АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ТҰМАУМЕН АУЫРЫП ЖАТҚАНДАР САНЫ 1,5 ЕСЕГЕ ӨСТІ

Уақыты: 11.09.2022
Оқылды: 1416
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Тұмау – бұл адамнан-адамға тез жұғатын, ең көп таралған және ауыр вирустық аурулардың бірі. Ол температураның көтерілуі, қалтырау, бас және бұлшықет ауруымен сипатталады. Аурудың жіті белгілері бір аптаға созылады, дегенмен, денсаулықты толық қалпына келтіруге көп уақыт кетуі мүмкін.

ЖРВИ (тұмау) ауруының өсуі күзгі-қысқы мезгілде байқалады, бұл бірінші кезекте метеорологиялық жағдайлардың өзгеруі – күннің салқындауымен, организмнің вируспен қарсыласуының төмендеуіне әкеп соғатын ылғалдылықтың жоғарылауымен және жабық бөлмелерде адамдардың көп жиналуымен байланысты.

Тұмау вирустары үздіксіз генетикалық және антигендік өзгерістерге ұшырайды, сондықтан, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вакцинаның құрамына қатысты ұсыныстарын жылына екі рет жаңартады. Ең жақсы қорғауды қамтамасыз ету үшін жыл сайын маусым басталғанға дейін тұмауға қарсы вакцинациядан өту ұсынылады.

Алғашқы белгілері байқалғанда науқас инфекцияны таратпау үшін үйде болуы және дереу дәрігермен кеңесуі керек. Тұмаудан өзін-өзі емдеуге жол берілмейді, дәрігер диагноз қойып, емдеу тағайындауы керек. Инфекцияның одан әрі таралуын болдырмау үшін ауруды сау адамдардан оқшаулау керек, бөлек бөлме бөліп, оны жиі желдеткен жөн.

Ата-аналарға ауырған баланы балабақшаға, мектепке, мәдени іс-шараларға жібермеу ұсынылады. Тұмау кезінде төсекте жатып емделу маңызды, өйткені, ауру жүрек қан тамырларын, иммундық және дененің басқа жүйелеріне жүктемені арттырады.

Бүгінгі күні Алматы облысы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Өткен маусымның сәйкес кезеңімен салыстырғанда аурудың 1,5 есе өсуі байқалады. Бұл динамика COVID-19 пандемиясымен байланысты, бұл халықтың медициналық көмекке жиі жүгінуіне ықпал етеді. 2021-2022 жылдары тұмаудың 26 жағдайы тіркелді, оның ішінде жүкті әйелдер арасында 10 жағдай және 14 жасқа дейінгі балалар арасында 10 жағдай.

Алдағы маусымда облыс тұрғындары үшін 300 мың доза көлемінде «Гриппол плюс» тұмауға қарсы вакцинасын сатып алу көзделген.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"