ЖАЛҚЫ СӨЗГЕ ЖАНАЙҚАЙ

Уақыты: 25.02.2024
Оқылды: 2175
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Таланты мен талабы қатар шапқан бір зиялы ағамыз дастарқанға шақырды. Іні деп ізеттілік білдіріп іздеген соң, ағаның айдын көлдей көңілін қимай барғанбыз. Аста-төк дастарқан басында аға буын ірілі-ұсақты біраз әңгіменің басын қайырды.

Негізінен алғанда, ақиқатын айтқанда сөйлеуші – шаңырақ иесі, тыңдаушы біз, яки меймандар. Түрлі тақырыпқа ой шаптыртқан ағамыз бір кезде қоғамның тарылып, адам пейілінің бұзылғанын жыр етті. «Анаған бәленше беріп ем», «мынаған түгенше ұстатып ем», «ана бір өнерге жаңа қадам басқан қаршадай қызға бақандай 600 доллар ұстатып ем», – деп қарыз сұрай келгендерді қарық қылғанын сөз етті. Бәрі де қайтармапты.  Аларын алған, беруге ниет танытпаған.

Ауылдас ағайын, көрші-қолаң, көз таныстың біршамасын жарылқаған қалталы жан ғой. Талабы да баршылық. Талантты демесе де, ортаңқол туындыларын оқығанбыз. Алайда сөзді серік еткен «жомарт жанның» аузынан шыққан сөйлемі оғаш естеледі. «Анаған беленше беріп ем, соңына аллаһу әкпәр болды», мынаған түгенше ұстатып ем, ол да аллаһу әкпәр», «әлгі өнерге қаз-қаз басқан қаракөз қарындас па әлде қызымыз ба, 600 долларды арқалап кетті де, аллаһу әкпәр айтқызы» дейді. Әр сөйлемінің соңын «Аллаһа әкпәр» мен тұжырған жомарт көңіл, дарқан жүрекке бәрі жанашырлық білдіріседі. Солай ғой, заман, адам бұзылған дейді жамыраса.

Іштей таңдандық. Осыған дейін мән бермей келіптік, қазақтың қарапайым әңгімесіне осы бір «Аллаһу акбар» сөзі қалай еніп кеткен? Әрине, дұға соңында бет сипау рәсімінен ғой, оны жасардың алдында аталмыш сөзді айтамыз. Діни ишараның тұжырымы «Аллаһу акбар» сөзіне барып тіреледі.  Алайда аталмыш сөздің мағынасы мүлдем басқаша еді ғой. Арап тілінде бұл «Алла Ұлық» деген мағынаны білдіреді. Арап тіліндегі сөздің біршамасын білетін бізге бұл таңсық көрінді. Енді қараңызшы, әлгі ағамыздың: «анаған беленше беріп ем, аллаһу әкпәр болды» деген сөйлемін өз мағынасында берсек қалай болар еді? Ойланатын, ойландыратын дүние-ау. Сақтанатын, салмақтайтын мәселе секілді.

АРДА БИ
Фото: ru.dreamstime.com