"АЛМАТЫ" МА, "АЛМА-АТА" МА? НҰРЛАН ӨНЕРБАЙ ПІКІР БІЛДІРДІ

Уақыты: 16.12.2019
Оқылды: 1199
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қалың қазақтың сүйікті әншісі, белгілі өнер иесі Нұрлан ӨНЕРБАЙ Алматы қаласының атауына қатысты пікір қалдырды. Бұл туралы өзінің "Facebook" парақшасына жазды.

"Алматы" атауын алмамен байланыстыру қаншалықты тарихи шындыққа жақын?" - дейді әнші. Оның айтуынша, Алматы маңындағы қорғандардан табылған мыңжылдық жәдігерлерде (теңгелерде) "Алматы" деп жазылып тұруы тегін емес. Бұл қаланың қазіргі атауы - "Алматы" сөзімен сабақтас әрі бұлтартпас дәлел. "Мысалы, мың жыл бұрын алма бақтарының болған-болмағанын әлі зерттеп, дәлелдеу керек болар?! Біздің қазақтардың айтқан ауызында да, естіген құлағына да қаланың аты Алматы деп айтылып, Алматы деп естілетін. "Алматыға барамыз, Алматыдан келеміз" дейді. Қазақ ешқашан Алма-атадан келем немесе Алма-атаға барам деп айтпаған," - дейді Нұрлан Өнербай.

Айта кетейік, жуырда ғана қазақтың ақыны Олжас Сүлейменов "Алматы" атауын өзгерту туралы ой айтып, елдің құлағын елең еткізген еді. Бұдан аз уақыт бұрын белгілі саясаткер Ермұхамет Ертісбаев та "Алматыдан" гөрі "Алма-Ата" атауын қайтару туралы бастама көтерген болатын. Алайда пікір білдірушілер қатарында "Алма-Ата" емес, "Алматы" атауы әлдеқайда қазақ тілінің заңдылықтарына сай келетінін айтатындар көп. Сондай-ақ, ел ішінде "Алма-Ата" сөзі орыстілділерге жеңіл әрі ыңғайлы", "Кеңестік кезеңдегі атауды қайтарғысы келеді", "Алматы екені 1500 жыл бұрын дәлелденген ғой" деп пікір білдіргендер де бар.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"