КОРОНАВИРУС: СЕМЕЙДЕ ЖҮРГЕН ШЕТЕЛ АЗАМАТЫ ШҰҒЫЛ АУРУХАНАҒА ЖЕТКІЗІЛДІ

Уақыты: 13.03.2020
Оқылды: 1238
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Оңтүстік Африка Республикасының азаматы Семейде коронавирус симптомдарымен ауруханаға жеткізілді.

Бұл жайында "Tengrinews.kz" тілшісі хабарлады.

Әлеуметтік желі қолданушылары арасында қазір Семейде түсірілген бейнематериал тарап жатыр. Мұнда қорғаныс костюмін киген дәрігерлердің Семей ауруханасынан арнайы зембілмен адамды алып шығып келе жатқанын көруге болады.

Шығыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы осы жағдайға қатысты пікір білдірді. "Бұл азамат Оңтүстік Африка Республикасында 1949 жылы туған. Сол елдің азаматы. Семейде жұмыс істейді. Дубай мен Нұр-Сұлтан арқылы Шығыс Қазақстан облысына техникалық жиналысқа келген. 12 наурызда сырқаттанып қалды, дене қызуы көтерілген, тұмауы бар. Әрекеттер алгоритмі бойынша Семей қалалық жедел медициналық жәрдем стансысы пациентті қорғаныс костюмімен инфекциялық стационарға жеткізу бойынша іс-шара өткізді. Пациент қазір ауруханада", - деді денсаулық сақтау басқармасының өкілдері.

Қазіргі уақытта пациенттің диагнозы - орташа ауырлықтағы ЖРВИ және бронхит. Жалғаспалы диагнозы - 2 типтегі қант диабеті. Пациенттен COVID-2019 вирусын тексеру үшін сараптама алынған. Дәрігерлер оның коронавирус жұқтырғанын әзірше растамады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"