Медициналық пункт қолданысқа берілді

Уақыты: 24.10.2023
Оқылды: 1987
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Республика күнінің қарсаңында Ақсу ауданы  Алтынарық ауылында медициналық пункт ашылды.

Алғашқы болып сөз алған аудан әкімінің орынбасары Күләйхан Дәулетбекова  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа  әр Жолдауында денсаулық сақтау саласына үлкен мән беріп отырғанын айтты. Ойтоған, Молалы ауылдарында медициналық пунктер ашылып, халық игілігіне берілгенін тілге тиек етті.

Ал ауыл әжесі Рабиға Жұмасілқызы құрылыс жүргізіп, елді мекен тұрғындарына қолайлы жағдай туғызып отырған аудан басшылығына ауыл тұрғындарының атынан алғысын жеткізді.

Іс-шара барысында өнерпаздар Еламан Жұмагелдин «Қазақстаным», Ілияс Төлеубек «Мен қазақпын»  әндерін әуелете шырқап, мереке шырайын аша түсті.

Барлық қажетті құрал-жабдықпен қамтылып, алматылық «Тумас» фирмасы құрылысын жүргізген жаңа ғимарат халыққа тиімді медициналық көмек көрсететіні анық. Бас ауырып, балтыр сыздаса аудан орталығына сабылмай-ақ жергілікті жерден медициналық көмек ала алатындығы тұрғындардың жүзіне қуаныш ұялатты. Енді олар кез келген мәселе бойынша жергілікті медпункт қызметкерлеріне жолығып, тиісті ем-дом алатындықтары жиналған жұрттың көңілінен шықты.

Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ
Ақсу ауданы.