ӘМІРЕ ӘРІН: "ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДЕ ТҮЗДЕН ТОЯТ ІЗДЕГЕНДЕР КӨБЕЙДІ"

Уақыты: 16.12.2019
Оқылды: 1356
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Асылы, Тәуелсіздік күні кеудеңді кемерлете кернеген қуаныш үстінде көбіне шүкіршілік айтуға бейімбіз. Жадыңда қатталған біршама дүние бүршік ата береді. Кәсіби тарихшылар осы азат шағымызға дейін мынау Ұлы Дала төсінде жиырма қабырғалы мемлекетіміздің болғандығын жария еткен! Яки, кемінде осыншама мәрте бостан күйде шалқып жүргенбіз.

Иә, «Үстімізде көк аспан, төменде қара жер, екеуінің арасында адам баласы жаратылыпты. Тәңірі түрік қағандарын (Бумын, Естеми) отырғызыпты» (Күлтегін) деп асқақ рухтанған мезгілімізде жарты әлемді алақанға сыйдырып, қуғынды шақты қуанышқа, жүдеу күйді жұбанышқа ұластырған едік қой. «Алла тағала, түріктерді ашуландырма, олар ашуланса өте қауіпті» (Пайғамбарымыздың хадистерінен) бейнеде бедерленгеніміз де осы дәуір!

Өстіп тұрып, әлем алдында өсіп тұрып, сыртқы дұшпандардың қызыл тілі, қырмызы қыздарына алданып, асыл тастарына малданып, темірқазығымыздан адасып қала бергендігімізді қалай ұмытарсыз?! Баласы әкесін, інісі ағасын мойындамас қанды да кекті кезеңнің мемлекеттігімізді бұрап тастап, күресінге лақтырып кете барғандығы қайда?!

Ең сабақ боларлығы, мұндай тағдыркешті дүние бір емес, тіпті, екі-үш емес, жиырма мәрте елдігімізді езіп-жанша басымыздан бастырмалата өткен! Күлтегін, Тоныкөк бабаларымыздың «бек ұлдарың құл болмағай, пәк қыздарың күң болмағай!» деген жанайқайларын жанымыз түршіге еске түсіреріміз де сондықтан!

Ал бүгін, бәрінен де сескендірерлігі, осынау трагедиялы төл тарихымызды саралай санаға сіңіруді айтасыз, еске алуды, ойға тоқуды ескінің қалдығы деп санайтын дүбәралар көбейді. Тәуелсіздіктің түпкі мәнін түйсіне алмас хәлге жеттік. Ұлттық санасы қалыптаспаған қалың ұрпақ өсіп келеді.

Сөз жоқ, ұлт санасыздығы ұлтты құлдыққа жетелейді. Құрдымға кетіреді. Той үстінде мәселенің осы түйінін алға тартпаудың өзі түйсінген жанға біздің тарапымыздан санасыздық болар еді.

Қалай десеңіз де, Ұлттық сана ұлттық намыстан туады! Міне, сол себепті де, ызғарлы демі қара жерді айтасыз, ауаның өзін қарып тұрған кешегі кеңестер тұсында жалынды жастарымыз жайнақ ғұмыр үшін алаңға айбаттана шықты! Кеңестік кеңістік Азаттығының ақжолтайына айналды!  Бұл турасындағы өлеңімді көтеріліс тұсында былайша қайырғанмын да:

Тағзым саған!
Ұланым – тастүлегім,
Ақиқатқа – Алдаспан бәс тігемін!
Жалаңтөсім алаңда жуып кеткен,
Тәуелсіздік қанымен жас жүрегін!

"Адалдан бер, ақтан бер" деп Тәңірге жүгінген бабаларымыз сол бір қулығы көген басынан асып кеткен заманда, әлгінде сөз еткеніміздей, көп дүниеде есесін жіберіп алған. Әйтсе де, қорасанға қой айтып, қоңторғай тұрмыс кешіп жүрсе де, қораздануды білмеуші еді.

Ал қазіргінің жыры кереғар. Тәуелсіз елде түзден тоят іздегендер көбейді. Этно-тарихи, этно-мәдени құндылықтарды былай қойғанда, қазақы ғұрыпты мансұқ етушілер бой көрсетуде. Ұлттың табиғи түйсігі көпе-көрнеу тұмшаланып барады. Адамшылықтың өлшемін ар деп ұққан селдір топтың өзіне де, сөзіне де ілесіп жатқандар шамалы. Сыртқы экономикалық, мәдени-ақпараттық экспансия шарықтап, діни, тілдік, моральдық белден басушылық отаған бұтадай күйге күн өткен сайын батыра түсуде! Қулық қумай, қылық түзер салтымыз құба жонда булыға қалып барады.

Ел сенді, белсенді дегендеріміз құлағы көріне бітеу пұшайман бейнеге еніп, онсыз да құлазыған көңілді жарға жықты. Той шабақтап әлек, ой сабақтауға жоқ. Оқалана берудің опық жегізерін ұқсайшы бірі! Аяқ астынан өтімен жарылуға, темір таяқ тебендей болғанша тартысуға әзір, терісіне сыймай-ақ жүр. Сиырдың бүйрегіндей бытыраған сықпытынан айырылғысы жоқ. Айтып-айтпай не керек, осының бәрі қысқа тәрте, пайымсыздық пен пәтуасыздықтың, тоғышарлықтың, ең бастысы – елдігімізді елемеудің салдары!

Бұл мылтықсыз майдан түбімізге жетіп тынбағай, тауып қонған бағымыз ауып қонып жүрмегей деген әңгіме төркінін жаны мөлдір, көкірегі сара, пікірі дара, пенделіктен биік тұрар отандастарымыздың ғана ұғарын және бек түсінеміз. Қысқасы, Азаттық жолында мың-сан абдырап жүрсе де алғы күннен үмітін үзіп көрмеген, бай бастас, биі қостас, батыры жақтас бағзы ұстынға енбесек – қалған шаруаның бәрі бекер!

Барымызды ешкім тартып ала қоймас. Жоғымызды да ешкім түгендеп бермейді.

Азаттық қолда! Ілім-білім, береке-бірлік, жасындай жарқырар жасампаздығымыз қайда?! Ұрпақтан-ұрпаққа ұласар Тәуелсіздік тағылымын ұға алсақ, қанеки!

Мереке мерейімізді өсіре бергей!

Әміре ӘРІН

"Жетісу" газетінің бас редакторы,

Қазақстанның Құрметті журналисі,

Алматы облысының Құрметті азаматы