Құдайдан қорықпаған адам – пендеден ұяла қойсын ба?! Ұят – беттің пердесі екенін ұмытқан қоғам болды мына дәуір. Бетпердесі ашылғандардың араны да ашылып, жасап жатса да асылық, қымсыну мен қысылу жайына қалды. Нәтижесінде несібесіне бұйырған адал асын арам жолмен жеудің ҚОРЛЫҚ екенін біле тұра қорықпай қылғыта беру кәдімгіндей табыс көзіне айналып үлгерді.
ЖЕМ – ҚОРЛЫҚ! Жемқорлық жасап жүрген пенде, кім болсаңыз да, бетіңізге айтқандай қабылдаңыз. Түптің түбінде қор болатын әрекетпен айналысып жүрсіз. Атының өзі айтып тұрған қорлықтан атының басын бұра қашу ақылына кірмей жүрген не деген ақымақтық десеңізші?! Айып етпесеңіз мені асықпай, аптықпай аяғына дейін тыңдаңыз. Қарсы уәж айтып, ақталуға да асықпаңыз. Ақталып аппақ боламын деу де ойыңызға кіріп-шықпасын. Өйткені ол амалыңыз анаңыздан екінші рет туып келе алмайтыныңыз сияқты мүлдем мүмкін емес шаруа. Өзіңіздің қолыңызбен жасап жатқан күнәні заманнан көріп, өзіңіз өмір сүріп отырған уақыттан кінә іздемеңіз. Сіз, білесіз бе, жемқор пенде?! Осының бәрін Құдайыңызды ұмытқаныңыздан істеп отырсыз. Сондықтан да, тектілігінің тамырын тереңге салып, Жаратушысын танып, «Адамға сенгеннің екі көзі, Аллаға сенгеннің екі бүйірі шығатынын» айтып, ұрпағына адамдық пен адалдықты өсиет еткен ата-бабаларымның біршама тәмсілін есіңізге сала кетуді жөн көрдім.
Бірінші тәмсіл: «Құдайдан қорықпағаннан қорық». Себебі, Жаратушысымен байланысын үзген адам, кез келген жамандықты жасқанбай жасай береді. Бұл – батырлық деген сөз емес. Мен білсем, сіздің жүрегіңізде неше түрлі қорқыныш бар. Сіз әуелі жемқорлық жасап жатқанда ұсталып қалмасам екен деп қорқасыз. Бірақ неғұрлым сездірмеуге тырысасыз. Қызметтен қуылып кетпесем екен деп бастығыңыздан, көңілдесіңізге барғанда біліп қоймаса екен деп әйеліңізден, үйіңіз зәулім болса, іші бағалы дүниеге толса – тонап кетпесе екен деп ұры-қарыдан, көлігіңіз қымбат болса, абайсызда бір жеріне сызық түсіріп алмасам деген сияқты көптеген нәрседен қорқасыз. Осының бәрі денсаулығыңызға белгілі мөлшерде зиянын тигізетінін тағы да білесіз. Күйзеліс, уайым, қанқысымының көтерілуі, жүрек талмасы, қант диабеті сияқты аурудың жоқ дегенде бір-екеуі міндетті түрде дертіңізге айналады. Себебі, сіз негізгі қорқынышты ұмытқансыз. Ол – жаныңызды уайымға, тәніңізді дертке шалдықтыратын қорқыныш емес, керісінше жүрегіңізге тыныштық сыйлап, көңіліңізге күн ұялатып, сергек сезімге бөлейтін – Құдайдан қорқу қорқынышы еді. Неге десеңіз, Жаратушы Алладан қорыққан адам жоғарыда тізбектеп айтқан жамандықтың біріне жоламайды. Ондай жанның түгі жоқ болса да көңілі шуақты, өмірі тұрақты. Таразылап көріңізші, әсілі адам жыртқыш хайуаннан, шағып алмасын деп жыланнан, әйтеуір зяны тиеді-ау деген жыбырлағанның бәрінен және қастандық жасауы мүмкін деген адамнан қорықса қашады. Ал Алладан қорықса керісінше оған жақындаудың сан түрлі жолын қарастырады. Жаман түс көрсе, түсінде кісі өлсе, бір жамандықтан аман қалса, жаман аурудан айықса міндетті түрде жеті нанын пісіріп, мешітке барып, (мешіттің Алланың жердегі үйі екенін ескеріп қойыңыз) Құранын оқытып, құдайы тамақ беріп, әйтеуір қолынан келгенше Құдайға жақындаудың барлық мүмкіндігін жіберіп алмауға ұмтылады. Бірақ құдіретті Иеміз басыңызға іс түскенде алдына басыңызды салбыратып барып, жағдайыңызды айтып, дүниелік қана мәселеңізді шешіп беретін бастығыңыз емес. Алла сіздің барлық әрекетіңізді құрсаққа бір тамшы су болып түскеніңізден, жарық дүниенің есігін ашып, маңдайыңызға бұйырған өміріңізді сүріп, мәңгілік өмірге аттанып, әділет таразысы құрылатын махшардағы халіңіздің нәтижесінде не жаннаттық, не тозақтық болатыныңызға дейінгі аралықтың бәрін де біліп тұратын құдірет иесі!
Яғни, Құдай тағала ерніңіздің сыбырлағанын ғана емес, жүрегіңіздің жыбырлағанына дейін қалт жібермей қадағалап тұр. Сіз осыны ешқашан ескермегенсіз. Ескерген жағдайда кісі ақысын жейтіндей ессіздікке бой алдырмайтын едіңіз.
Екінші тәмсіл: «Өзі болған Құдайын танымас». Сізді жемқорлыққа жетелеп, қанағатыңыздан қағып, құрдымға алып бара жатқан бойыңыздағы дәл осы менмендік. Лауазымыңыз жоғары, атағыңыз асқақ, байлығыңыз басыңызды айналдырып, астыңыздағы тақтың буы тұла бойыңызды біраз қыздырып, өзіңізді дүниенің қожасындай сезінгеніңізбен – сіз бір нәрсені және негізгі нәрсені ұмыттыңыз. Анығында бойыңыздағы тәкаппарлық пен менмендік ұмыттырды. Ойлап көріңізші, сізге осындай дәрежеге жететіндей ақыл бермесе, он екі мүшеңізде кемшілік болса, тас қараңғы көрмейтін соқыр, өздігіңізден жүріп- тұра алмайтын сал, бар ойыңызды ашық, еркін жеткізе алмайтын мылқау болсаңыз, басыңызға тартсаңыз аяғыңызға жеткізбейтін жоқшылықтың қамытын кисеңіз, кеудеңіз көкті тірегендей алшаңдай басып, асқақтап жүрер ме едіңіз? Әрине, жоқ! Ендеше, сіз осынша нығметті тегіннен-тегін беріп отырған жаратушы Құдайыңызды ұмытқансыз. Мұның аяғы зор өкінішке апаратынын есіңізге салып қояйын. Енді ұмытпауға тырысыңыз, анығы есіңізде мықтап ұстаңыз.
Үшінші тәмсіл: «Басы ауырмағанның Құдайымен ісі жоқ». Он екі мүшеңіз сау, ебін тауып екі асап, екі жеп биге шығып, қарныңыз тоқ, көйлегіңіз көк, оң қолыңызбен беріп, сол қолыңызбен алып, тойғаныңызға мәз болып, тоңғандар жайлы ойлануды қойғансыз. Яғни, Құдайды естен шығарғансыз.
Бұл бейғамдық сізге екі дүниеңізде де опық жегізетін кесел. Сол басыңыздың ауырмағандығынан алдыңызға жағдайын айтып келген жанның шаруасын құлқыныңыздан өткізіп жіберетін бірдеңе бермесе, кеңірдегіңізге тіреп қойып, кекірейе қарағанды шығарғансыз. Кетпеннің ұңғысынан да кішкентай кеңірдектен түйені түгімен, үстіндегі жүгімен қылғытып жатырсыз, қылғытып жатырсыз. Бәлкім, жемқорлықты қоя алмай жүргеніңіздің өзі осы бір індеттің етіңізден өтіп, сүйегіңізге сіңіп кеткенінен де шығар, ойланып көріңізші?!
Төртінші тәмсіл: «Құдайсыз қурай сынбайды». Олай болса, есіңізде сақтаңыз. Әр нәрсенің сұрауы бар. Жалған дүниені жалпағынан басып жүргеніңізбен біреуге жасаған қиянатыңыз бен қастандығыңыз үшін, обал-сауапты ескермегеніңіз үшін міндетті түрде сұралатын күн туады. Мұны да ата-бабаңыз айтқан: «Кісі ақысы кісіде кетпейді»! Осыны да бір сәт ойлап қойыңыз, сұралар күннің қашан болатынын білгіңіз келсе, сөзімді аяғына дейін тыңдаңыз.
Тағыда айтам, сыбайластарыңызбен бірігіп, жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты шебер меңгеріп алғаныңызды мақтан тұтпаңыз. «Көп асқанға – бір тосқан» болатынын ақылы дария ата-бабаңыз әлдеқашан айтып кеткен. Оны өзіңіз де көріп жүрсіз ғой. Сіз сияқты қаншама жемқор есебінен жаңылып, ұтылып, торға түсіп, тұтылып жатыр. Оның басына түскен құрық бір күні сіздің де мойыныңызға ілінетінін, білмейді емес, білесіз ғой. Жүрегіңіз сезген жамандықты, тойымсыз нәпсіңіз жоққа шығарғысы келеді-ау. Осы бір пәлекеттің кесірінен түбінде өзіңіздің де тұтылатыныңызды ұмытпасаңызшы. Тұтылуын тұтыларсыз-ау, бірақ мүмкіндігіңіз бар – пара беріп, құтылып кететініңіз тағы рас. Байқайсыз ба? Жемқорлық арқылы бір күнәға баттыңыз, одан құтыламын деп пара беріп, екінші рет күнәлі болдыңыз, «проблемаңызды шешу» үшін сыбайласыңызды араластырып, үшінші адамды күнәға итердіңіз. Осылайша жамандық атаулы сізді шырмауықша шырмап жатыр. «Жақсылыққа жақсылық, жамандыққа жамандық» қайтарым болатынын Алла тағала қасиетті Құран Кәрімде он төрт ғасырдың ар жағында айтып қойған. Құдайын танып, құлшылығына берік болған аталарым Құран сөзін өз ұрпағына: «Атаңнан алмаса, ботаңнан алады», деп тәпсірлеген. Сіздің бүгінгі күніңіз үшін құлқынның құлы болып жасап жүрген әрекетіңіз ертең ұрпағыңызға зиянын тигізеді. Бұл ақиқат!
Жоғарыда сұралатыныңыз жайлы айтамын деп едім, тыңдаңыз, Абай атамның сөзімен жауап берейін: «Ертең өзің қайдасың білемісің, өлмек үшін туғансың ойлан шырақ». Шынымен де ойланып көріңіз, ертең есеп күні келгенде Алланың мейіріміндесіз бе әлде қаһарындасыз ба? «Жүрегіңіздің түбіне терең бойлап», оны да ойлаңыз. Әсілі, жемқорлық дегеніңіз емі жоқ ауру емес қой. Жолын іздесеңіз асқынып тұрса да емі табылады. Оның төте жолы һәм жазатын дәрісі Абай атамның: «ҚҰДАЙДАН ҚОРЫҚ, ПЕНДЕДЕН ҰЯЛ» деген бірауыз сөзі ғана. Қолданып көріңіз, құлан-таза айығасыз! Әй, жемқор пенде, осы айтқандарымды ақыл айтпашы деп айыптап емес, жанашыр жақынымның әрекеті деп қабылдаңызшы. Жарай ма?!
Жұматай ӘМІРЕЕВ