Күрделі ота жасалды

Уақыты: 20.04.2023
Оқылды: 1401
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Өткен жылы Сергей Алексеевскийге өкпе рагы диагнозы қойылды. Бірақ онкологтар жүрек-қантамырлары патологиясына байланысты оған ота жасай алмады.

Осыған байланысты облыстық көпсалалы клиниканың онкологтары мен Талдықорған қаласының облыстық кардиологиялық орталығының мамандары шұғыл консилиум жинады. Сөйтіп, 62 жастағы науқасқа бір мезгілде аралас ота жасау туралы шешім қабылданды. Ота Жетісу облысының кардиологиялық орталығының базасында жасалды.

– Талдықорған қаласының кардиологиялық орталығында дәрігерлер бірегей күрделі ота жасады. Ота облыстық көпсалалы клиниканың дәрігерлерімен бірлесіп жүргізілді. Науқаста жүректің ишемиялық ауруы, ауыр коронарлық патология, клапан жеткіліксіздігі, ритмнің бұзылуы және ілеспе диагнозы қойылған. Науқаста сол жақ өкпенің қатерлі ісігі бар, – дейді кардиологиялық орталықтың директоры Нұрсан Сейітұлы.

Облыстық көпсалалы клиниканың директоры Мадияр Өмірбаевтың айтуынша, ота сәтті өткен. Бұдан әрі мамандандырылған емдеу жоспарлануда. Операциялық материалды гистологиялық зерттеуден кейін химиотерапия курстары, сондай-ақ, ісік генінің мутациясын болдырмау үшін молекулалық-генетикалық зерттеу жүргізілмек.

Науқас күрделі отадан соң 2 сағаттан кейін толық есін жиып, келесі күні таңертең палатаға ауыстырылған. Қазір Сергей Алексеевский кардиологиялық орталықта алғашқы оңалтудан өтуде. Бір аптадан кейін үйіне оралуға мүмкіндік бар. Алайда, бір жыл ішінде ол дәрігерлердің қатаң бақылауында болады және облыстық көпсалалы клиникада емделуді жалғастырады.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА
 Талдықорған қаласы