МӘСЕЛЕ. ҚОҢЫРДАҒЫ ҚОҢЫЛТАҚ ЖОБАЛАР

Уақыты: 04.06.2023
Оқылды: 2538
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Ескелді ауданына қарасты Қоңыр деген ауыл бар. Жазда қоңыр салқын жел есіп, қыста қалың қар қымтап жататын өңірді «түгін тартса, майы шығады» деп сипаттауға келеді. Ауыл айналасындағы құйқалы жоталар мал шаруашылығына таптырмайтын жер. Ала жаздай жаңбыр жаумаса да тәлімі жердің тауаны қайтпайды. Ауыл ақсақалдарының айтуынша, заманында  алыс-жақынға танымал болған құтты қоныс, ырысты ауылдың тоқырау жылдарында берекесі кеткен. Кезінде 300-ден астам отбасы қоныстанып, қызығы мен қуанышы еселеніп жататын ауылда бүгінде 190-нан астам ғана үй бар. Сол тұстағы инфрақұрылымның дені тоналып, тағаны ғана қалған. Десе де қарапайым халықтың ауылын өркендету үшін әлі де қайратынан қайтпағанын көрдік.

Қай ауылға барсаң да өткенін аңсайтын ақсақалдарды көптеп кездестіресің. Ондай ақпейіл жандарды Қоңыр ауылынан да таптық.

– «Қоңыр» – тарихи ауыл. Сонау ХІХ ғасырда Қапал мен Талдықорғанның арасын байланыстырған пошта бекетінің бірі осы жерде орналасқан. Қазақтың әйгілі тарихшысы, жиһанкез Шоқан Уәлиханов Ыстықкөл сапарында Қоңырдың іргесіндегі Көкжазыққа киіз үйін тіктіріп, демалып аттанған. Ауылдастар Керім Мұсабеков ауылды басқарып тұрған 1960-1972 жылдарды ризашылықпен еске алады. Өйткені ауылдың бет-бейнесі сол жылдары дұрысталды. Сүт фермасы, механикалық техникалық орталық, мектеп-интернат, сауда орталығы, емхана, кеңшар кеңсесі, диірмен, қырман, басқа да халыққа қызмет көрсету орталықтары болған. 70 мың бас қой, мың тұяқ жылқы, бірнеше мың бас ірі қара  жаз жайлау, қыс қыстаудан қысылмайтын. Жазда Бала Қорадан Түйтеге дейінгі шұрайлы алқапты жайлайтын ауыл шаруалары қыста Молалы (Бүгінде Ақсу ауданына қарасты) жақтағы құм арасын қыстап, малын жұтатпайтын. Жұрт есінен кетпейтін 1969 жылғы қыста көрші кеңшардың малшылары ақ таяғын ұстап қалғанда қоңырлықтар жемшөп, азық-түлікпен көмектесіп еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тоқырау ауылдың бүлдіргісін бүлдіріп тынды, – дейді ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы  Исламғали Дәрменбеков.

АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫС КӨП

Расында тәуелсіздіктің елең-алаң шағы қазақстандықтар үшін оңай болған жоқ. Көп дүниеден айырылып қалдық. Десе де кезіндегі шалқыған шаруаны қайта қалпына келтіру үшін атқарылып жатқан жұмыс та аз емес. 

– Еңбек жолымды осы ауылда жас маман болып бастап, елмен бірге ержеттім. 2017 жылы ауыл әкімі болып тағайындалып, 2021 жылы қайтадан сайландым. Сол жылдары қолымнан келгенше біраз дүние жасағанымды ауылдастар жақсы бағалап жүр. Соның бірқатарын айтсам, Ақын Сара ауылынан Қоңырға дейінгі жол асфальтталды, ауылға кіреберіске қар тосатын тосалғылар жасалды, Қоңыр ауылдық округіне қарасты Көктөбе, Қоңыр ауылдарына ауызсу желісі тартылды,  Қоңыр ауылындағы 2 көшеге жарық шам орнатылды. Көктөбе ауылындағы мектепке күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп, оның бір бөлігі қысқы спорт түрін өркендететін лагерьге айналдырылып жатыр. 

Қоңыр ауылы қысқы спорт түрін өркендетуге өте ыңғайлы жер. Сондықтан бұл лагерьде облыстың түкпір-түкпірінен жиналған жастар қысқы спорт түрімен жаттығатын болады. Ол, бір жағынан, жастарды спортқа бейімдесе, екінші жағынан ауылға жас мамандар көптеп келеді деген ойдамыз. Ол ауылдың демографиялық жағдайын көтереді. Ауылдың кіреберісінен балалардың ойын алаңы салынды. Мал басы өсіп, егіс алқабының аумағы артты, – дейді ауыл әкімі Арай Құлахметов.

Тағы бір ауыз толтырып айтар жаңалық – аз үйлі Қоңыр ауылындағы амбулаторияның заманға сай жаңғыртылып, озық құрал-жабдықтармен жабдықталғаны.

– Амбулаторияда бүгінде 14 адам жұмыс істейміз. Екі жыл бұрын ағымдағы жөндеу жұмысы жасалып, емдеу мекемесі қажетті заманауи құрал-жабдықтармен толық жабдықталды. Мұнда тіркелген мыңға жуық тұрғынға сапалы қызмет көрсете аламыз. Дәрі-дәрмегіміз жеткілікті, бір санитарлық көлігіміз де бар, – дейді ауылдық амбулаторияның меңгерушісі Мақпал Кенжеқанқызы.

Алайда  ауылдағы Мәдениет үйінің жағдайы нашар. Қаусаған қабырға, аңғал-саңғалы шыққан есік пен терезе, тозығы жеткен шатыр ауылдың көркін бұзып тұр.  

– Қоңыр ауылы қазақ мәдениеті мен өнері, әдебиетінде ерекше аталатын қаламгерлер Ғали Орманов пен Сайын Мұратбеков, Қазақстанның халық әртісі Қажыбек Бекбосынов сияқты тұлғалар туған ауыл. Ауылдық Мәдениет үйі 1971 жылы қолданысқа берілді. «Жетісу толқындары» фольклорлық-этно-графиялық ансамбль бірінші рет мынау сұрқы қашқан Мәдениет үйінде құрылған» дегенге бүгінде біреу сенсе, біреу сене қоймас. Сазгер, Мәдениет үйінің бір кездегі  директоры Мэлс Керейбаев, ауыл хатшысы Жангелді Дәуешов ағаларымыздың бастамасымен алғаш рет теледидарда өнер көрсетіп, еңсемізді көтергені бар. Сайлау Әбділдинов атты сазгеріміз болды. Бір кездері облысты дүрілдеткен «Қырықбаевтар отбасылық ансам-блін» осы күнгі үлкендер ұмыта қойған жоқ. Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова, Зейнеп Қойшыбаева апаларымыздың өнерін анау тозығы жетіп, топырағы шығып тұрған орындықтарда отырып тамашалап едік. 300 адамдық залы, киім-кешек ілетін орны, әр бөлмеде шығармашылық топ, кітапхана, тағы да басқа қызмет кабинеттері жұртқа қызмет көрсететін, – деп өткенді еске алды Қанат Күдербаев.

Бұл нысан тоқырау жылдары әлдекімдердің жекеменшігіне өтіп, біраз жыл қараусыз қалады. Өткен жылдары ауылдан шыққан меценат азаматтар тозығы жеткен Мәдениет үйін сатып алып, оны ауылдық әкімдіктің балансына өткізіп беріпті. Бірақ 300 орынға лайықталған нысанды қайта жөндеуден өткізу үшін аз қаржы кетпейтіні белгілі. Ауыл ақсақалдары мен азаматтары аудан, облыс басшыларына ұсыныс айтып жүріп, биыл ауылдан жаңа модельді Мәдениет үйі салынатын болыпты.

– Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың аудан тұрғындарымен кездесуінде Қоңыр ауылындағы Мәдениет үйінің жағдайын айтып едік. Ұсынысымыз қабылданып, жақын арада құны 159 млн. теңгеге бағаланған 140 орынды модельді Мәдениет үйі салынатын болды. Қазір жер телімі алынып, тиісті құжаттары рәсімделіп, керекті қаржысы қарастырылды. Демек, бұл нысан ауыл мәдениетін қайта түлетуге сеп болары анық, –  дейді ауыл әкімі.

Иә, Қоңыр ауылында жасалып жатқан жұмыс көп. Бірақ ауыл ақсақалдары армандайтындай кемелді ауыл құру үшін әлі де көп тер төгуге тура келеді. «Жоқ жомарттың қолын байлапты» дегендей, бәрі айналып келіп қаражатқа тіреледі. Сондықтан арман болса да  дәрмені шамалы ауылда шешімін күткен мәселе де аз емес. 

ШЕШІМІН КҮТКЕН СҰРАҚТАР

Ауылдағылардың ең басты мәселесі – ауылішілік жолдардың жағдайының тым жұтаңдығы. Қоңыр ауылының өзінде 9 көше бар. Бірақ 1969 жылдары салынған  асфальті бірде-бір рет жаңармаған жол апамның құрақ көрпесіндей шұрық-тесік.  Былтырғы жылы Ғабиден Исмайлов атындағы көшеге асфальт төсеу жұмысы басталғанмен мердігер компания «Жаңа жол» ЖШС жұмысын толық атқармай, аттам жерге асфальт төсеген де ат құйрығын ұстатпай кеткен. Сонымен тапсырыс беруші Ескелді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мердігер компанияны сотқа берген. Сот «Биыл жол құрылысының қалған бөлігін толық бітіреді» деген шешім шығарғанымен қыбыр етіп жұмыс жасаған адамды байқамадық. 

– Биыл Абай Құнанбаев және Мәншүк Мәметова атындағы көшелерді асфальттауға ұсыныс білдіріп едік. Өтінішіміз аудан тарапынан қабылданбай қалды, – дейді Арай Елубекұлы. Демек, ауыл жолын бүтіндеудің жыры біразға дейін біте қоймайды. Оның нақты себебін аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінен сұрағанды жөн көрдік.

Ауылдағы дауға ұласқан тағы бір нысан – құрылысы өткен жылы бітуге тиісті болған спорт алаңы. Ауыл ортасындағы атшаптырым алаңқайдың бір шетіне жайғасқан нысан дәл бүгінгі күні ауыл тұрғындарының таңертеңгі-кешкі уақытында демалатын, ауыл жастарының спортпен шұғылданатын орынға айналуы тиіс еді. Бірақ сықпыты кеткен спорт алаңы көрген жанның көңілін ауыртады. Қомақты қаржымен жасалуға тиіс нысан қисық-қыңыр күйде. Әр жерге қадап қойған жаттығуға арналған құрал-жабдықтардың да сапасы сын көтереді дей алмаймыз. Істелген жұмыс талапқа сай орындалмағандықтан ауыл әкімдігі оны қабылдап алудан бас тартқан. Оны қойшы, спорт алаңын айналдыра қоршаған темір тордың сапасыз материалдан жасалғаны көрініп тұр. Итеріп қалсаң құлап түсердей. Оған қарағанда алаңның жанындағы 1969 жылы салынған мектептің қоршауының сапасы сан есе артық. Мердігер компания спорт алаңының жұмысын биыл толық бітіріп беруді уәде еткен көрінеді. Бірақ өткен жылы игерілмеген қаржы аудандық бюджетке қайтарылғандықтан бұл жобаның да соңы біраз дауға ұласатындығы белгілі.

Спорт алаңының іргесіндегі мектептің жағдайы да мәз емес. Көрген жанның көзіне ең алдымен мектептің сыры көшкен шатыры түседі. Ғимараттың ішіне кірсеңіз 60 жылға жуық жөндеу жұмысын көрмеген білім шаңырағының әбден тозып біткенін байқайсыз. Өткен ғасырдан қалған есік-терезелердің саңылауы ашылып, ашып-жапқанда «әндетіп» тұрады. Терезелерден кірген жел перделерді желпіп тұр. «Көктемде осындай болса, қысқы аяз кеулегенде оқушылар қалай білім алады?» деген ойға қалдық. Жауын өтіп, сарғайып кеткен төбелер, аттап қалсаң шаңы бұрқ ете қалатын спорт залындағы ағаш еден техникалық қызметкерлердің мазасын алып біткен. Осындай ұсқынсыз ортада оқып жатқан оқушылар мен мұғалімдердің шыдамдылығына риза болдық.

Мектепті күрделі жөндеуден өткізуге қатысты сметалық-жобалау жұмысы жасалып, білім шаңырағын заманауи қалыпқа келтіруге керекті қаражаты есептеліп, аудан әкімдігіне ұсыныс жасалғалы бірнеше жыл болыпты. Өкінішке қарай, жыл сайын ауданның жоспарына кірмей қалады екен. Қашанда білімге салынған қаржының қайтарымы болатынын ескерсек, Қоңыр ауылдық мектебінің күрделі жөндеу жұмысын кешіктіре беруге болмайтынын аңғардық. Бұл мәселеге алдағы уақытта аудан әкімдігі нақты жауап бере жатар деп үміттенеміз.     

Қоңыр ауылында 200 шаруа қожалығы, егін және мал шаруашылығымен айналысатын 49 мың гектар жер бар. Бұл үлкен цифр саналғанымен мал басы күн сайын өсіп отырған ауыл тұрғындарына жайылымдық, жайлаулық, күзеулік, қыстаулық жердің тапшылығы анық байқалуда. Оның да өзіндік себебі бар екен. Қоңыр ауылы кезінде Қапал ауданының құрамында болғанда қыстауы да, жайлауы да болған. Кейін Ескелді ауданының құрамына өткенде олардың жайлаулық және қыстаулық жері Ақсу ауданының аумағында қалып, шаруаларға жер тапшылығы сезілген.

– Ауыл тұрғындарының қолындағы малын жаюға қарастырылған 3600 гектар жер қоры бар. Ал шаруалар жайлаулық және қыстаулық жерден тапшылық көріп отыр. Биыл аудан әкімдігі тарапынан Қоңыр ауылдық округінің шаруа қожалықтарына Шажа өзені бойынан 900 гектар жайылымдық жер бөлініп берілді. Бірақ оған ұсақ мал барғанымен жылқы, ірі қара малына жеткілікті жайылымдық жер мәселесі әлі де шешімін таппай келеді. Егер кезінде Қоңыр ауылына қарасты болған, бүгінде Қапал орман шаруашылығы мекемесінің қарауындағы Қора жайлауынан бойдақ ірі қара малына жайлаулық жер берілсе, біраз қиындық еңсерілер еді, – дейді ауыл әкімі.

Әрине, жайылымдық және қыстаулық жер мәселесі Ақсу мен Ескелді аудандары арасындағы келіспеушілікті туындатып жатқанын білеміз. Өйткені, Қоңыр ауылына тіркелген шаруа қожалықтарының малы Ақсу ауданының аумағында қыстайды. Игерілмей жатқан жерлерді қайта анықтау барысында бұл жағдай күн тәртібіне шығып, облыс деңгейіне дейін көтерілді. Сондықтан әр тарап бірлесе отырып, бұл мәселені де түбегейлі шешкені жөн. Болмаса ауыл арасында, ағайын ішінде келіспеушіліктер туындап қалуы әбден мүмкін.

Сонау кеңшар кезінде салынған, ауыл әкімдігі орналасқан екі қабатты ғимараттың жағдайы қиын. Онда ауыл әкімдігінің қызметкерлері, кітапханашылар, пошта қызметі, мал дәрігері мамандары, тағы да басқа халыққа қызмет көрсететін қызметкерлер сығылысып орналасқан. Ауыл әкімі Арай Құлахметовтің айтуынша, екі жыл бойы жүгіріп жүріп, ғимаратты ауыл әкімдігінің балансына өткізіпті. Алдын ала болжам бойынша оны күрделі жөндеуден өткізу үшін 208 млн. теңге қажет екен. Ауыл әкімдігінде ондай қаржы қайдан болсын.

Иә, Қоңыр ауылында атқарылған жұмыстар да жетерлік, «әттеген-ай!» дейтін жетіспеушілік те бар. Біз ауылда шешілуге тиісті маңызды деген түйіндерге тоқталдық. Енді оны шешудің жолдарын аудан әкімінен сұрайтын боламыз. Мүмкін, біздің өтінішіміз орындалып қалар.

Қажет АНДАС
Қоңыр ауылы,
Ескелді ауданы

Суреттерді түсірген Руслан ҚАДЫРОВ