"ІШТЕЙ ҚЫНЖЫЛАСЫҢ": ОБЛЫСТЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ ВАКЦИНА ТУРАЛЫ АЙТТЫ

Уақыты: 06.10.2021
Оқылды: 1065
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Осы жылдың 1 қаңтарынан бері Талдықорған қаласындағы Алматы облыстық аурханасында коронавирус инфекциясына шалдыққан 3363 науқас емделіп шықты. Қазіргі таңда Талдықорған ауруханасында 210 науқас тәжтажалға қарсы ем қабылдауда. Оның 20-дан астамы жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл туралы брифингте облыстық аурухананың бас дәрігері Анарбек Монғолхан мәлім етті.

Бас дәрігердің сөзінше, үшінші толқында індетті жұқтырушылар саны саябырлады. Бұған басты себеп халық арасында вакциналаудың қарқынды түрде жүргізілуі септігін тигізген. Келер аптадан  бастап  облыстық  аурухана бұрынғы қалыпты режиміне ауыспақ.

«Коронавирустық инфекция және оның алдын алу» тақырыбын арқау еткен брифингте А.Монғолхан коронавирус жұқтырып түскен науқас вакцина алған болса, оның ауруы анағұрлым жеңіл өтетіндігін айтты. «Екінші толқын басталғанда вакцинациялау әлі қарқын алмаған кезең болатын. Дәл сол шақта ауруханаға түскен науқастар саны толассыз еді. Дәрігерлерге де дертпен күресу оңай болмады. Ал, екпе қарқын алғаннан бері вируспен күресу  медицина мамамандарының жұмысын біраз жеңілдетті деуге болады. Үшінші толқында анық байқалғандай, вирус жұқтырғандардың 60-70 пайызы вакцина алмағандар болып отыр. Негізінде, вакцина алғандарға қарағанда екпе алмағандардың ауруды өте ауыр түрде өткізетінін баса айтқым келеді. Жалпы, вируспен ауырған адамдардың басым бөлігі емделіп шыққан соң есту қабілетінің нашарлағанын, көздің көруіне де кері әсерін беріп жатқанын айтып, дәрігердің алдына қайта барып жатқандар қатары көп. Сондықтан да, вирусты оңай жеңу үшін қосымша аурудың алдын алу жолында міндетті түрде вакцина алған жөн», – деді бас дәрігер.

Бас дәрігер үшінші толқын бәрімізге де үлкен сабақ болғанын, халықтың да індет жайлы таным-түсінігі тереңдей бастағанын жеткізді. «Өкініштісі, бұл дерттің шынымен де қатерлі екенін халыққа жеткізе алмай келеміз. Әрбір азамат тәжтажалдың қауіпті екенін сезіне алмай жатқанына іштей  қынжыласың. Бұл дертті жеңудің жалғыз ғана жолы бар болса, ол – вакцина. Сол себепті, осы дертпен күресуші дәрігер ретінде халықты жаппай вакцина алуға, одан қорқып қашудың қажеті жоқ екенін құлағдар еткім келеді. Вакцина – бұл өзіңізді, балаларыңызды, отбасыңызды және қоғамды COVID–19-дан қорғаудың бірден-бір жолы», – деді облыстық аурухана басшысы.

Бас дәрігердің сөзінен кейін брифингке жиналған журналистер қауымы қауіпті дертке қатысты көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, тұщымды жауап алды.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы