ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕНІҢ ҰЛАҒАТЫ МОЛ

Уақыты: 30.11.2023
Оқылды: 2038
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Ұлтымыздың ұлағатты өнегесімен, бағзы замандардан жалғасып келе жатқан дәстүр-салтымен жас ұрпақ тәрбиелеу ата-ана мен ұстаздың ұтымды әдіс-тәсілі. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деп өскелең ұрпағының ұлттық сезімін оятар, құлаққа сіңімді, санаға серпіліс берер қанатты сөздерімен алға жетелеген  қазақ халқында бүгінгі педагогикада көсіп пайдаланар тартымды тәсілдер көп-ақ.

Қазіргі білім беру саласындағы жаңалықтармен ұлттық тәрбие, халықтық педагогика үндесіп жатса ұтарымыз аз емес.

Электроникалық тайталас даму үстіндегі заманда ұлттық болмысымызға, тіліміз бен ділімізге сырттан жағымсыз өзгеріс әкелетін қауіп-қатер де көп. Десек те тарихтың әрқилы кезеңдерінде тағдыр тәлкегіне түсіп шыңдалған, саны аз болса да қаны таза, қалыптасқан салт-санасы, көңілі ақ, жүрегі сом қазақ халқының жаһанданудың желқайығына мінсе де басқа бағытқа ауытқымауына берік негіз бар деп білеміз.

Жас ұрпақты тәрбиелеу жүйесі уақыт пен заман талабына сәйкес елде, әлемде жүзеге асып жатқан айтулы жаңалықтармен байланысты өзгеріп отырады. Қазіргі қоғам жан-жақты үйлесімді дамыған жаңа адамды тәрбиелеуді талап етуде. «Заманына қарай адамы» демекші, бүгінгі өркениет талабы қарышты уақыт адымынан қалыспауды сұрайды.

Қай заманда да ойшыл ғұламалар «Адам бойындағы қиқар мінез, теріс қылықтар әлеуметтік құрылыстың кемшіліктерінен туады» деп түйген. Белгілі ортадағы адамның тұрмыс-тіршілігі ықтиятты, өркенді болса, ондағы адамгершілік қарым-қатынас та жоғарыламақ, яғни тәрбиенің тәлімді болуы заманға, қоғамға, оның материалдық, рухани байлығына да байланысты.

Бүгінгі жас ұрпақты ақылды, сезімтал, сергек етіп тәрбиелеу ең алдымен отбасы мен орта мектеп мұғалімдерінің бұл мәселеге қаншалықты мән беріп, шындап шұғылдануына байланысты екенін ұмытпаған жөн. Осы орайда айтпақ ойымызды негіздесек – әлем елдері арасында алғашқы болып мемлекетімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылып, жүйелі жұмыс жасап, ғаламшарымыздың дамыған мемлекеттерінің өзіне үлгі болғаны біздің елде ұлттық тәрбиенің негіздері қалыптасқанын көрсетті. Мәселенің маңыздылығы еліміздің бұдан ары өсіп-өркендеуіне, әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің сапынан берік орын алып, тіліміздің қажеттілігін арттыруға қызмет етіп, бір сөзбен айтқанда, баянды болашаққа негіз болуында.

Қазір елімізде ұлтын сүюдің, ұлттар ынтымақтастығын арттырудың жарқын мысалдары көп. Қазақстан халқы Ассамблеясының аясында жұмыс жасап келе жатқан ұлттық мәдениет орталықтарының тыныс-тіршілігінің өзі көп жақсылыққа татиды. 

Панфилов ауданында 35 ұлт өкілі тату-тәтті, ынтымақпен өмір сүріп келеді. Оларды бір-бірімен жақындастыратын, бірлікке жетелейтін құндылықтар қаншама?! Ежелден ауылы аралас, малы қоралас өмір сүріп, туыстасып тіршілік жасап келе жатқан қазақ пен ұйғыр халқы, сталиндік қуғын-сүргін жылдарында қазақ халқының ошағынан ас ішіп, отбасынан баспана тапқан басқа ұлт өкілдері де Жаркент өңіріне ажырамастай сіңіскен. Қазір мұнда өзінің тілі мен мәдениетін дамытып, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге риясыз атсалысып жүрген ұйғыр, дүнген, славян мәдени орталықтарының жұмысын мысалға алуға болады. Олар әртүрлі тәлім-тәрбиеге бағытталған істерінде ауданға еңбегі сіңген, парасатты тұлғаларды жастардың ортасына жиі-жиі шақырып, үлгі етеді.

Осы орайда шәкірт тәрбиесіндегі ұлттық сезім жайлы ойымызды ортаға салсақ, оның сан түрлі сыры мен қырын алдымен ұстаздың өзі жете түсініп, сезінуге тиіс. Мысалы, шәкірттің ұлттық сезімін жетілдіру үшін ұстаз ең әуелі оған өз ұлтының қадір-қасиетін жетесіне жеткізе таныстырумен қатар өзге ұлттарды да шынайы сезімімен құрметтеуге баулығаны абзал. Бұл шәкірт тәрбиесіндегі басты шарт. Бұлай болмаған жағдайда өз ұлтынан басқаны менсінбейтін, өзімшіл, өркөкірек, оспадар адам өсіруіміз мүмкін. Ондай тәрбиелік тағылымы таяз жанның тек өзіне ғана емес, қоғамға тигізер залалы көп болуы мүмкін.

Іс жүзінде жиі пайдаланып жүрген ұлтаралық тәрбиенің тағы бір ұтымды түрі – ежелден көршілес өмір сүріп, тіршіліктің тауқыметін ынтымақпен бөлісіп келген, өзге ұлт болса да балалары бауырлас болып өскен ардагер жандардың әңгімесін оқушыларға жиі тыңдату. Қазақ, ұйғыр халқының өкілдері басым тұратын Жаркент қаласында мұндай отбасы көп. Оларды ортаға шақырса кез келгені қол ұстасып қуана жетеді. Сондай жандарды қатыстырып, ашық тәрбие сағаттарын өткізуді Панфилов ауданындағы таза ұлттық және аралас мектептерде дәстүрге айналдырды.

Ұлттық мәдени орталықтарының жекелеген басқа ұлт өкілдерімен бірлесіп жасаған насихаттық шаралары бала бойына басқаны құрметтеу, оның тілі мен дінін сыйлау сезімін сіңірсе, өз ұлтын жанындай жақсы көруге жетелейтін сезім қалыптастырудың басты кілті – патриоттық рухта. Сонымен бірге еліміздің мәдени мұралары мен жәдігерлерін, әдебиеті мен жалпы өнер әлемінің кілтін тауып насихаттаудың пайдасы орасан. Бұл тұрғыдағы ой орамдарын тарқатып айтсақ – алдымен ауызға ілігері халқымыздың даңқты тарихи ерліктері ұтымды мысал болары даусыз.

Жастардың бойына ата-баба ерлігі мен өрлігі, жанға жайлы әсер етер мәдени, рухани мұралары қаншалықты мол сіңірілсе, ол соншалықты өз ұлтына жақын, шынайы ұлтжанды, парасатты тұлға болып қалыптасады. Мысалы, Жаркент өңіріндегі мектептердегі тәрбиелік мәні бар іс-шараларда ХVII ғасырдағы Орбұлақ шайқасы жайлы жиі айтылады. Бұл соғыс қазақ-қалмақ текетіресінің алғашқы кезеңінде, яғни 1643 жылы жазда, қазіргі Панфилов ауданының аумағындағы Белжайлаудың төріндегі «Орбұлақ» деп аталатын қос тауды жалғап жатқан тар кезеңде өткен. Қазақтың басын біріктіріп, жер аумағын кеңейтуге көп еңбек сіңірген Есім ханның баласы, даңқты қолбасшы Салқам Жәңгір сұлтан бастаған 600 жаужүрек кең-байтақ жерді жаулап алмақ болып жасанып шыққан қалың қолға осы кезеңде ойсырата соққы берген екен. Күші басым жау шепті бұзып өтуі де мүмкін еді. Алайда, ұрыс қызған кезде Самарқаннан 20 мыңдық қол жинап жеткен Әлімұлы Жалаңтөс баһадүр қазақ қолына көмектесіп, сол соғыста қалмақ қолы қансырай жеңіліп, ел шебіне жарты ғасырға жуық уақыт тыныштық орнаған екен. Өзінен әлденеше есе саны артық жауды жеңген қазақ батырларының әлем тарихында теңдесі жоқ ерлігі кез келген қазақ баласының мақтаныш сезімін оятып, рухын көтерумен қатар осы ұрыстағы ұлтаралық бауырластық, ынтымақ, достық, «Бірлік бар жерде тірлік барын» тағы да дәлелдейді. Айтайын дегеніміз, Салқам Жәңгір сұлтанның 600 батырының арасында қазақтың барлық тайпаларынан дерлік өкілдер болуымен қатар бауырлас қырғыз халқының бар екені және Самарқаннан көмекке келген Жалаңтөс баһадүр қолында өзбек, қырғыз, тәжік, түрікпен жасақтарының ортақ дұшпанға қарсы тізе қоса соғысқаны жарқын дәлел. Бұл оқиғалар түбі бір түрік тектес халықтардың ежелден ынтымақпен өмір сүріп, керек кезінде бір-біріне сүйеу болғанын аңғартады. Тереңдеп зерделесек, бүгінгі жастардың бойындағы отансүйгіштік қасиет пен бауырмалдық сезімін оятар нақты дерек осы емес пе?!

Әсерлі деректерді негізге алған ұлттық тәрбиенің жастарға берер ұлағаты мол. Алайда, ол сыңарезу бір жақты болмағаны жөн. Оған керек деректерді, әдіс-тәсілдерді алыстан іздеу шарт емес. Бұл тұрғыда Жаркент қаласындағы Жамбыл, Ы. Алтынсарин, Б. Момышұлы атындағы, Еңбекші мектептеріндегі ұтымды тәжірибелерді атап өткен абзал. Бұл мектептерде өздері орналасқан шағын аудандар аумағындағы ата-аналар арасынан ел-жұртына еңбегі сіңген, беделді ардагерлерді мерекелік шараларға, ашық сынып сағаттарына шақырып, шәкірттер алдында ой-пікір айтқызу дәстүрге айналған. 

Кім кіндік қаны тамған ата қонысын, Отанын өз еркімен тастап басқа елге кете қояр дейсіз?! Әр кезеңде тағдырдың жазуымен, тарихи оқиғалардың теперішімен қазақ жері де түрлі ұлттардың мекеніне айналғанын жақсы білеміз. Ақ патша әскерінің отарлауы, сталиндік қуғын-сүргін, тың игеру жылдарындағы солақай бастамалар Қазақ- станды еріксіз көпұлтты мемлекетке айналдырған. Ежелден кеңпейілді, бауырмал қазақ халқы солардың бәрін түсіністікпен қабылдап, жақын тартты. Бүгін бірлігі мен берекесі сөгітілмеген ел болсақ, сол кең қолтық, жомарт көңіліміздің нәтижесі болар?!

Биыл Жаркент қаласындағы аудандық Мәдениет үйінде аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Тағдыр тоғыстырған – тарих табыстырған» атты Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне арналған көпшілік мәдени іс-шара өткізілген еді. Тағылымдық, тәрбиелік мәніне қарай бұл шараға негізінен аудан жастары шақырылды. Шара Д. Рақышев атындағы Халық театр әзірлеген көпұлтты ауыл тұрғындарын қиындықты да, қуанышты да бірлесіп еңсеріп жүрген тіршілігін сипаттайтын көрініспен басталды. Мерекеге қатысқан аудан тұрғындарының шарадан алған әсері ерекше болғанын көзбен көрдік. Сол сияқты осындай ұлттар достығын, ынтымақтастығын дәріптейтін іс-шаралар Жаркент қаласындағы Екінші дүниежүзілік соғыс  музейінде, аудандық кітапханада көрініс тапты. 

Ұлт өкілдері тату-тәтті, ынтымақпен өмір сүріп келе жатқан Жаркент өңіріндегі осындай жақсы үрдістер республикадағы таза ұлттық және аралас орта мектептерге, орта арнаулы білім беретін оқу орындарына ақпарат құралдары арқылы семинар-кеңестер өткізу жолымен таратылуда. Бірер жыл бұрын Жаркент қаласындағы Біләл Назым атындағы ұйғыр орта мектебінде «Ұйғыр тілінде оқытатын мектептерде білім мен тәрбие беруді ізгілендіру жолдары» деген тақырыпта өткізілген республикалық оқу-әдістемелік семинар соның бір айғағы. Оған Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстары мен Алматы қаласындағы мектептерде еңбек ететін ұстаздар қатысты. Осы басқосуда жасалған баяндамалар мен білікті әдіскер ұстаздардың ортаға салған ой өзегі жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беруді ізгілендіруге әкеліп саяды.

Қазір Қазақстанда 72 өзбек, 3 тәжік, 14 ұйғыр мектеп бар. Бұдан тыс орыс тілінде білім беретін оқу орындары қаншама?! Оларда қазір Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі, жер иесі қазақ халқының тарихы оқытыла бастады. Бірақ жоғарыда айтылған республикалық семинардағыдай, басқа да білім беру саласындағы алқалы басқосуларда ұлттық мектептерге ұсынылған оқулықтардың тілінің күрделілігі, деректерінің үстірттігі, күңгірттігі жиі айтылады. Осы мәселелерді реттеп жүйелеумен қатар оқушыларға ұлттық салт-дәстүрлерді үйрететін этникалық оқу құралын жасау қажет сияқты. Басқа ұлттар танып мойындаған қазақ халқының кең пейілі, әр ісінің тасасында үлкен ұлағат жатқан салт-дәстүрлері ғылыми тұрғыда жүйеленіп, жас ұрпақ бойына сіңірілсе артық болмас еді.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Жаркент қаласы

Фото: green-apple.kz