайындаған Латиф Мусин инженер ретінде Зайсан уезінде су электрстансы зауытын, Семейге аэродром салуды жоспарлайды. Алайда 1914 жылы басталған Бірінші дүниежүзілік соғыс арманының орындалуына жол бермеді. Сол арада кедей мен байды теңестірген большевиктердің қысымынан отбасын, бала-шағасын құтқару үшін Латиф Мусин Зырян алтын кенішін Кеңес өкіметіне «ерікті түрде беруге» келісім жасайды. Қазақ даласын жайлаған алапат аштық кезінде Мусиндердің қалған мал-мүлкі ашыққандарға таратылды.
Бүгінгі Алғыс айту күнінде қиын кезеңде ата-бабаларымызды өз бауыры ретінде қабылдаған қазақ халқына алғысымды білдіргім келеді. Біз, қазіргі заманғы ұрпақ, жеке тұлға ретінде дамуымызға, үйрену, жұмыс істеу, бизнесті жүргізу, өз мақсатымызға жетуге, бір сөзбен айтқанда, еркін өмір сүруге мүмкіндігіміз бар! Айтар алғысым шексіз!

Руфина УСАНОВА,
облыстық «Туған тель» татар этномәдени орталығының жауапты хатшысы