Жұқпаның алдын екпе  алады

Уақыты: 04.03.2024
Оқылды: 2691
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Бүгінгі уақытта  екпе салдыру жайлы талаптарды жиі естиміз.  Жоспарлы шаралардың нәтижесінде көптеген екпіндеп келген сырқаттардың беті қайтты. Вакцина салудың маңыздылығы, оның қандай жұқпалардың алдын алатындығы жайлы облыстық санитарлық эпидемиологиялық департаменттің басшысы Асхат  Шарапиевтен сұрап білген едік. Екеуара әңгімемізден вакцинаның маңыздылығы жайлы мол ақпарат алатындарыңызға сенімдіміз. 

–   Асхат Сәкенұлы, жұқпаларға қарсы иммундаудың маңызына тоқталып өтсеңіз?

–   Иммундау –  вакцина салу арқылы  иммунитетті нығайту.   Екпе арқылы  жұқпалы сырқаттарға қарсы  иммунитет қалыптастыру. Иммундау – өзінің тиімділігі делелденген шара.   Екпе салу арқылы  миллиондаған балалардың өмірі аман қалады. Бұл шара – жұқпалы сырққат пен мүгедектіктен қорғайды. Кезінде  вакцинаның жоқтығынан халық жұқпалы сырқаттардан қырылып кеткен.  Ал қазір медицинаның күшімен талай індеттің беті қайтып жатыр.  Жер шарында вакцина шығарылғанға дейін жұқпалы  індеттерден балалар өлімі,  жалпы адамзаттың  өлім-жітімі  он есе жоғары болған.  Вакцина салудың нәтижесінде  оба, тырысқақ, шешек аурулары жойылды.   Кезінде осы сырқаттар миллиондаған адамның  өмірін жалмады. Бүгінде медицинаның дамуының нәтижесінде көптеген жұқпалы аурулардың атын естімейтін болдық.  Қазір көптеген ел, соның ішінде Қазақстан полиомиелитсіз аймақ ретінде танылды.  Дифтерия, қызамық, көкжөтел, эпидпаротит жұқпалары бірнеше есеге төмендеді.

–  Балалар мен ересектерге арналған екпелер жайлы ақпарат берсеңіз? 

–  Балаларға жоспарлы түрде туберкулез (БЦЖ), вирустық «А», «В» гепатиттері, b типті гемофильді жұқпа, полиомиелит, көкжөтел, дифтерия, сіреспе (АКДС), пневмококк жұқпасы, қызамық, қызылша, эпидемиялық паротит сияқты жұқпаларға қарсы екпелер жүргізіледі. Сондай-ақ, Қазақстанда 2024 жылдың 3-тоқсанынан бастап 11 жасар қыздарға адам папиломавирусына қарсы екпе салынады.  Әр 10 жыл сайын  ересектерге сіреспе, дифтерияға қарсы (АДС-м) вакцина салынады. Сонымен қатар, эпидемиологиялық көрсеткіш бойынша вирустық «А» гепатиті, тұмау, сібір жарасы, туляремия, іш сүзегі, құтырма, кене энцефалиті, оба, короновирус жұқпасына қарсы егіледі. Барлық екпелер ақысыз түрде жүргізіледі. Иммундау жергілікті медициналық ұйымдарда баланың ата-анасының жазбаша келісімімен, денсаулық жағдайын бағалағаннан кейін жүргізіледі.  Жоспарлы екпенің нәтижесінде 2000 жылдармен салыстырғанда сырқаттанушылық он мыңдаған жағдайға дейін төмендеді. Облыс бойынша  қызылша, көкжөтел жұқпасы тіркелуде.  Профилактикалық екпелерден бас тарту жағдайлары жиілеп кетті. Кейбір ата-аналар балаларының  сырқатына байланысты  жұқпалы ауруларға қарсы вакцинацина жасай  алмайды. Медициналық қарсы көрсетілімдері болуы мүмкін. Егер халықтың 95 егілсе, онда бұл балаларда жұқпаға шалдығу қаупі төмендейді. Себебі,  оны иммунитеті мықты адамдар қоршайды.  Яғни,  ұжымдық иммунитет қалыптасқан. Егер вакцинацияланбағандардың саны рұқсат етілген деңгейден асып кетсе, бұл ортада  инфекцияның өршуі мүмкін.  Мұндай мысалды  қызылша сырқатының белең алуынан көріп отырмыз.  Осындай жағдайлар   2005, 2015, 2019 жылдары қайталағна. Қызылшаның бұрқ ету жағдайлары қосымша иммундаудың нәтижесінде тоқтатылды. Қосымша  иммундаудан сырқаттанушылық тұрақталып келеді. Бұдан басқа облыста 2003 жылы дифтерияның  1 жағдайы, 2014 жылы қызамықтың 2 жағдайы, 2019 жылы  эпидемиялық паротиттің 2 жағдайы,       2017 жылы  сіреспенің 3 жағдайы тіркеліп, сіреспеден 1 өлім жағдайы орын алды.

– Асхат Сәкенұлы, бүгінгі таңда елде көкжөтел жұқпасы белең алғаны белгілі.  Жұқпаның эпидемиологиялық ахуалы қандай? Қызылша жұқпасының эпидемиологиялық ахуалына тоқталсаңыз.

– Облыс бойынша көкжөтел жұқпасынан эпидемиологиялық ахуалы тұрақты. Қорытынды нақтамамен көкжөтел жұқпасының 1 жағдайы тіркелді.  Ол медициналық шектеу алған, яғни 1 жасқа дейінгі егілмеген бала.  Қызылша сырқатынан эпидемиологиялық жағдай бойынша жасыл аймақта. Барлығы өсу қарқынымен алғашқы нақтамамен қызылша жұқпасының 1244 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 879 (70,7%) жағдай расталды. Қызылша жұқпасы көбінесе екпе алмағандар  тіркелуде.  Ол сырқаттанушылықтың 78,6%-ын  құрайды.

– Екпеден бас тартудың негізгі себебі қандай?  Вакцина алған бала сырқаттануы мүмкін бе? 

– Вакцинациядан бас тартудың негізгі себептерінің бірі – вакцинация туралы жеткілікті білімнің болмауы. Вакцинадан бас тарту – инфекцияны жұқтыру ғана емес,  өлім қаупін тудырады. Вакцинацияланған адам да сырқаттануы мүмкін. Бірақ ондай жағдайлар сирек кездеседі.  Егілген адам сырқаттанып қалса, ауру жеңіл өтеді. Инфекциялық ауруды жұқтырған жағдайда, асқынулар мен өлім жітім жағдайларын болдырмауға көмектеседі. Сол үшін облыс тұрғындарынан екпеге көңіл бөлулерін сұраймыз.

Гүлжан Тұрсын
Фото: pacifichosp.com