ӘРБІР АДАМ ЖЕР ШАРЫНА ЖАСАҒАН ҚИЯНАТЫ ҮШІН ЖАУАП БЕРЕДІ

Уақыты: 09.06.2020
Оқылды: 2392
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Жер шары да адам сияқты. Ол сүйіспеншілікті сезінеді, көрсеқызарлыққа жаны қас. Өз сезімін таптаған әрбір қитұрқы әрекетті анық біледі, бірақ есебін алуға асықпайды. Жер қадірін жете түсінген халқымыздың да бітім-болмысы осыған келеді. Сондықтан халқымыз ақылды, байсалды, сабаз адамдарға: «Жер қозғалса да қозғалмайды», – деп баға берген. Бірақ олар бір қозғалса, тауды бұзып, тасты жарып, өзенді сапырады. Алайда адамдар осы күнге дейін өзімізді тым ақылды, білімді, парасатты сезініп, ойымызға келгенді істеп, Жер шарының берекетін қашырып жатырмыз. Бабаларымыз «Жер ана» деп қастерлеген осы қара топырақтың қадірін сезінуден қалдық. Ана өз перзентіне ешқашан жамандық ойламайды, кешірімді. Десе де, ананың қарғысы мен наласына қалған ұрпақтың көсегесі көгергенін осы күнге дейін көрген жоқпын.

Апам үнемі: «Мұнан да жаман күнде тойға барғанбыз», – деп жаны қиналғанда айтып, жылы сөзбен өз-өзін сергітіп алатын. Ал табиғатта тіл жоқ. Өз өкпесі мен өкінішін айтып жеткізе алмайды. Сондықтан, адамдардың өзіне жасаған қиянатына тосын әрекеттер, қайғылы оқиғалар арқылы жауап береді. Беріп те келеді. Біз осыған дейін табиғаттағы тосын оқиғаларды ғылым тұрғысынан түсіндіріп келдік. Соны сүйіспеншілік тұрғысынан түсіндіруге құлқымыз бармады. Өйткені, оған сана-сезіміміз жеткен жоқ. Костюм киіп, галстук байлағанымызға, ұшақпен ұшып, қымбат маркалы көлік мінгенімізге желпіндік. Оның бәрі біздің ақыл-парасатымыздың туындысы емес, табиғаттың сыйы екенін сезінуден қалдық. «Қорқа жесең, қой қалады, тарта жесең, тай қалады», – дейтін халық даналығын қайырып қойып, бағасыз байлыққа барынша құнықтық.

Абай Құнанбайұлының «Ескендір» поэмасын өмір бойы оқып өтсек те, әлемді билеген, байлыққа құныққан билеушінің тойымсыздығын бір-ақ уыс топырақпен тойдырған табиғаттың құдіретіне назар салмадық. Нәтижесінде, Жер шарына жылылық танытуды ұмыттық. Есесіне, Жер шарын адам айтқысыз апаттар әкелетін жылынуға жетелеп келеміз. Шындығына келер болсақ, осы қасіретке бүгін біз жауаптымыз. Демек, кейінгі жарты ғасырда өмір сүрген біздер адамзат тарихындағы ең қайырымсыз ұрпаққа айналдық.

Ға­лымдардың зерттеуі көрсет­кендей, 1980 жылдан бастап ғаламшардағы орташа температура 0,8°С-қа көтерілді. Егер зерделеп қарар болсақ, жаһандық жылынудағы 20 өзгерістің 19-ы 1980 жылдан кейінгі уақытқа тұспа-тұс келеді. Қазiр жер шары бұрынғыға қарағанда 1,1 градусқа жылыған. Егер жер қыртысы 3-4 градусқа қызса, адамдар арасында ойламаған апаттың орын алатындығы анық. Осындай күннiң шамадан тыс қызуы салдарынан полюстiк мұздар тез ерiп бара жатыр. Мәселен, Арктиканың мұздықтары еруiн жарты ғасыр бұрын бастаған.

Гренландия мұздары ерiп кетсе, мұхит деңгейi 7 метрге көтерiледi. Мұндай жағдай орын алғанда Мальдив сияқты теңiз деңгейiнен бiр метрге ғана жоғары орналасқан елдердің су астында қалары сөзсiз. Ал Антарктида мен Арктика мұздығы ерiсе, мұхит суы 60-70 метрге жоғарылайды. Бұл кезде атом бомбасының зардаптары түкке тұрғысыз болып қалады. Егер осы апат болып жатса, жер бетiнiң өсiмдiктер мен жануарлар әлемi түгелдей өзгерiп, су тапшылығынан 3 млрд.адамның өмiрi қыл үстiнде қалады.

Осы апаттың жақындағанын биылғы жағдай да көрсете бастады. Адамзат баласын бір тарының қауызына сыйдырған індет енді әлемдегі ыстық ағысқа ұласты. Шетел баспасөзіндегі ақпараттарға сүйенсек, Оңтүстік, Орталық Африкада қатты құрғақшылық орнап, теңіз деңгейі көтеріліп кеткен. Осыған байланысты Еуропа елдерінің бірқатарында аномальді ыстық тіркелді. Бiздiң елiмiздегi ауа температурасы да бiрте-бiрте көтерiлiп келедi.

Жаһандық жылынудың қатері жетісулықтарға да жеңіл тиіп тұрған жоқ. Бірнеше жыл қатарынан жаз аптап ыстықпен жер танабын қуыратынды шығарды. Статистикаға сенсек, жаһандық жылыну процесiнен Iле Алатауынан бастау алатын өзендердiң суы соңғы жылдары 16 пайызға кемiптi. Мұндай келеңсіздік жер жаннаты атанған Жетісудың әр тұсынан кездеседі. Егер осыны ертерек қолға алып, оның шешу жолдарын таппасақ, жеті өзені сарқырап ағып, құзар шыңдары көкке бой созған және көкпеңбек көлдері көздің қарашығындай мөлдіреген жерұйық мекенді құла түзге айналдыруымыз әбден мүмкін.

Өткен аптада Америка ғалымдары күн сәулесі коронавирусты жоя алады деген мәлімдеме таратып, айды аспанға шығарды. Олардың айтуынша, Солтүстік ендіктің талтүс кезіндегі 40 градус ыстығында 5,8 минуттан кейін коронавирустың 90 пайызы сілекейленіп, ал 13,4 минуттан кейін тіршілік ортасындағы белсенділігі жоғалады екен. Осы 40 градустық параллельде Испания, Португалия, Италия, Грекия, Түркия, Қытай, Жапония, АҚШ-тың оңтүстік штаттары орналасқан. Өкінішке қарай, коронавирус осы өңірлерде ең белсенді таралып жатқанын байқап отырмыз. Мүмкін, ғалымдардың көпке айтпайтын өз құпиясы бар шығар?!

Бұған қарап, ыстық ауа коронавирустың инфекциясын әлсіретеді деп сеніп, қамсыз отыра беруге болмайды. Мәселенің екінші жағынан ойланып көрейікші,  Яғни, жылдың жылы маусымында күннің бір градусқа ысуы цереброваскулярлық аурулардың артуына түрткі болады. Бұл жерде ми аурулары туралы айтылып отыр. Медициналық тілмен айтсақ, мидағы қан айналысы бұзылып, церебралдық қан тамырлары патологиялық өзгерістерге ұшырайды. Ал мидағы қан айналысының бұзылуынан болатын аурулардан көз жұму көрсеткіші жүрек сырқатынан кейін екінші орында тұр.

Коронавирус – тұмау сияқты жануарлардан жұққан кесел. Атам заманнан бері адам өміріне қауіп төндірген індеттер, айталық, шешек – ешкіден, оба – тауықтан, өкпе ауруы – жылқы, есек, қашырдан, тағы басқа да жануарлар арқылы таралып отырған. Өз кезінде оның емін ойлап тауып, алдын алу шаралары жасалды. Жер шарының қалыптан тыс жылынуының жанында коронавирус қарапайым зат болып қалады. Жер шарының жылынуы табиғатты бүлдіреді. Ал бүлінген табиғаттан қоректенген жануарлардың ағзасы қауіпті вирустарды өндіріп, адам баласына тарата бермесіне кім кепіл? Сондықтан аталарымыз айтқандай, аурудың емін емес, ең алдымен, ауырмайтын жол іздегеніміз абзал. Ол жол – табиғаттың тепе-теңдігін сақтау.

Қазақстан климаты құбылмалы. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, елімізде қыста минус 40 градус, жазда плюс 40 градус болады. Бұл, әрине, адам ағзасына әсер етпей қоймайды. Қазір Алматы облысында ауаның ластану деңгейі жоғары болып отыр. Оған Алматы қаласының да әсері көбірек тиюде. Өйткені, Алматы қаласы ойықта орналасқандықтан, ауаның алмасуы сирек құбылыс. Тағы бір айта кететін жайт, қала мен қала сыртындағы жайма базарлардың айналасы қоқысқа, әртүрлі тұрмыстық қалдықтарға толы.

Олардан бөлініп шыққан химиялық газдар Алатаудың ақбас шыңдарына әсер етуде. Сол шыңдардағы қар-муздар Іле және Жетісу Алатауларының түйіскен тұсынан Сырдария бойына дейінгі ұлан-ғайыр өлкенің қалыпты тіршілігін сақтап тұр. Егер одан айырылсақ, арғы жағын айту қиын.

Ғалымдардың болжамынша, алдағы бірнеше онжылдықта да температура көтеріліп отырады. Сонымен қатар, соңғы жылдары толқынды немесе «аптап толқыны» деп аталатын күндер көбейіп кетті. Яғни, бірнеше күн бойы күн қатты ысиды. Жылдың жаз мезгілдерінде осындай ыстық күндердің көбейгені биыл да анық байқалды. Егер облыстың осы бір айдағы ауа райының өзгерісіне қарайтын болсақ, күндіз қапырық ыстық бет қаратпаса, түнде салқын ауа денеңді тоңдырады.

Бұл жағдайға, ең алдымен, Арал теңізі құрғап кеткеннен аспанға тұздың ұшуы климатқа әсер етсе, екіншіден, еліміздегі мұнайдың әсерінен шығатын парниктік газдар, көліктердің пайдаланатын жанармайы, көмір жағатын үйлер, жылу электр орталықтары әлемдік жылынуға әжептәуір үлес қосып жатыр. Климатологтардың айтуынша,  мемлекеттердің көпшілігі, тіпті, Еуропа елдерінің барлығы дерлік климаттың өзгеруіне дайын емес. Қазіргі кезде Еуропа елдерінің бірқатары балама энергия көздерін 30-40 пайыз қолдануға көшті. Осы бағытта Америка, Еуропа елдері жақсы жұмыс істеп жатыр. Мәселен, біздің елімізде балама энергия көзін пайдалану тек 1 пайыз ғана. Бұл – өте қиын жағдай. Әлем елдері бірлесіп қол қойған Париж келісімінде еліміз 2020 жылға дейін парниктік газдардың белгілі бір өлшемін азайту жайлы жауапкершілік алды. Алайда бүгінгі таңда біз осы келісімге сәйкес іс-қимылдар жасап жатқан жоқпыз. Керісінше, парниктік газдардың мөлшері көбейіп жатыр. Бұл Жер шарының жылынуын тудыратын ең қауіпті жағдай.

Иә, қалай айтсақ та, Жер шарының қалыптан тыс жылынуы бүгінгі күннің басты тақырыбына айналып үлгерді. Ол экологиямен шектелмей, әлеуметтік жағдайға, экономикалық өсімге, денсаулық, тағы да басқа салаға орасан зор ықпал етеді. Сондықтан, осы апаттың алдын алудың түрлі жолдарын ертерек қарастырған абзал.

Ол үшін «жасыл экономикаға» көшу міндетті болып отыр. Бүгінде «жасыл экономиканы» дамытуда Германия, Оңтүстік Корея мемлекеттері оң нәтижелерге қол жеткізген. Соған орай Қазақстан мемлекеті де әлем елдерінің оң тәжірибелерін барынша пайдалануға мәжбүр. «Жасыл экономикаға» көшудің маңызды бір қадамы – қоқыс өңдеу, жел энергетикасы, қуат көзін үнемдеу, өндірістік және тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату жөнінде біршама жұмыстар атқару. Бұл бағытта жұмыстар қолға алына бастады. Дегенмен, оған деген жұрттың ықыласы әлі де ауа қойған жоқ.

«Ештен кеш жақсы» дегендей, бұл мәселені әлі де қолға алсақ, кеш қалмаймыз. Десе де, мәселенің түйінін тарқату үшін көп болып жұмылумен қатар ел болып қолдау таныту керек. «Жалғанның ісі жалған да, ақыреттің ісі барғанда» дегендей, әркім Жер шарына жасаған қиянаты үшін түптің-түбінде жауап беретінін есте ұстайық.

Мұнайдың өндірілуі, кен орындарының қазылуы, сансыз зауыт-фабрикалардан шығатын қалдықтар жұмыр жерге кері әсерін тигізбей қоймайды. Әрине, мұның бәрі өркениет үшін істеліп жатыр деп ақталудың сан әдісі бар. Бірақ табиғатқа зиянымызды тигізбеудің бұдан басқа жолын қарастырып көрдік пе? Басқасын айтпай-ақ қояйын, жыл сайын қаншама жас отау құрып, шаңырақ көтереді? Сән-салтанаты келіскен той жасап, шетелге қыдырып, бал айын өткізген сол жастардың бірде-бірі отау болғанының құрметіне бір тал ағаш отырғызыпты дегенді естімеген екенбіз.

Бір тал ағаш бір жылда қанша мыңдаған калория оттегін бөліп шығаратынын білесіз бе? Ол ауадағы сутегімен тотығып, суға айналады. Су – тіршіліктің күретамыр болып қалмастан, Жер шарының жылынуын тосатын бірден-бір себеп. «Денсаулықты жақсарту үшін күн сайын литрлеп су ішіп тұру керек» дегенді әркім айта алады. Алайда табиғат сыйлаған сол суды өндіретін қадамға бірде-бірі барып көрген жоқ. Қайта табиғатты бүлдіріп, суды лайлайтын әрекетті күнде куә болып жүрміз.

Біз балаларымыз үшін нұрлы болашақ жасағымыз келеді. Нұрлы болашақты осыған дейін ақшамен, байлықпен, атақпен, билікпен өлшеушілер көп еді. Биылғы індет Жер шарын қорғау мен денсаулықты сақтаудың бәрінен де қадірлі байлық екенін сезіндірді. Қытайдың Ухан қаласындағы індет кезінде коронавирустан қайтыс болған жалғыз ұлын құтқара алмаған миллионер әке баласын өмір бойы жинаған сейф толы ақшасымен өртеп, аза дәптеріне «Табиғатты қорғайық!» деп бір ауыз сөз жазғаны бәрімізге сабақ болуы керек.

Жоғарыда айтқандай, енді біздің алдымызда Жер шарының жылынуынан туындайтын үлкен қасіреттер төніп келеді. Әрине, біздің қалыпты өмірге оралуымыз үшін Жер шарының жылынуы керек емес, қайта Жерге жылылық сыйлап, оны сақтап қалу маңызды. Сіз бұған қандай үлес қоса аласыз?

Қажет АНДАС

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан