ТУҒАН КҮН БЕ, ТОЙҒАН КҮН БЕ?

Уақыты: 09.06.2021
Оқылды: 2973
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Туған күн десе көз алдымызға әдемі безендіру, шар және үлкен тәтті торт келе қалады, солай емес пе? Бірақ, қазіргі кезде жастар арасында тортты жеудің орнына туған күн иесіне лақтырып қызық көру кең тараған. Тіпті, ұн шашып, жұмыртқа жарып асты аяқ асты қылу қалыпты жағдай болып бара жатқан сыңайлы. 


Бұл дәстүрдің қайдан келгенін зерттеп көріп едім, ғаламтордан мынандай мәлеметтерге кезіктім: торт, жұмыртқа және басқа тағам түрлерін лақтыру – әйгілі адамдардың немесе саясаткерлердің қызметіне деген протест түрі болып табылады екен. Яғни, ешқандай физикалық зақым тигізбей қорлау немесе өзінің ішкі зарын жеткізу түрі десек болады. Мұндай тәсіл ең алғашқы рет Американың «Мистер Флип» атты туындысында қолданылып, танымалдыққа ие болған.

Иә, бұл «ашынғаннан шығады ащы даусым» демекші, адамдардың өз қарсылығын білдіру мақсатында қолданған айласы болса керек. Ал, бізге не жорық? Айдың, күннің аманында тортты туған күн иесінің бетіне лақтырып, одан қалса байлап қойып, үстіне ұн шашып, басына жұмыртқа жаратындай басымызға қандай күн туды? Бұл әрбірден соң туған күн иесін сыйлау емес, қорлау ғой. Осыны неге түсінбейміз?

Әлеуметтік желілерді ашып қалсаң, туған күн иесіне тосынсый  жасаған осындай құттықтаулар толып жатыр. Солардың бірі мынандай: анасын құттықтайын деп екі ұлы үйге кіріп келеді, біреуінің қолында гүл шоқтары, екіншісінің қолында мерекелік торт. Анасы қуанып ұлын құшақтай бергенде, ол қолындағы тортын анасының бетіне жабыстыра салады. Сол сәттегі ананың жай-күйін елестетіңіздерші.

Одан соң туған күнмен түнгі сағат 12-де құттықтау белең алған. Бұл жастарға жарасымды шығар. Ал, үлкен кісілерді де түнгі ұйқысынан бөліп, ұйықтап жатқан жерінен оятып, кішігірім салтанатты шара ұйымдастыру да көңілге аса қонбайды. Осы тектес бір видео әлеуметтік желіде кең тарап, торт әкеліп құттықтап тұрған әйелі мен балаларынан отағасы шошып, «не мынау» дегендей сыңай танытып, ауыр сөздермен балағаттауы да күлкі тудырған еді. Бұрын таңертең ояна сала отбасы мүшелері туған күн иесін құттықтап жататын. Осылайша күніңіз де сәтті басталатын. Ал бүгінде түнде құттықтау үшін туған-туыс, дос-жаран жиналып, тыныштығыңды бұзып дегендей, түрлі әрекетке барып жатады. Ең сорақысы, асты да обалсынбай қорлап жататынымыз. 

Бәлкім, барлығы заман талабына сай болғаны дұрыс шығар. Қалай болғанда да ысырапшылдыққа жол бермеуміз керек. «Тістем нанның қадірін, тарыққанда білерсің, Анық достың қадірін, зарыққанда білерсің» демекші, ата-бабаларымыз қаншама ашаршылық жылдарын бастан кешіп, торт лақтырмақ түгілі, нан қоқымына зар болғанын өскелең ұрпақ түсінсе екен дейміз. Астың қадіріне жете алмай қорласақ, салт-дәстүрімізге жат дүниені енгізіп, өзгенікін қайталасақ, ұлттық құндылығымыз қайда қалмақ? Бұл турасында дінтанушы-психолог Қанат Маратұлы:
– Қазіргі кезде ысырапшылдық белең алып жатыр. Соның ішінде торт, ұн лақтыру, нанды басу сынды дүниелер көп. Қазақта:  «Көп асқанға, бір тосқан» деген мақал бар. Мұның арты жақсылыққа апармайды. Қазіргі ұрпақ ашаршылықты көрмеген, сондықтан да бір түйір дәннің қадірін білмейді. Абай атамыз «Қарны тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын», – деп бекер айтпаған. Бұл – қарыны тоқтықтың белгісі. Тоқшылықта жүріп адасқанның ашаршылықта жүріп адасқаннан екі есе ауыр күнәсі де бар. Қасиетті Құран Кәрімнің Ағраф сүресі, 31-аятында: «Жеңдер, ішіңдер бірақ ысырап етпеңдер, ақиқатында Аллаһ тағала ысырап етушілерді сүймейді», – делінген. Аллаһ тағаланың ең жек көретін амалы – ысырап ету. Бұл ысыраптың ішінде барлық дүние жатыр. Мысалы, мақтану,  мал шашу, дарақылық  барлығы осы ысыраптың ішіне кіреді. Сондықтан да адамдар  ризықты үнемдеп пайдаланып, ысырап етпеу керектігін түсіну керек. Дарақыланып тортпен атысып, азық-түлікті қор қылып, бір-бірін қуалап жүргендер қайырымдылық жасап көрмеген жандар. Егер олар қайырымдылық жасаған болса, небір қиыналып отырған, торт түгілі бір үзім нанға зар болып жүрген отбасыларды көретін еді. Сол кезде ойланып, бұлай істемес еді, – деді.

Біздің болашағымыз – жас ұрпақ. «Тәрбие – тал бесіктен басталады» демекші,  жастар өзге елдің қаңсығын таңсық көріп, адасуы мүмкін. Бірақ оларға жөн сілтейтін үйдегі ата-ана, туған-туыс, аға буын өкілдері. Осы орайда еңбектеген сәби кезінен  бастап нан қоқымын шашпауға, жерде жатса баспауға баулып, тағамның да киесі бар екенін ұғындырып өсірсек, дәл бүгінгі жағдайға тап болмас па едік. Қателікті түзеу еш уақытта кеш  емес.  Сондықтан  жастар аспен ойнап қорлағанша, соған ертең зар болып қалмау жағын ойлайық!

Шолпан БИҒОЖАНОВА