"ASHYQ" ЖОБАСЫНЫҢ АРҚАСЫНДА ВИРУСТЫҢ ТАРАЛУ ҚАУПІ АЗАЙДЫ

Уақыты: 06.06.2021
Оқылды: 1083
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Аймақта бірқатар коммуналдық мемлекеттік ұйымдар мен әскери бөлімдер қызметінде «Ashyq» жобасы енгізілді. Мекемелер сандық жобаның ерікті қатысушылары болып табылады. Бұл туралы Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы Әсет Шаяхметов айтты.

QR алған мемлекеттік кәсіпорындар арасында Қарасай ауданындағы «Үшқоңыр» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» КМК, Еңбекшіқазақ ауданындағы «ҚР Ұлттық ұланының 6654 әскери бөлімі» РММ, Іле ауданындағы «ҚР Ұлттық ұланының 3660 әскери бөлімі» РММ, «Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті» КЕАҚ бар.

Әсет Шаяхметовтың айтуынша, жобаға мәдениет және туризм нысандары белсенді түрде қосылуда. Қосымша бойынша Б. Римова атындағы Талдықорған драма театры, Сүйінбай атындағы облыстық филармониясы, Өтенай ауылының Мәдениет үйі, «Көлсай көлдері» Мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РММ және басқалары жұмыс істейді. Жоба іске қосылған сәттен бастап өңірде 482 бизнес нысаны өз қызметінде «Ashyq» қосымшасын енгізді.

– Бүгінде «Ashyq»  жобасына қосылған 482 нысанның 411-і қатысушы болып табылады, 71 нысан сынақ режимінде қызмет атқаруда. Жобаға қатысушылардың тізімі күн сайын облыс әкімдігінің сайтында жаңартылады. Айта кету керек, жобаның ерікті қатысушылары көбеюде. Олардың қатарында мемлекеттік органдар, әкімдіктер, балалар спорт мектептері, колледждер мен демалыс аймақтары бар, – дейді Әсет Шаяхметов.

Мемлекеттік органдар арасында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен облыс бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті «Ashyq» жобасының қатысушылары.

Облыс бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ақпараты бойынша, қосымша Талдықорған қаласында енгізілген сәттен бастап «сары» мәртебесі бар 49 адам және «қызыл» мәртебесі бар 34 адам анықталған, Панфилов ауданында бір «қызыл» және бір «сары» мәртебесі бар адам, Ескелді ауданында «сары» мәртебесі бар екі адам, Қарасай ауданында бір «қызыл» және бір «сары» мәртебесі бар адам анықталған.

Айта кетейік, облыста «Ashyq» жобасы осы жылдың сәуір айында енгізіле бастады. Жоба COVID-19 таралу қаупін азайтуға және келушілер мен жұмысшыларды қорғауға ықпал етеді. Сонымен бірге бизнеске шектеу шараларына қарамастан, тіпті локдаун жағдайында да жұмыс істеуге мүмкіндік береді. QR коды мен ПТР-дің жалпы базасымен интеграцияланудың арқасында қосымша келушінің мәртебесін анықтай алады.

«Ashyq» қосымшасын App Store және Play Market-тен жүктеуге болады. Сонымен қатар, қосымшаның функциялары Aitu платформасында және ashyq.kz сайтында қолжетімді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды