Қайсарұлы қазақтың (толғау)

Уақыты: 03.03.2018
Оқылды: 1165
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ұлтымыздың бетке- ұстар мақтанышы, грек-рим күресі бойынша Олимпиада және әлемдік додалардың бірнеше дүркін чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық ҮШКЕМПІРОВКЕ арнаймын.

 
 
 
 
 
 
 
 
 
Байзақтағы «Тегістік» елге мәлім,
Табиғаты тамылжып берген әрін.
Алақандай ауылдың ажары ашық,
Талай ақын білеміз толғағанын...
 
Түтіні түзу шыққан үйлерінің,
Көресің мың ырғағын би керімнің.
Қазақтың салты мұнда сақталуда,
Иісі аңқып тұр бұрқырап Жиделінің.
 
Бүгін, міне, қазақтың қауымы көп,
Айта аламыз әлем де таныды деп.
Кіндік кескен Жақсылық мекені екен,
Ел айтады «Жақсылық ауылы» деп.
 
Тұздық болмас тұқымға кесек деген,
Шаруа бітпес аптыққан бос өкпемен.
Үшкемпірдей әкесі жүйрік болды,
Ел байлығын есепшотпен есептеген.
 
Сары алтындай қапталған санасының, 
Көрсетті ғой тұрпатын нағашының...
Сауда жасау салмақты жұмыс екен,
Күндері өтті Күнтөре анасының...
 
Болмаса да жұмыстың қара нары,
Жайлауынан кеткен жоқ жағалары.
Әпкесі мен қарындас, Жақсылық та,
Шаруа істеді жеткенше шамалары.
 
Өмір бәрін көрсетті-ау кезегімен,
Қайсар болды соларға төзе білген.
Жақсы малтып алдына жан салмады,
Құлаш сермеп Таластың өзенінен...
 
Құптаймыз қара бала «шүкір» деуін,
Қарғадай боп қағілез күтінгенін...
Шынашақтай түрімен шымыр болып,
Ел-жұрты айтар мектепті бітіргенін...
 
Сол кезеңде зер салып ұқты кімің?!
Қыр көрсетіп қыздарды бұқтыруын.
Әпкесіне тиіскіш әңгүдікті
Жақтан ұрып көрсеткен мықтылығын.
 
Өзін-өзі жүргенмен алдандырып,
Өн бойынан көрінді талғамдылық.
Қараһандай досымен қол ұстасып,
Семейге тартып кетті арман қуып...
 
Әрең жетті шаһарға шалғайдағы,
Білім қуған мұраты самғайды әрі.
Ұмытылмас зооветке түскен кезі,
Бағы шығар бұйырған маңдайдағы.
 
Алматыдан шалғайлау ара қашық,
Тоқтау білмес уақыт барады асып.
Күреске аңсарында шек жоқ болды,
Секцияға кірді ақыр жағаласып...
 
Қажымұқан баба атағы бойға сіңіп,
Күреспен бас алмастан айналысып...
Семейде алғаш рет чемпион боп,
Атақ-даңқы кетті ғой айға шығып...
 
Дипломды ап жайланып отырғанда,
Келісті Ильматовтар шақырғанда...
Қара тері шүмектеп ағып тұрды,
Жаттығуды жан қалмай сапырғанда.
 
Болды мұнда жағымпаз залымдарың,
Мықтыларды білетін шалу жағын...
Әділетсіз әдеттер белең алды, 
Сонда білді-ау қыспаққа алынғанын...
 
Есінен кетпей қойды-ау таланғаны,
Әлсіздер айдап салды шабарманды.
Монреальдың алауы жанар кезде,
Тосқауылдан ақыры бара алмады...
 
Жан жүйесі содан соң абаттанып,
Барын салды күреске жарақтанып.
Байдосовтай бапкерден тәлім алып,
Шыға келді қырандай қанаттанып.
 
Жанкүйер де көп көрді нәшін керім,
Жеңіп шығар үмітін «бәсім» дерін...
Қимылына қызығып халық тұрды
Қолданатын «диірмен тас» тәсілдерін.
 
Азамат барын білген  шуақтанған,
Қасынан табылады қуатты арман.
Боз кілемнің үстінде асықтай боп,
Өтті небір аламан сынақтардан...
 
Қол үзбеді ешқашан шынығудан,
Жалыққан жоқ жаттығу ығырынан.
Асығы тұрып талай алшысынан,
Орын алды жеңістің тұғырынан...
 
Бойынан аулақтаумен күдік деген,
Жол тартты Мәскеу жаққа үмітпенен.
Жұмыр жер Олимпиадаға алаңдады,
Жақсылық сенді атына «жігіт» деген.
 
Екпінді еді халықтың қолдауы да,
Бас айналар сұрақтар толғағына.
Ширығып шыға келді қайраттанып,
Мың тәу етіп бабалар аруағына...
 
Ақ тілегін айтудан тосылмады,
Қазақ жұрты жиналды осындағы,
Жақсылыққа арнайы келіп тұрған
Бәйкен Әшімов ағамыз қасындағы.
 
Сән басқа, сарай басқа төбеңдегі,
Жанкүйер де теңіздей көлемді еді.
Бәйкен аға бауырына басқан кезде:
«Жеңбесем осы жерде өлем» деді...
 
Күш көрсетер кіммен-кім теңдеседі,
Алға апарар айламен сермеседі...
Боз кілемге шыққанда Жақатайдың,
Әйгілі Александру екен ғой белдесері.
 
Аңдысқан алма-кезек жанарлары,
Екі палуан бір-бірін ала алмады...
Қара терге малынған екеуінің,
Жеңіске жету болды бар арманы.
 
Уақыт тоқтамайтын асыл бірақ,
Тұра алмайсың ұпайдың басын құрап.
Алайда сын сағаты өткен сайын,
Жақсылық бола түсті басымдырақ.
 
Алдында Алла деген шырақ тұрды,
Бойына тасқынды күш, қуат кірді...
Диірмен тастай айналған әдіспенен
Александруды көрмеді лақ құрлы...
 
Жеңіс! 
Төреші екі қолын көтеруде,
Қошеметтер қол соғып, от өруде...
Ауыздарда Жақсылық аты айтылып,
Халық кетті шаттықтың жетегінде.
 
Бәйкен аға құттықтап құрақ ұшып,
Елмен бірге жатты ол қуанысып...
«Қандай сыйлық берейін» деген кезде,
Қымызымен шөл басты сұрап ішіп.
 
Қошемет селдей тасып молайып тым,
Құрметі шексіз болды халайықтың...
«Бір жапырақ Жақсылық» деумен өткен
Данагөй даралығы-ай Қонаевтың...
 
Өткен ғасыр өшкен жоқ сағымдары,
Жаңғырық боп жатады жанындағы.
Баласындай өзінің бауырына басып,
Жаны қалмай Жақсылықты қабылдады.
 
Димекеңнің пейілі тасыды анық,
Жақсылықты қолтықтап, қасына алып.
5000 сом, пәтер менен алтын сағат,
«Жигули» бар абырой асырарлық.
 
Тапқырлық жарып шығар тасадағы,
Көңілің көркем болып хош алады...
Тіршілік деп осыны айт, Жақсылығың
«Жигулиді» «Волга» етіп жасап алды...
 
Шақыртып жағалыны жан-жақтағы,
Чемпионмен  жол жүріп бармақ тағы.
Алып барып Шелектің аймағына,
Аста-төк Жақсылықты ардақтады...
 
Жарайды  Жақсылықты сырлы етуге,
Жайма-шуақ төгілер нұр бетінде...
Ісіп-кеуіп кеткен жоқ әлдекімдей,
Халықтың құлдық ұрды құрметіне.
 
Қарсыластан қаймықпас сірес деген,
Жан бар ма екен өзімен тіреспеген...
Сайыпқыран самдағай нағыз палуан,
Отыз үш жыл өтіпті-ау күреспенен...
 
Бәйгеден баққа балар ат келгенін,
Жеңісінде алдымен бақ бергенін...
Жақсылық жай күндері есіне алар,
Грек-римнен Псаревтей бапкерлерін.
 
Артта қалды заманның қысталаңы,
Ұмтылған ұшар шыңда ұшталады...
Қазақта Қажымұқанда ізбасар бар,
Жақсылықтың намыс қой ұстағаны.
 
Ертеректе инфаркт боп жазымданды,
Көргендей болып өтті бар ызғарды...
Үмбетов: «Ешкі сүті ем деді” рас,
Шынында соны ішумен жазылған-ды.
 
Арқасын кеңге салар абат бағы, 
Қарапайым қазақ қой санаттағы.
Жан сырын жасыруды білмейді ол,
Бастағы жайын былай сабақтады:
 
– Жүз ешкіден жадырап асып кеңдік,
Тірлікте тыныс алар нәсіптендік...
Мал мен жерден дәулетті іздегеннен,
Басталып кетті менен кәсіпкерлік...
 
Қашқам жоқ басқа түскен өтемінен,
Арқам жауыр болған жоқ көтеруден.
Тәуекелмен қолға алдым кәсіпті мен,
Бақанас пен Мыңбаев мекенінен...
 
Пешенеме құт кірді өрістеген,
Тер төксең алыс емес жеміс деген...
Төрт түлікті шұбыртып бабалардай,
Шаруа жағы шалқыды жөн істеген...
 
«Мал баққанға бітеді» оңыменен,
Көбейіп жатыр жылда төліменен...
Алыстан асыл тұқым іздеп таптым,
«Ырыс кірер» дейді ғой малыменен...
 
Толықсып өсіп жатыр дәнім бүгін,
Азық болар көк балғын шабындығым.
Техника жағын да қамдап қойдым,
Алға жылжыр шаруасы алымдының.
 
Қолдан келер шағыңда шамаң барда,
Болмайды екен боп-боз боп алаңдауға.
Қол қусырып бос жүрген жандар көп қой,
Жұмыс бердім бір қауым адамдарға...
 
Қырқа-қырат жеріме құрақ толып,
Шұбат, қымыз, сүт деген бұлақ болып.
Арпа, бидай, дақылмен қамба толса,
Өн бойыма тұрмай ма қуат қонып...
 
Бәрін менің артық-ау анықтағым,
Жасымнан шаруа ісінен жалықпадым.
Бақыт деген мен үшін бас айналмай,
Қаперіңде ұстау ғой халық қамын...
 
Қалай, қалай бұл Жақаң сыр ақтарар,
Өткен жолы бүгіннен тұрақ табар...
Айтқанының бәрінде қоспа сөз жоқ,
Жас ұрпақ мұның бәрін құлаққа алар.
 
Қазір ғой астындағы аттар керім,
Шаңға көміп жүреді шапқан жерін.
Қытайда Үрімжіде болған Жақаң,
Көрсеткен классикалық бапкерлігін.
 
Естіп көрген емеспіз тас атқанын,
Спорт десе береді жасап бәрін...
Басшы болып мектепке тұрған кезде,
Ерлік дерсің бөлмесін босатқанын...
 
Өзі де тартыстарда татқан біліп,
Айтып жүрер онысын мақтан қылып.
Жарысқа кетер кезде жампоздарды
Жіберер ет, қымызбен аттандырып...
 
Білмейді ол қамқорлығын шектеуді де,
Кеуде соғып көрген жоқ жеткеніне...
Құрал-жабдық, қаржыдан Балқаштағы,
Көмек берді «Жетірауан» мектебіне.
 
Кімге болсын бұл өмір артар жүгін,
Бастан кешер адамдық қартаңдығын.
Жақаңның жаны сүймей күйіп кетер,
Көргенде жас буынның жалқаулығын.
 
Жігіттер бар қазақта жалыны артық,
Көрсете алсақ жарады дабыратып...
Жақаң жүр қазақтың палуанынан,
Нұрмахан мен Алматқа сенім артып.
 
Шаш-етектен шаруа бар бір басында,
Сонда да уақыт табар сырласуға...
Екі шофер кезекпен тасып жүрер, 
Жамбыл менен Балқаштың жылғасында.
 
Әлі де кешіп келед қара суды,
Әдеп көрер адаммен санасуды.
Көз ілеспес қимылы-ай қарап тұрсаң,
Үш қабатқа шығады бала сынды...
 
Қарап тұрсаң бейнетсіз озады кім!?
Тұла бойдың сақтаумен тазалығын...
Аңсап жүрген адамдар жер-жердегі,
Көрсе, шіркін, «Жақсылық» қожалығын.
 
Аңғал басып көрсетпес ағаттығын,
Халық та қызығады қарап бүгін...
Аты аңызға айналып бара жатыр,
Көрсетіп жүр Атымтай жомарттығын.
 
Кетіп қалған тасқынның құрдымына,
«Қызылағаш» жалғады мұңды мұңға.
Жақаң деген жай тауып жата алмады,
Шыдай ма мұндайда адам             шындығында?
 
«Көп түкірсе көл” деген даналықтан,
Келе жатыр бұл ауыл жаңарып та...
Үйір жылқы, қоралы қойын берді,
Жақаң малы кетті елге таралып та...
 
Біледі ол тұғырдан түспейтінін,
Жас ұрпақ жаңғыртатын күш дейтінін.
Сарыкемерде Жақсылық мектебі бар,
Ел мақтап жүр тоқтаусыз істейтінін...
 
Жас ұрпақтың өткен жоқ күні құрға,
Спорттың қыр мен сырын ұғынуда...
Ел намысын қорғайтын ертеңдері,
Өкше басар Жақсылық шынығуда...
 
Тәуекел бар тағы бір жанып көрмек,
Ауқымды іс атқаратын анық терлеп.
Мыңбаевта Мәдениет үйін жасап,
Бір жағына спортзал салып бермек...
 
Көңіл шіркін қашан бір жайланады,
Ауылды ескермей жүр бай-манабы...
Күресті дамытудың қамын жеумен,
Жақсылық шыр-пыр болып ойланады.
 
Ауылдар алшақ кетті-ау сызағынан,
Көзбен көрсең көңіл тұр құлазыған.
Құбылтып құлпыртты әне Мыңбаевты,
Айтып берсе кем емес жыр-аңыздан...
 
Еңбектің айтып кеттік бар қызғанын,
Бір қауым ел жұмыста жалғыз-жарым.
Алланың үйін күткен ауыл үшін,
Ерлік деп жүр мешітті салғызғанын...
 
Қандай ғажап қызыға қарауға адам,
Ел деген үміт үзіп тәмәмдаған.
Баяғы Жақаң болды бағын жаққан,
Үй сайын газ жанып тұр алаулаған...
 
Ойлы-шұңқыр жерлерді тарпып атып,
Жол азабы жіберді-ау сансыратып...
Халықтың қабыл алып ақ тілегін...
Асфальт жол жасатты жарқыратып...
 
Ауылы қараңғыда отырғанда,
Салдың мұнда тағы да сәтіңді оңға...
Жарық шамдар көп өтпей самсап тұрды,
Ұлы күн шұғыласын батырғанда...
 
Қол соқпай тұра алмайсың өжетіне,
Жарап жүр ғой Жақсылық әжетіне.
Еліне алақаны ашық тұрар,
Қайырым берді көл-көсір қажетіне...
 
Санадан өше алмайды-ау күн кешегі,
Барлық жерден көрмесе сезбес еді...
Ырым жасап ат қойып, той жасапты,
Қайда барсаң Жақсылық кездеседі...
 
Аңқылдап алға шығар самғауымен,
Жақаңның арналанған арманы кең,
Түтіні түзу үйіне алтын қазық,
Өзі сүйген Күлпандай жан жарымен...
 
Бала-шаға бақ көрер алтындары,
Таудай талап арқалап тартынбады.
Астанада Жандосы заңгер боп жүр,
Ал Елдосы фермер боп жарқылдады.
 
Бала – бақыт, барынша шүкір дейді,
Ата-ананың бар-жоғын бүтіндейді.
Мәскеуде туған Жеңіс кенжесі ғой,
Қоғам десе сарбаздай күтінбейді...
 
Бой бермейді жас құрақ күш ағынға,
Мықтап кесті қалың жұрт тұсауын да.
Жеті немере желкілдеп асыр сап жүр,
Жақсылық пен Күлпанның құшағында.
 
Тау тұрғызды бұл Жақаң бата алудан,
Тұлпар үркер жер жарған атағынан...
Спорттағы атақтың бәрін де алды,
Орден, медаль сыңғырлар шапанынан.
 
Жер-жаһанды тамсантып ғаламаты,
Қазақты қалықтатты ғажап аты...
Алматы, Тараз, Балқаш, тағы басқа,
Облыс, аудан «Құрметті азаматы».
 
Ұшқыр уақыт зымырап ағындайды,
Айтар болсақ арттағы мамыр жайлы.
Жақсылық алпысқа кеп тал түсімен
Жекпе-жектен шыққандай дамылдайды.
 
Бүгін ғой мерейтойдың бәрі ойында,
Халық болып шалқыды қолайында.
Күрестен турнир өтті-ау дүркіреген,
Атақты «Балуан Шолақ» сарайында.
 
Тепкен адам болған жоқ өзегіңнен,
Айналдым деп айттың-ау өз елімнен.
Тұрлыханов бастаған толайым жұрт,
«Темір тұлпар» мінгізді-ау кезегімен.
 
Намыс отын маздатқан нұр бетінде,
Көп тілеуі көл болып күн де өтуде...
Қазақтың қастерлісі Жақсылық қой,
Бөленген қалың елдің құрметіне...
 
Қанат ТӘКЕБАЕВ